Астана әкімі ардагерлерді мемлекеттік наградалармен марапаттады (Фото)

6 Мамыр, 2015 17:42
Елорда әкімдігінде Жеңістің 70 жылдығына орай Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен марапаттау рәсімі өтті, деп қала әкімдігі хабарлады.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков мемлекет алдындағы ерен еңбегі, белсенді қоғамдық қызметі үшін және Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығының құрметіне соғыс ардагері Шағила Құсайыноваға «Парасат» орденін, соғыс ардагерлері Тезекпай Әбдірахмановқа, Қадан Бекеновке, Владимир Кальсинге, Мария Полторацкаяға, «Ардагерлер ұйымы» РҚБ Астана қаласындағы бөлімшесінің төрағасы Амангелді Сыздықовқа «Құрмет» орденін тапсырды. Соғыс ардагерлері Баймұхан Әбілов, Бақтыбай Алмабеков, Александр Морунов Шәріп Рахымжаров, еңбек ардагері Қали Мұқатаев, «Ардагерлер ұйымы» РҚБ Астана қаласындағы бөлімшесі төрағасының орынбасары Есболат Дүйсенов «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен марапатталды.

«Сіздерді келе жатқан атаулы мерейтой - Ұлы Жеңістің 70 жылдығымен құттықтаймын. Жеңіс күні – біз ерекше толқыныспен қарсы алатын мерекелердің бірі. Бұл мереке бізді біріктіріп ғана қоймай, сіздерге – жеңімпаз буынға еліктеуге шақырады», - деді әкім.

Сонымен қатар, соғыс ардагерлері Сихымбай Мамыров пен Жанияз Шалболовқа Қазақстан Республикасының құрмет грамоталары табысталды.

«Сіздердің өмірлеріңіз – ерен ерлікке, қаһармандылыққа және табандылыққа толы. Соғыстың ауыр зардабын арқалап өттіңіздер. Соғыс жылдарынан кейін мемлекетті жандандыруға қатыстыңыздар. Сіздердің ерліктеріңіз біз үшін ұлы үлгі болып қалады. Сіздерге денсаулық пен бар жақсылықты, отбасыларыңызға бақыт тілеймін!» - деді Әділбек Жақсыбеков.

Барлық жаңалықтар