ҚР ДСӘДМ Қарағанды облысынан келген ардагерлерге қошемет көрсетілді

7 Мамыр, 2015 13:47
ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова мерекелік іс-шараларға қатысу үшін Қарағандыдан Астанаға келген 19 ардагерді Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығымен құттықтады, деп ведомстводан хабарлады.

Министр ардагерлерге ел басына күн туған қиын-қыстау жылдары көрсеткен ерліктері мен шыдамдылықтары үшін алғысын білдірді.

«Сіздердің қан майданда көрсеткен ерліктеріңіз бен тылда аянбай еткен еңбектеріңіздің арқасында Жеңіске жеттік. Соғыстан кейінгі жылдары да елімізді қалпына келтіруге және дамытуға зор үлес қостыңыздар. Жастардың тәрбиесіне көңіл бөліп, оларға еңбектегі және өмірдегі мол тәжірибелеріңізді бердіңіздер»,-деді Тамара Дүйсенова Ұлы Отан соғысы ардагерлерін құттықтау салтанатында.

Кездесу қорытындысында Министр ардагерлерге мықты денсаулық және ұзақ ғұмыр тілеп, естелік сыйлықтарын табыс етті.

Бұған дейін де хабарланғандай, «Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына және Отан қорғаушы күніне арналған Астана қаласындағы іс-шараларға 260 соғыс ардагері және 70 ілесіп жүруші адам, ал Мәскеудегі Қызыл алаңда өтетін әскери шеруге – 6 соғыс ардагері және оларға ілесіп жүретін 6 адам барады. «Қазақстан Республикасының ардагерлер ұйымы» АҚ Орталық кеңесінің ұсынысы бойынша Қазақстаннан баратын делегация құрамында Астана, Алматы қалаларынан, Алматы, Қарағанды, Павлодар және Оңтүстік Қазақстан облыстарынан ардагерлер болады.

ҰОС Жеңістің 70 жылдығына арналған Астана және Мәскеу қалаларындағы мерекелік шерулерге қатысу үшін ҰОС қатысушылары мен мүгедектерінің, сондай-ақ оларға еріп жүретін адамдардың жол жүру, тұру және тамақтану шығынын өтеу үшін республикалық бюджеттен 61 млн теңге қарастырылған.

Барлық жаңалықтар