• Басты
  • Қызылордада 1 мамыр күні тойлануда (Фото)

Қызылордада 1 мамыр күні тойлануда (Фото)

1 Мамыр, 2015 14:33
Бүгін Қызылордада «Бірлігі жарасқан Қазақстан!» атты 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесіне арналған шара өтті, деп хабарлады облыс әкімдігі.

Береке мен бірліктің туы желбіреп, еңбек пен достықтың күйін шертетін ғажайып мезгілді Сыр жұртшылығы асыға күтеді. «Бірлік пен татулық мекені – Қазақстан. Тілегі бірдің жүрегі бір. Бірлігі жарасқан Қазақстан!»  - деп ұрандаған қызылордалықтар таңмен мерекені атап өтуді бастап кетті.   

Барлық мекемелердің қатысуымен шеру ұйымдастырылды. Еңбек адамдарынан бастап, елдің дамуына өзіндік үлес қосып жүрген барлық азаматтар бірліктің туын желбіретіп шеруге қатысты.

Мұнан соң татулығы тұғырлы, бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі Сыр елінің халқын облыс әкімі Қ.Көшербаев құттықтады.

«Біз бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ жолына жұмылған қуатты елміз. Қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық – біздің ең жоғары байлығымыз. Бұл жетістікті бағалау, оны сақтау жолында аянбай еңбек ету – әрбір Қазақстан азаматының міндеті. Туған жердің төсінде, бейбіт елдің ішінде ел бірлігін сақтауға атсалысайық! Бейбіт өмірдің берекесі, халқымыздың ынтымақ, бірлігі арта берсін», - деді аймақ басшысы.

Елімізді мекен ететін түрлі ұлттар мен ұлыстар  тегі басқа болғанмен теңдігі бір, қаны бөлек болғанмен жаны бір, арманы ортақ біртұтас халыққа айналды. Ұлттар тұтастығы мен халықтар достығының арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері басып келеді. Сыр елінде 70-ке жуық өзге ұлт пен ұлыстың өкілдері тұрады. 11 этномәдени орталық бар. Барлығы мереке күні концерттік бағдарлама дайындап, бірліктің бекемдігін көрсетті.

Облыстың барлық қала, аудан, ауылдарында мереке жоғары деңгейде аталып өтіліп, түрлі спорт сайыстары, флешмоб ұйымдастырылды.

Барлық жаңалықтар