• Басты
  • Жаңалықтар
  • ҚР Президентінің Арнайы өкілі А. Мусинов БҰҰ ҚК мүшелігіне Қазақстанның кандидатурасын ілгерілету мақсатымен Малайзияға сапар шекті – СІМ

ҚР Президентінің Арнайы өкілі А. Мусинов БҰҰ ҚК мүшелігіне Қазақстанның кандидатурасын ілгерілету мақсатымен Малайзияға сапар шекті – СІМ

13 Мамыр, 2015 09:24
Малайзияның Путраджая әкімшілік орталығында БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне Қазақстан кандидатурасын ілгерілету бойынша ҚР Президентінің Арнайы өкілі –Сыртқы істер министрінің орынбасары Асқар Мусинов Малайзияның Премьер-министрі Наджиб Тун Абдул Разакпен кездесті, деп хабарлады ҚР СІМ.

Кездесу барысында 2014 жылы 22-24 мамырдағы Малайзия Премьер-министрінің Қазақстанға сапарының қорытындылары аясында екіжақты қатынастардың ағымды жағдайы мен болашақ даму мүмкіндіктері талқыланды. Премьер-министр екі ел арасындағы саяси диалогтың даму қарқынын және Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы әлеуметтік-экономикалық табыстарын жоғары бағалап өтті.

Н. Разак Қазақстанның экономикасы дамыған, саяси және әлеуметтік жүйесі тұрақты, егеменді мемлекет болып қалыптасуындағы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың едәуір рөлін ерекше атап, 26 сәуірдегі кезектен тыс Президент сайлауда Мемлекет басшысының жеңісіне тәнті болғанын білдірді.

Кездесу барысында 2017-2018 жж. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне Қазақстанның кандидатурасын қолдау жөніндегі ҚР Президентінің Малайзия Премьер-министріне жолданған хаты табысталды. А. Мусинов БҰҰ ҚК тұрақты емес мүшесі болып сайлану Қазақстанның сыртқы саясатындағы маңызды басымдықтарының бірі болып табылатынын және Қазақстан әлемдік тұрақтылық пен қауіпсіздікке өз үлесін қосуға мүдделі екенін атап өтті. Сонымен бірге, Малайзияның БҰҰ ҚК 2015-2016 жж. тұрақты емес мүшелігінде бастаған әлемдік тәртіпті заңнамаға сай нығайту, БҰҰ бітімгерлік күштерін қолдау және т.б. істерін жалғастыруға ниетті.

А. Мусинов Малайзияның «Азық-түлік кауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымы» жаңа халықаралық құрылымға қосылатынына үміт артып, аталған ұйымның жарғысына  Ислам Ынтымақтастық ұйымының 23 мүше мемлекеті қол қойғанын хабарлады.

Малайзия Премьер-министрі Н. Разак еліміздің халықаралық сахынадағы жетістіктерін және белсеңділігін атап өтіп, Қазақстанның БҰҰ ҚК тұрақты емес мүше болуына ниетін жоғары бағалады.

Сол күні қазақстандық делегация Малайзияның Сыртқы істер министрлігінің басшылығымен келіссөздер өткізді.

Кездесу барысында тараптар екіжақты саяси, экономика және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығының қазіргі ахуалын мен болашақ мүмкіндіктерін талқылап, өңірлік және халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты. Дипломаттар, сонымен қатар, халықаралық ұйымдар шеңберінде екі ел ықпалдастығының болашағын талқылады.

А. Мусинов әріптестерін еліміздің саяси, әлеуметтік, экономикалық дамуы және халықаралық бастамалары туралы хабардар етті. Сонымен бірге, малайзиялық тарап Елбасының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» жолдауының басты баптарымен және алдағы институциялық реформалардың негізгі бағыттарымен таныстырылды.

Қазақстандық дипломат ү.ж. қазан айында Қазақстан-малайзия үкіметаралық сауда-экономикалық комитетінің үшінші отырысының өткізілуінің маңыздылығын айтып, аталған шара барлық сауда-экономикалық және инвестициялық мәселелерді талқылаудың ықпалды тетігі болып табылатынын атап өтті. 

Өз кезегінде малайзиялық тарап Қазақстанның даму қарқынын және халықаралық сахынадағы абыройын жоғары бағалап, екі мемлекет іскер топтарының байланыстарын одан әрі кеңейту кажеттілігін атап өтті.

Барлық жаңалықтар