Алматы облысында Қазақ хандығының 550 жылдығына орай 37 киіз үй тігілді

4 Мамыр, 2015 18:42
Қазақстан кәсіпкерлер қауымдастығы «Қазка», Алматы бизнес қауымдастығы және «Тамшы» ғылым мен мәдениет қоры бірлесіп Іс-шара Алматы облысы, Қарасай ауданының Батан ауылында «Наурыз-2015» шарасын өткізді.

Хабарланғандай, жобаның негізгі мақсаты халқымыздың дәстүрлері мен құндылықтарын қайта жандандырып, барша Қазақстандықтардың ынтымағы мен бірлігін арттыру. Сонымен қатар бұл мейрам кәсіпкерлер арасындағы іскерлік қарым-қатынастарды бейресми, еркін түрде дамытуға  бағытталған болатын.

Ұйымдастырушылар хабарлағандай, іс-шара барысында Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ұлы Жеңістің70 жылдығы және сәуір айында өткен Президент сайлауының жетістіктері де концерттік және жалпы бағдарламада қамтылды.

Өткен жылы осы сипаттағы алғашқы жоба өткізілген болатын. 2014 жылы өткізілген шарада 28 киіз үйден тұратын этникалық сипаттағы ауыл тігілді. Бұл жылы киіз үйлердің саны 37-ге жетті. Шарада басым бөлігі кәсіпкерлерден құралған 3000-нан астам қатысушылар мен қонақтар қамтылды.

Қожанасыр мен Тазша бала сынды персонаждар сомдалған театрландырылған көріністер көрерменнің көңілінен шығып жатса, аударыспақ пен арқан тартыс сынды ұлттық ойындар қатысушылардың қызығушылығын арттырды. Дүйім жұрт бірін-бірі қонақ қылып сыйласып, тігілген ауыл іші бірлік пен ынтымақ толы қалыпқа енді. Осылайша кәсіпкерлер қауымы Қазақстан халқының бірлігі мен ынтымағы жолында өздерінің белсенді орнын айшықтады.

Сонымен қатар, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «2015 жыл – ұлттық тарихымызды ұлықтау және бүгінгі биіктерімізді бағалау тұрғысынан мерейлі белестер жылы.

Қазақ хандығының 550 жылдығын, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Конституциямыздың 20 жылдығын, Ұлы Жеңістің 70 жылдығын атап өтеміз» деп атап көрсеткен болатын.

Барлық жаңалықтар