Таиландта Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды

12 Мамыр, 2015 18:19
Бангкокта Қазақстан Елшілігі және Таиланд Сауда министрлігі демеуімен «Қазақстан және Таиланд: жаңа бизнес мүмкіндіктері» атты семинар өтті, деп хабарлады ҚР СІМ.

Форумға ауыл шаруашылық саласы, химия өнеркәсібі, халық тұтынатын тауарлар, көлік логистикасы, машина жасау және тағы басқа салаларындағы жетекші тай компанияларының басшылары қатысты.

Таиландтың сауда министрілігі ТМД елдері бойынша департаментінің басшысы Читвипа Сакпитаксакул өзінің сөзінде «Таиланд Корольдігі мен Қазақстан Республикасы ынтымақтастықтың жоғары әлеуетіне ие, біздің компаниялар оның экономикалық қатынасты әрі қарай дамыту мен нығайту үшін барлық мүмкіншіліктерін қолданулары қажет. Саяси тұрақтылық пен Қазақстан үкіметінің бизнес климатын жақсарту бойынша қолданып отырған шаралары тай кәсіпкерлерінің қызығушылығын тудыруда», - деп атап өтті.

Қазақстанның бизнес және инвестициялық әлеуетін таныстыру рәсімін ҚР Таиландтағы Елшілігі ұсынды. Тай тыңдаушылары Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық саласындағы жетістіктері мен еліміздің сауда-инвестициялық әлеуетімен таныстырылды. ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынған бес институционалдық реформаларына және Елбасының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына жолдауы шеңберіндегі ҚР-дың дамуы болашағына айрықша көңіл бөлінді.

«Нұрлы жол» экономикалық саясаты мен Қазақстанның 30 дамыған елдер қатарына ену бойынша стратегиясын іске асыру аясында ауыл шаруашылық, азық-түлік, «жасыл энергетика», көлік, логистика және туризм салаларындағы қазақстандық-тай ынтымақтастығы дамуының үлкен болашағы атап өтілді. Қазақстандық дипломаттар тай кәсіпкерлерін бизнестерінің географиясын кеңейту мен Қазақстандағы жаңа бірлескен бизнес жобаларды іске асыруға шақырды.

Семинар қорытындысы бойынша 2015 жылғы 14-19 маусым аралығында Алматыда екі ел кәсіпкерлерінің қатысуымен «Таиландтың Қазақстандағы аптасын» өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Қазақстанда өтетін алдағы іс-шараның мақсаты – өзара сауданы арттыруға мүдделі екі елдің бизнес-қауымдастық өкілдерінің нақты диалогын жалғастыру, агроөнеркәсіп кешені, халық тұтынатын тауарлар, көлік логистикасы салаларындағы бизнес жүргізу бойынша тәжірибелік мәселелерді кәсіби талқылауды өткізу, сонымен қатар экономиканың басым секторларына бірлескен инвестицияларды тарту болып табылады.

Барлық жаңалықтар