• Главная
  • Қазақ елі өзінің жауынгерлік рухын, қазақ деген батыр халық бар екенін Ұлы Отан соғысында танытты – ардагер (Фото)
6 мая, 2015 18:28

Қазақ елі өзінің жауынгерлік рухын, қазақ деген батыр халық бар екенін Ұлы Отан соғысында танытты – ардагер (Фото)

Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына орай 100 ардагерді салтанатты жағдайда қабылдады, деп хабарлады облыс әкімдігі.
Қазақ елі өзінің жауынгерлік рухын, қазақ деген батыр халық бар екенін Ұлы Отан соғысында танытты – ардагер (Фото)

Олардың қатарында ҰОС ардагерлері, ҰОС қатысушыларына теңестірілгендер, соғыста қаза болғандардың жесірлері, концлагерьлерде болғандар мен тыл еңбеккерлері бар. Солардың ішінде Кеңес Одағының батыры Иван Косенков та болды.

«Құрметті  ардагерлер! Сіздерді алда келе жатқан Ұлы Жеңістің  70 жылдық мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Айтулы мереке қарсаңында сіздерге зор денсаулық, көтеріңкі көңіл-күй, ұзақ ғұмыр тілеймін! Сіздердің жастық шақтарыңыз соғыста өтті, соғыстан кейін шаруашылықты қалпына келтіріп, елдің еңсесін қайта көтердіңіздер. Сіздер барлық  ауыртпалықты  абыроймен жеңе білдіңіздер. Біз сіздерге мәңгілік қарыздармыз, - деді өз сөзінде.

Кездесу барысында ардагерлердің барлығына 70 мың теңгеден ақшалай сыйлық берілді. Сонымен қатар облыс басшысы 14 ардагерге Президент Жарлығымен берілген мемлекеттік наградаларды тапсырды.

«Жеңіс бізге оңайлықпен келген жоқ. Совет халқы Отан үшін, ел үшін, ұрпақ үшін деп бір кісідей жұмылып жауға қарсы шықты. Сол бірлігіміздің нәтижесінде біз Жеңіске жеттік. Қазақ елі өзінің жауынгерлік рухын, қазақ деген батыр халық бар екенін Ұлы Отан соғысында танытты. Бейбіт заманда қазақтың қазақ екенін күллі әлемге паш еткен Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев болды. Мемлекет басшысы өзінің ақыл-ой кемелдігімен, еңбегімен, жігерімен елімізді алдыңғы қатарлы мемлекет ретінде қалыптастырды, - дей келе соғыс ардагері Бекмұхамет Шермұхаметов Елбасы саясатын қолдаушы Жетісу халқына амандық, береке-бірлік тіледі. 

 «Біз, ардагерлер, әр қилы заманда өмірге келдік. Аштық, соғыс сияқты сан түрлі нәубеттерді басымыздан өткеріп, соғыстан кейінгі қираған шаруашылықты қалпына келтіруге атсалыстық», - деп Филипп Павлович Адинбеков өткен кезеңдерді еске ала отырып, өзінің Қазақстандай тату да берекелі елді өмір сүріп жатқанын, осы жерде ұрпақ өрбітіп, бақытты ғұмыр кешіріп отырғанын мақтанышпен жеткізді.

Осындай құттықтау тілектерін Бәтима Сақауова және Совет Оразаев та білдірді.

Кездесуге қатысушылар естелік суретке түсіп, ардагерлерге «Жетісу» мейрамханасында мерекелік түскі ас берілді.

Атап өтер болсақ, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Ұлы Отан соғысындағы ерлігі, мемлекетке сіңірген еңбегі мен өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие берудегі айрықша үлесі үшін 24 ардагеріміз мемлекеттік наградаларымен марапатталды.

Олардың 2-і ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен, 10 ардагер «Құрмет» орденімен,  8 ардагер «Ерен еңбегі үшін» медалімен және 4-еуі Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен марапатталған болатын.

Жалпы қазіргі кезде облысымызда 343 соғыс ардагері, 20 мыңнан астам тыл еңбеккерлері бар. Жеңістің 70 жылдығына орай облыстық бюджеттен барлық ардагерлерге 150 мың теңгеден біржолғы әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің денсаулығын түзеуге 145 млн. теңге бөлінді. Ардагерлер қажеттілігіне қарай түрлі  құралдармен бірінші кезекте қамтылуда. Бұл мақсаттарға 300 млн. теңге қаржы қарастырылған.

Баспана кезегінде тұрған 73 соғыс ардагеріне пәтер берілді.