ҚР СІМ шеңберінде Жаңғырту жөніндегі арнайы жұмыс тобы құрылды

13 Мамыр, 2015 08:52
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Нұр Отан» партиясының XVI съезінде жариялаған бес институционалдық реформаларын және қазақстандық қоғам мен мемлекетті әрі қарай модернизациялауды жүзеге асыру мақсатында ҚР Сыртқы істер министрі Е. Ыдырысовтың тапсырмасымен ҚР Сыртқы істер министрлігінің Жаңғырту жөніндегі арнайы жұмыс тобы құрылды, деп хабарлады ҚР СІМ.

Арнайы жұмыс тобының негізгі мақсаты – мемлекетті модернизациялауға қажетті шетелдік тәжірибені зерттеу. Топтың жұмысын жалпы үйлестіру Министрдің бірінші орынбасары Р. Жошыбаевқа жүктелді.

Елбасы өз сөзінде атап өткендей, қазіргі уақытта әлемдегі ахуал күрделене түсуде. Әлемдік нарықтарында энергия көздері мен металл бағаларының құлдырауы экономикалық тәуекелдерді күрт ұлғайта жіберді. Барлық дерлік мемлекеттер елеулі геосаяси және экономикалық сын-қатерлерді бастан өткеруде. «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты Қазақстанның экономикалық тәуекелдерге қояр тосқауылы болды.

Әлемнің бүкіл елдері алдында тұрған тәуекелдер мен ғаламдық сындардың жоғары деңгейін ескере отырып, ҚР Президенті сыртқы факторлардың мемлекет құрылысына ықпалының теріс сценарийіне жол бермеу, дамудың қол жеткізген қарқынын сақтау, әлемнің 30 дамыған мемлекетіне қарай алға жылжу бойынша нақты тапсырмалар қойды.

Мемлекет басшысы қойған тапсырмаларды жүзеге асыру ҚР Сыртқы істер министрлігі қызметінің басым бағыттарының бірі болып табылады. ҚР СІМ шет елдердегі мекемелеріне тиісті жұмыстарды ілгерілету туралы тапсырмалар берілді.

 

Барлық жаңалықтар