• Басты
  • Жаңалықтар
  • Қазақстанның тасқын жаулаған өңірлерінде алдын алу шаралары және құтқару жұмыстары жалғасуда – ҚР ІІМ ТЖК (ФОТО)

Қазақстанның тасқын жаулаған өңірлерінде алдын алу шаралары және құтқару жұмыстары жалғасуда – ҚР ІІМ ТЖК (ФОТО)

19 Сәуір, 2015 15:02
Еліміздің тасқын жаулаған өңірлерінде алдын алу шаралары және құтқару жұмыстары тәулік бойы жүргізіліп жатыр, деп хабарлады Төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Алексей Советов ҚР ІІМ ТЖК-дағы брифинг барысында.

«Қазіргі уақытта су басқан аумақтардан қардың еріген суын сорып алу және арнасын бұру бойынша жүргізілген жұмыстың арқасында су астында қалған 2417 үйдің 1831-інен су шығарылды. Соңғы тәулік ішінде ғана 575 үй қардың еріген суынан арылды. Сонымен қатар, 586 үй су астында қалып тұр, соның ішінде Ақмола облысында 44 үй, Қарағанды облысында – 541 (соның ішінде 267-сі Ғ.Мұстафин атындағы кентте), 1 үй – Петропавл қаласы маңында», - деді ол.

Оның айтуынша, Ақмола облысында Нұра өзені суы деңгейінің көтерілуіне байланысты соңғы тәулік ішінде Целиноград ауданының 4 елді мекенінде 39 үйге су жайылды. Барлығы Целиноград ауданының 8 елді мекенінен 595 адам эвакуацияланып, 3 адам құтқарылды. Қосшы және Нұра өзені бөгендерін нығайту бойынша жұмыстар барлық жерде жүргізілуде, елді мекендерде суды сорып алу, үйлер мен жолдардың айналасына топырақ үю бойынша жұмыстар жалғастырылып жатыр.

Қарағанды облысында суды сорып алу және арнасын бұру, қоршау қалқандарын салу, патрульдеу, су деңгейін байқау жұмыстары, өзен жағалауын нығайту, халыққа қажетті көмек көрсету жұмыстары үздіксіз жүргізілуде.

Шығыс Қазақстан облысы Бесқарағай ауданының Кривинка ауылынан эвакуацияланған адамдар өз үйлеріне оралды. Су мұнарасы іске қосылды. Жергілікті жерде тіршілікті қамтамасыз ету қызметтері жұмылдырылды. Электр көзі және телефон байланысы толық қалпына келтірілді. Аула аралау нәтижелері бойынша 7 аула маңындағы учаскеде судың кетпегені анықталды, суды бұру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Залалды есептеу комиссиясы жұмыс жүргізіп жатыр.

Солтүстік Қазақстан облысында еріген қар суынан Петропавл қаласында 1 тұрғын үйге су жайылды. Онда суды сору жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Республикамыздың алты облысында тасқын салдарынан бұзылған автомобиль жолдарының 140 учаскесінің 63 учаскесі қалпына келтірілді. 7 көпір бұзылды. Жергілікті жерлерде жолдарды нығайту, ескерту белгілерін орнату, қосалқы жол қозғалысын ұйымдастыру, жол төсемін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.

Өткен тәулікте 545 адам эвакуацияланды, 111 бас үй жануары қауіпсіз жерге айдалды, 39 174 текше м. еріген қар суы сорылды, 6030 метр уақытша бөген салынды», - деді Советов.

Баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, 23 наурыздан бастап барлығы 16 063 адам эвакуацияланды, 43 034 бас үй жануары қауіпсіз жерге айдалды, 269 151 текше м. еріген қар суы сорылды, 21 823 метр уақытша бөген салынды, 3 211 метр бөгет қалпына келтірілді, 88 212 дана құм салынған қап жиналып, төселді.

Тасқынға қарсы іс-шараларға 6450 адам жұмылдырылып, 1736 бірлік техника, 131 су сорғыш құрылғы, 115 жүзу құралы тартылды.

Барлық жаңалықтар