• Басты
  • Біз Отан қорғаушылардың ерлік істерін ешқашанда ұмыптаймыз – А.Есімов
11 Мамыр, 2015 13:07

Біз Отан қорғаушылардың ерлік істерін ешқашанда ұмыптаймыз – А.Есімов

Алматыда Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы атап өтілді, деп хабарлайды қалалық әкімдік.
Біз Отан қорғаушылардың ерлік істерін ешқашанда ұмыптаймыз – А.Есімов

28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақта өткен Мәңгілік алауға гүл дестелерін қою шарасына Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов, ҰОС және еңбек ардагерлері, қалалық ардагерлер кеңесінің, этномәдени бірлестік өкілдері мен алматылықтар, сондай-ақ қала қонақтары қатысты.    

Алматылықтарды Жеңіс күнімен құттықтаған қала әкімі 9-мамырдың қазақ халқы үшін де ерекше еске аларлық күн екендігін атап өтті.  

«Бүгін біз шын мәніндегі атаулы күнді атап өтіп отырмыз. Біз жер бетіндегі бейбітшілік пен тыныштық үшін жан аямай күрескен Отан қорғаушылардың ерлік істері мен жанкешті әрекеттерін ешқашанда ұмытпаймыз. Қазақстаннан соғыс кезінде әскерге әрбір төртінші азамат шақырылған. Олардың тең жартысы сол кеткеннен қайтып оралмады»,-деді Ахметжан Есімов.   

Ардагерлерге қарата айтқан сөзінде қала басшысы олардың соғыс біткеннен кейінгі, қиын-қыстау күндерде де ел болашағы жолындағы атқарған игі істер үшін алғысын білдірді.  

«Сіздер өздеріңіздің туған елдеріңізді қалпына келтіру үшін қолдан келгеннің барлығын жасадыңыздар, кейінірек, өскелең ұрпаққа лайықты тәрбие бере отырып, тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы үшін де бар күш-жігерлеріңізді аяған жоқсыздар. Біздің бүгінгі басты мақсатамыз  еліміздегі әрбір ардагердің қоғамның назары мен қамқорлығын сезінуіне ықпал ету»,-деді Ахметжан Есімов.   

Әкімдіктің мәліметтерінше, бүгін Алматыда 817 соғыс ардагері мен соғыстан мүгедек болып оралған жандар бар, сондай-ақ тағы 22 мың тыл еңбеккері мен 1 мың 370 соғыстан қайтып оралмаған азаматтар мен олардың жесірлері бар. Бұған қоса тағы 88 блокада қатысушысы мен 57 концлагерь тұтқыны бар.   

Биылғы жылы ҰОС ардагерлеріне мерейлі датаға орай республикалық бюджеттен 25 мыңнан 100 теңгеге дейінгі аралықта, жергілікті бюджеттен 30 мыңнан 150 мың теңгеге дейінгі аралықта   бірмезгілдік жәрдемақы берілді. ҰОС ардагерлері толықтай баспанамен қамтылған. Бұдан бөлек Мемлекет басшысының Жарлығымен Алматы қаласының 23 мың 855 ҰОС ардагері, тыл еңбекері, блокада қатысушысына және өзгелерге «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 70 жыл» мерекелік медальдары табыс етілді.  

 

Барлық жаңалықтар