• Басты
  • Жаңалықтар
  • Қ.Жақыпов: ЕАЭО жаһандық форматты жақындастырудың және үнқатысудың факторы бола алады

Қ.Жақыпов: ЕАЭО жаһандық форматты жақындастырудың және үнқатысудың факторы бола алады

16 Сәуір, 2015 16:38
Қабиболла Жақыпов бастаған мәжілісмендер делегациясы бүгін Санкт-Петерборда өткен «Еуразиялық экономикалық болашақ» III Халықаралық форумына қатысты, деп хабарлады Мәжіліс.

Дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан жиынның биылғы ерекшелігі – алдағы мамыр айында Еуразиялық Экономикалық одақ құру туралы Келісімге Астанада қол қойылғанына тура бір жыл толады.

ЕАЭО және ТМД қатысушы-мемлекеттер парламентерінің басшылары, Еуразиялық Экономикалық комиссия алқасының мүшелері,  белгілі ғалымдар мен экономистер бас қосқан форумда ұйымның жұмысы, сондай-ақ, еуразиялық кеңістікті нығайту мәселелері сөз болды.

Пленарлық отырыста сөз алған Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыпов ЕАЭО елдерінің қазіргі экономикалық жағдайдағы өзара іс-қимыл бағыттарына айрықша назар аударды.

Атап өткеніндей, ол ең алдымен, өзара сауданы жандандырудың кешенді шараларын қолға алу. Бұл жолда жалпы нарықтық тиімділікті арттыру үшін тарифтік емес кедергілерді жою мен шектеудің маңыздылығы жоғары болмақ. 

Ресейлік рубль бағамының өзгеруіне байланысты мәселелерге тоқталған  Қ. Жақыпов  экономикалық интеграцияның  бір күндік саясат емес, керісінше, мемлекет басшылары белгілеген стратегиялық мақсат екенін атап өтті.

«Экономикалық қиын жағдайда біздің елдеріміз шынайы еуразиялық интеграция бағытында өзара қолдау мен ықпалдастықтың жоғары деңгейін көрсетіп отыр»,-деді ол.  

Осы ретте Мәжіліс Төрағасы аталған одақпен еркін сауда аймағын құру үшін көптеген елдердің соның ішінде, Үндістанның, Вьетнамның, Египеттің, Түркияның, Израилдің және Еуропалық еркін сауда қауымдастығы елдерінің (Исландия, Норвегия, Швейцария, Лихтенштейн) қызығушылық танытып отырғанына тоқталды.

Қ. Жақыповтың айтуынша өнеркәсіптің импорттың орнын басатын салаларын дамыту одаққа қатысушы-мемлекеттердің экономикалық дамуына тың серпін береді.  Осы бағытта бүгінгі күні ЕАЭО аумағында 7 мыңға жуықтайтын бірлескен өндіріс орындарын ашу жолында ынтымақтастықты нығайту маңызды болмақ.

Одақ аясында біз ЕАЭО индустрияландыру картасын дайындауымызға болады. Елдеріміздің экономикалық әлеуетін аумақтық тиімді ұйымдастыру арқылы экономикалық өсудің жаңа орталықтарын құрып, басым салалаларды дамытып, бір-бірімізді толықтыра аламыз,-деді.

Мәжіліс Спикерінің пікірінше, бірлескен инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырудың  ЕАЭО үшін артықшылығы  зор болмақ.

«Біз интгерациялық бірігудің георафиялық жағдайын пайдаланып, көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамыта отырып, әлемдік экономиканың ажырамас және маңызды бөлігін құрайтын, Шығыс пен Батыс арасындағы «байланыстырушы буын» боламыз. Сонда  Еуразиялық Экономикалық одақ жаһандық форматты жақындастырудың және үнқатысудың факторы бола алады»,-деді өз сөзінде Қ. Жақыпов.

Сонымен қатар, Мәжіліс Төрағасы құрылған ЕАЭО-тың келешекте егемендік пен тәуелсіздікті сақтай отырып, мүше-мемлекеттердің экономикасын дамытуға, өзара тиімді интеграцияға бағытталғандығын атап өтті. 

«Бұл біздің бірлескен интеграциялық жұмыстарымызды өміршең ететін маңызды ұстанымдардың бір,-деді Қ. Жақыпов.

Форумға сондай-ақ, мәжілісмендер М.Әшімбаев, Б.Ертаев, С.Сейдуманов, А.Тортаев қатысты. 

Барлық жаңалықтар