• Басты
  • ҚР-да «Қазақстандықтар – Ұлы жеңіс қаһармандары» атты бейнеэнциклопедия көрсетіледі

ҚР-да «Қазақстандықтар – Ұлы жеңіс қаһармандары» атты бейнеэнциклопедия көрсетіледі

4 Мамыр, 2015 09:31
Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай «Нұр Отан» партиясы «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында Еуразиялық топпен (ERG) бірге «Астана» арнасында алдағы аптадан бастап қазақстандық қаһармандар туралы бейнеэнциклопедия көрсетеді, деп хабарлады «Нұр Отан» партиясының баспасөз қызметі.

Бейнеэнциклопедияның мақсаты – қазақстандық батырлардың Екінші Дүниежүзілік соғыс жылдарындағы ерліктерін паш ету.

Айта кетейік, өткен ғасырдың ең алапат қасап қырғынына Қазақстаннан 1 миллион 200 мың адам қатысты. Яғни, еліміздің әрбір төртінші тұрғыны майданға немесе еңбек әскеріне шақырылды. Соғыс даласынан әрбір екінші отандасымыз қайтпай қалды. Оның ішінде, 530 қазақстандық Кеңес Одағының батыры атанса, 9-ы «Халық Қаһарманы» марапатына ие болды.

Бұл жоба қазақ және орыс тілдеріндегі 140 қысқаметражды деректі фильмдер топтамасынан құралған және әрқайсысының ұзақтығы 7-8 минутты құрайды.

Ал, бірегейлігіне келсек, мұнда тұңғыш рет барша қазақстандық батырлардың ғұмырнамалық тарихы жинақталған. Сонымен қатар, роликтерде соғыс кейіпкерлерінің майданға дейінгі және кейінгі тіршілігі де көрсетіледі. 

Оны іске асыру үшін сценаристер мен режисерлердің кәсіби топтары тартылып, тарихшы кеңесшілердің пікірлері ескерілді. Тағы бір қызықты тұс, онда қазақ ән орындаушыларының соғыс жылдарындағы музыкалық туындылары пайдаланылған. Эпизодтарда мұрағаттық кадрлармен қатар 2D және 3D графикалы визуалдық эффектілер қолданылды.

Серияларды түсурі барысында «Нұр Отан» партиясы жинаған мәліметтер – құжаттар, қаһармандар хаттары, марапат қағаздары, кинохроникалар кадрлары мен мұрағаттық суреттер, энциклопедиялар, тарихи әдебиеттер, мерзімді баспасөз материалдары және басқа да дерек көздері пайдаланылды.

Бейнероликтерді әзірлеуде қазақстандық Кеңес Одағы батырларының жеке істері мен өмірлік жолдары қайта сараланып, жетекші тарихшылар тарапынан шынайылық тұрғысынан салмақталды.

Бұдан бөлек, қаһарман қазақстандықтар туралы жан-жақты ақпарат Kaharman.kz веб-ресурсына орналастырылды. Сайтта бірегей архивтік құжаттар, майдан хикаялары, музыкалық композициялар және т.б. көрініс тапты.

Еске сала кетейік, партия тарапынан ұрпақтардың үнқатысуы мен сабақтастығын қамтамасыз ету, қоғамда ауызбіршілікті, патриотизмді, салт-дәстүрлер мен қарттарға құрметті нығайту мақсатында «Ардагерлерді» ардақтайық жобасы іске асырылуда. Жоба аясында 5,4 мың ардагердің өмір сүру жағдайы зерттеліп, зерделеніп, нәтижесінде, олардың 10 мың түйткілі партия назарына алынды. Бұл қатарда, тұрғын-үй мәселелері, медициналық-әлеуметтік қызмет, еріктілер көмегі, бос уақытын тиімді өткізу мәселелері бар. Іс қорытындысы бойынша әрбір ардагердің қажеттіліктеріне арналған дербес әлеуметтік картасы жасалып, күнделікті тұрмыста қиыншылықтары бар 658 қартқа партиялықтар қатарынан қамқорлық жасап отыру үшін арнайы еріктілер тобы бекітілді. 

Барлық жаңалықтар