ЮНЕСКО-ның Бас директоры Н.Назарбаевты сайлаудағы жеңісімен құттықтады

8 Мамыр, 2015 20:59
ЮНЕСКО-ның Бас директоры Ирина Бокова Н.Назарбаевты Қазақстанның Президенті болып сайлануымен құттықтады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

И.Бокова Қазақстанның Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен жеткен маңызды жетістіктеріне, әсіресе әлеуметтік және экономикалық дамудағы табыстарына назар аударды.

«Сіздің ел мен ЮНЕСКО арасындағы ынтымақтастықтың кеңеюі, сондай-ақ Қазақстанның білім, ғылым және мәдениет салаларының соңғы 20 жылдағы дамуы тәнті етеді», – делінген жеделхатта.

ЮНЕСКО бас директоры сондай-ақ біздің елдің БҰҰ Бас Ассамблеясының халықаралық мәдениеттерді жақындастыру жылын (2013-2022) жариялауға байланысты маңызды бастамасын атап өтті.

И.Бокова Қазақстан мен ЮНЕСКО арасындағы тығыз ынтымақтастықтың жалғасатынына сенім білдірді, сондай-ақ ортақ міндеттер мен мақсаттарды орындау үшін бар күш-жігерін жұмсайтынын айтты. 

Бұған қоса, Мемлекет басшысын сайлаудағы жеңісімен құттықтаған Куба Республикасы Мемлекеттік кеңесінің және Министрлер кеңесінің төрағасы Рауль Кастро екі ел арасындағы қарым-қатынасты одан әрі дамытуға ниетті екенін білдірді. 


Мальдив Республикасының Президенті Абдулла Ямин де Үкіметтің, Мальдив халқының және жеке өзінің атынан  Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстан Президенті болып қайта сайлануына байланысты шынайы құттықтауын жолдады.

«Сайлаудағы жеңіс Сіздің Үкіметтің міндеттерді табысты орындауының дәлелі, сондай-ақ Қазақстан халқының Сіздің басшылығыңызға сенімінің айғағы болып табылады. Елдеріміздің арасындағы қарым-қатынастар таяу жылдары бұдан әрі нығая түседі деп үміттенемін», – делінген жеделхатта. 

Мальдив Республикасының Президенті Мемлекет басшысына мықты денсаулық, бақуаттылық және маңызды міндеттерді орындауда батылдық, ал достас Қазақстан халқына өркендеу мен ілгерілеу жолында жаңа биіктерге жетуді тіледі. 

 

 

 

Барлық жаңалықтар