Қазақстанның бас мүфтиі мұсылмандарды Құрбан айт мерекесімен құттықтады

9 Қазан, 2013 18:09
Бүгін, 9 қазан күні Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан Қажы Малғажыұлы ҚР мұсылман қауымын Құрбан айт мерекесімен құттықтады, деп Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының ресми сайтында жарияланды.

«Тәуелсіз еліміздің тұңғыш Президенті, асыл дініміздің жанашыры Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Құрбан айт мейрамын Қазақстан жұртшылығы үшін демалыс күні деп жариялады. Бұл – ұлық мерекені халықтық деңгейде атап өтуге, көпұлтты Отанымызды мекен еткен халықтар достығы мен бірлігін нығайта түсуге септігін тигізіп келеді. Ең бастысы, біз мұны дәстүрлі дініміз Исламға көрсетілген құрмет деп білеміз», - деді Бас мүфти.

Ержан қажы Малғажыұлы Құрбан айт мерекесінің Ислам дінінде алатын орны ерекше екендігін атап өтті. Мұсылмандар бұл күні мешіттерде айт-намазын оқып, құлшылық етіп, құрбандық шалады.  

«Құрбан айтты атап өтудің мәні мен мағынасы зор. Алланы бір, пайғамбарды хақ деп білген мұсылмандар мешіттерімізде айт намазын оқып, дұға жасап, бір-бірін мерекемен құттықтап, мәре-сәре болғаннан кейін құрбандық шалады. Құрбандық еті ағайын-туыс, көрші-қолаң, тұрмысы төмен отбасыларына, жетім мен жесірлерге, мүгедектерге таратылады. Осылайша адамда мейірім, қамқор, кешірім, қайыр-шапағат, сабыр сынды көркем мінез қалыптасады», - деп  Ержан қажы атап өтті.

 

Барлық жаңалықтар