2015 жылы Қазақстан және Польша өңірлерінің бірінші форумы өтеді

19 Сәуір, 2015 11:08
Қазақстанның Польшадағы Елшісі Ерік Өтембаев Варшавада Польша Республикасы Сенатының төрағасы Богдан Борусевичпен кездесіп, екіжақты қарым-қатынастардың өзекті мәселелерін және парламентаралық сұхбатты нығайтудың келешегін талқылады.

Қазақстан дипломаты 2015 жылы 26 сәуірде еліміздегі кезектен тыс президенттік сайлау алдындағы науқан барысымен, Қазақстанның «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатымен, екіжақты ықпалдастықтың қазіргі ахуалы және болашақ мүмкіндіктерімен таныстырды. Қазақстан Елшісі Президент Н.Ә.Назарбаевтың «Нұр Отан» партиясы съезінде атап өткен бес институционалдық реформасының мазмұнына ерекше назар аударды, деп хабарлады ҚР СІМ.

Е.Өтембаев мемлекетіміздегі жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін реформалау үрдісімен таныстыра келе, оның барысында Польша тәжірибесі ескерілгенін айтты. «Қазақстан өңірлері мен Польша ведомстволарының арасында өзара тиімді ынтымақтастықты дамытудың өзектілігіне тоқталды. Бұл үдеріске биыл жоспарланған Қазақстан және Польша өңірлерінің бірінші форумы зор серпін беруі тиіс. Елші сонымен қатар тиісті келісім-құқықтық негізді қамтамасыз ететін екі ел парламентаршілері арасындағы ынтымақтастықты нығайту рөлінің маңыздылығына аса көңіл бөлді», - делінген хабарламада.

Е.Өтембаев Польша Сенатының басшысын биыл Қазақстанда атап өтілетін Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының V Съезі, Қазақ хандығының 550 жылдығы және ҚР Ата Заңының 20 жылдығы секілді бірқатар мейрейтойлық оқиғалар туралы хабардар етті.

Өз кезегінде, Б.Борусевич Варшава Астананы Еуразиялық кеңістіктегі маңызды серіктесі ретінде қарастырып, барлық деңгейлерде екіжақты сұхбатты нығайтуға мүдделі екенін хабарлады. Польша Сенаты дүниежүзінің әр жерінде қоныстанған миллиондаған поляк диаспорасымен байланысты сақтауға зор көңіл бөлетінін айтып, Қазақстандағы этникалық поляктар үшін барлық қолайлы жағдайлар жасалғанын ризашылықпен атап өтті.

Польша Сенатаның төрағасы Қазақстандағы саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістер туралы оң пікір білдірді. Екі ел арасындағы ынтымақтастықтың зор әлеуетіне назар аударып, парламентаралық ықпалдастықты тереңдетудің маңыздылығын атап өтті және биыл Қазақстанға сапар шегуге ниетін білдірді.

Барлық жаңалықтар