• Басты
  • Жаңалықтар
  • «А» корпусының мемлекеттік қызметкерлері жобаларды басқарудың негізгі элементтерін меңгеруде (ФОТО)

«А» корпусының мемлекеттік қызметкерлері жобаларды басқарудың негізгі элементтерін меңгеруде (ФОТО)

12 Мамыр, 2015 17:41
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында «Мемлекеттік басқару жоба менеджменті» тақырыбындағы үш күндік семинар басталды, деп хабарлады Мемлекеттік басқару академиясының баспасөз қызметі.

Аталмыш семинарға «А» корпусының, орталық және жергілікті басқару органдарының қызметкерлері қатысуда.

«Жобаларды басқару мәселесі негізінде дамыған елдердің мемлекеттік басқару жүйесінде жақсы пайдаланылады. Ал бізде мемлекеттік бағдарламалар мен мемлекеттік жобаларды жүзеге асырған кезде кейбір элементтері ғана қолданылады. Ал оны жүйелі түрде қолдану мәселесін ҚР Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясы былтырдан бері көтеріп жүр. Бүгінге дейін бірнеше семинар өткіздік. Семинарлардың мақсаты жобалар басқару, халықаралық терминде Project Management, принциптерін мемлекеттік басқару, соның ішінде мемлекеттік бағдарламаларды басқаруға енгізу, мемлекеттік қызметкерлерді жобаларды басқару принциптеріне үйрету болып табылады», - деді ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Болатбек Әбдірәсілов семинардың ашылуы барысында.

«Семинарды Ұлыбританиядан келген жетекші халықаралық сарапшы Пол Энтони Брэдли жүргізеді. Ол SPOCE Project Management Ltd бас директоры болып табылады және PRINCE жүйесі бойынша жоба менеджментін енгізу саласында 20 жылдан аса жұмыс тәжірибесі бар», - делінген хабарламада.

Семинар жұмысы барысында жобаларды енгізу кезінде маңызды шешімдер қабылдау сәттері, PRINCE2 құрылымы, атап айтқанда жобалық комиссияға тағайындау кезіндегі басты элементтер қарастырылады. Қатысушылар жоба менеджменті бойынша деңгейлер жүйесінің дизайнын критерийлермен бірге талқылайтын болады.

Барлық жаңалықтар