• Басты
  • Жаңалықтар
  • Е. Қазыханов Чернобыльдік «Укрытие» қорына қаражат жинау жөніндегі донорлық конференцияға қатысты

Е. Қазыханов Чернобыльдік «Укрытие» қорына қаражат жинау жөніндегі донорлық конференцияға қатысты

4 Мамыр, 2015 10:37
Қазақстан Елшісі Ержан Қазыханов Чернобыльдік «Укрытие» қорына қаражат жинау жөніндегі донорлық конференцияға қатысты, деп хабарлады ҚР СІМ.

Іс-шараның мақсаты – Чернобыль атом реакторы үстінде орнатылатын жаңа қорғау күмбезі құрылысын аяқтауға қажетті қаражат жинау болды (құны – 100 млн. еуро).

Конференция жұмысына ЕҚДБ президенті С. Чакрабарти, ГФР қоршаған ортаны қорғау, құрылыс және ядролық қауіпсіздік Федералды министрлігінің Мемлекеттк хатшысы Й. Фласбарт, Чернобыльдік «Укрытие» қорының төрағасы Х. Бликс, Украинаның экология министрі И. Шевченко және шетелдік мемлекеттердің өкілдері қатысты.

Конференцияға қатысушылардың алдында сөз сөйлеген Е. Қазыханов Қазақстанның жаһандық ядролық қарусыздану процесіне орасан зор үлес қосып жатқандығын атап өтті. Біздің мемлекет алғашқылардың бірі болып жаппай қырып-жою қаруынан бас тартты. Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Семей ядролық полигонын жабу туралы шешімі осы бағыттағы аса маңызды қадам болды.

Қазақстан Украинаға Чернобыль апатының салдарын жою бойынша белсенді көмек көрсетуде. 2011 жылы біздің мемлекет АЭС-тің 4-ші блогының айналасында қорғау конструкцияларын салуға 2 млн. еуро бөлген болатын.

Елші Қазақстанның Чернобыльдік «Укрытие» қорына қаржылық көмек ретінде 1 млн. еуро қосымша қаражат бөлгені жөнінде хабардар етті.

Чернобыльдік «Укрытие» қоры 1997 жылы АЭС-тің қираған энергетикалық блогының үстінен күмбез орнату үшін Украинаға көмек көрсету мақсатында құрылған болатын.

 

Барлық жаңалықтар