• Басты
  • Жоғарғы сотта сот төрағалығына кандидаттарды іріктеу талаптары дайындалды

Жоғарғы сотта сот төрағалығына кандидаттарды іріктеу талаптары дайындалды

12 Мамыр, 2015 15:38
Жоғарғы сотта сот төрағалығына кандидаттарды іріктеу талаптары дайындалды, деп хабарлады ҚР Жоғарғы Соты Қылмыстық істер жөніндегі қадағалаушы сот алқасының төрағасы Абай Рахметулин.

«Елбасының «Нұр Отан» партиясының 16 съезінде жариялаған  5 институционалды реформасының бірі заң басымдылығын қамтамасыз ету болып табылады. Аталмыш міндетті жүзеге асыру мақсатында ҚР Жоғарғы соты сапалы кадрлармен қамтамасыз ету мақсатындағы жобаны жүзеге асыруды бастады», -  деді  А. Рахметулин.

Оның айтуынша, қазіргі таңда елімізде 2606 судья қызмет атқарады. Өткен жылы Президенттің тапсырмасына сәйкес сот корпусы 450 судьяға артты. «Судьялар біліктілік емтиханының қорытындысы бойынша немесе Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына қарасты Сот төрелігі институтындағы оқудың қорытындысы бойынша іріктеуден өтеді. Үміткерлердің кандидатурасын құрамына жергілікті жұртшылық, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері кіретін өңірлердегі  Қоғамдық кеңес жариялы түрде талқылайды. Кейіннен олардың кандидатуралары Жоғарғы Сот Кеңесінде қарастырылады. 

Заман талабына сәйкес, сот корпусына қойылатын талап та тұрақты түрде артуда. Қазіргі таңда еліміз қарқынды дамуда, қоғамдық қатынастардың, әлеуметтік-экономикалық процестердің ауқымы кеңеюде», - деп толықтырды Төраға. 

Сонымен, Рахметулиннің айтуынша, барлық судьяларды міндетті түрде Сот төрелігі институтының магистратурасында даярлықтан өтуі тиіс. «Осы ретте, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының аталған оқу орнының Жоғарғы Сотқа бағынысты болуы туралы ұсынымы қолдауға лайық деп есептелуде. Мұндай  тәжірибе Францияда сәтті іске асырылуда», - деді Төраға. 

«Судьялық лауазымға ұсынылған тұлғалар үшін бір жылдық сынақ мерзімін енгізу көзделуде.Судьялар қызметін кезеңдік кәсіби бағалау жүйесін енгізу мәселесі түбегейлі шара ретінде қарастырылатын болады. Судьялық өтілі 15 жылдан асатын судьяларды санамағанда, судьялардың біліктілігін 5 жылда бір рет, сондай-ақ жоғары тұрған соттағы судья лауазымына, сот немесе сот алқасының төрағасы қызметіне жарияланған конкурсқа қатысқан судьялардың кәсіби деңгейін бағалау жүргізу функциясын Сот Жюриіне беру қарастырылуда», - деп толықтырды Төраға.
Индира Кауметова

Барлық жаңалықтар