• Басты
  • Жаңалықтар
  • ОСК Дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәліктерін беру және есепке алу қағидаларына өзгерістер енгізді

ОСК Дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәліктерін беру және есепке алу қағидаларына өзгерістер енгізді

17 Сәуір, 2015 15:36
2015 жылғы 17 сәуірде Орталық сайлау комиссиясы Дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәліктерін беру және есепке алу қағидаларына өзгерістер енгізді, деп хабарлады ОСК баспасөз қызметі.

Қаулы жобасын талқылауға ұсына отырып, ҚР ОСК Төрағасының орынбасары В. Фоос Қағидалардың қолданыстағы редакциясы дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәліктерін тізімдерге енгізілген сайлаушылардың жалпы санының 1 %-ын (бір пайызын) қоса  дайындауды көздейтінін атап өтті.

Дегенмен, сайлау заңнамасының мониторингі аталған норманың «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 қыркүйектегі  Конституциялық заңының ережелерімен толық үйлеспейтінін көрсетті және дайындалатын дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәліктерінің көрсетілген саны белгілі бір жағдайларда ниет білдіруші азаматтардың барлығын қажетті есептен шығару куәлігімен уақтылы және жедел қамтамасыз етілмай, азаматтардың сайлау құқықтарының шектелуіне әкелуі мүмкін екенін көрсетті.

Ортсайлауком мүшелері келтірілген дәлелдермен келісіп, тиісті түзетулерді қабылдау үшін дауыс берді.

Сондай-ақ Қағидаларға есептен шығару куәлігінің сайлаушының өкіліне сенімхат бойынша берілу мүмкіндігін көздейтін толықтырулар енгізілді.

Сонымен қатар Орталық сайлау комиссиясы «2015 жылғы 26 сәуірге тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымның байқаушыларын аккредиттеу туралы»  қаулы қабылдады.

Аталған қаулыға сәйкес Ортсайлауком Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ұсынуы бойынша төрт халықаралық ұйым мен алты шет мемлекеттен тағы          217 байқаушыны аккредиттеді.

Олардың 166-сы – Сайлауды байқау жөніндегі ЕҚЫҰ/ДИАҚБ-ның Миссиясынан,             35-і – ТМД-дан байқаушылар Миссиясынан, 2-еуі – ШЫҰ-дан  байқаушылар Миссиясынан,          1-еуі - Түркітілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясынан (ТүркПА), сондай-ақ үш байқаушыдан – АҚШ, Моңғолия және Латвия Республикасынан, 2 – Корея Республикасынан және бір-бірден –Бельгия Корольдігі мен Испания Корольдігінен.

Осылайша, 2015 жылғы 17 сәуірдегі жағдай бойынша Ортсайлауком  халықаралық ұйымдардың үш Миссиясынан (ЕҚЫҰ/ДИАҚБ, ТМД және ШЫҰ), екі халықаралық ұйым (Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі және Түркітілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясы) мен 35 шет мемлекеттен 713 байқаушыны аккредиттеді.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі 31 мемлекеттен шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының 134 өкілін аккредиттеді.

Осы сәтке шет мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың байқаушылары мен шетелдік БАҚ-тардың өкілдері, барлығы 847 адам аккредиттелді.

Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеуді Ортсайлауком 2015 жылғы 20 сәуірге дейін жүргізеді.

Барлық жаңалықтар