• Басты
  • Жаңалықтар
  • Қазақстан мен Түркия Президенттері екі елдің өзара ықпалдастығын арттыру мәселелерін талқылады (ФОТО)

Қазақстан мен Түркия Президенттері екі елдің өзара ықпалдастығын арттыру мәселелерін талқылады (ФОТО)

16 Сәуір, 2015 13:26
Елбасы Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Түркия Республикасының Президенті Реджеп Тайып Ердоғанмен кездесті, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Кездесу барысында қазақ-түрік қарым-қатынасын одан әрі нығайту, байланыстардың кең ауқымы бойынша өзара ықпалдастықты арттыру мәселелері талқыланды.

Нұрсұлтан Назарбаев пен Реджеп Тайып Ердоған сауда-экономикалық, инвестициялық, өнеркәсіптік, көлік-транзиттік және мәдени-гуманитарлық салалардағы байланыстарды тереңдету жолдарын қарады.

Мемлекет басшылары халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті жайттарды да қозғады.  

Қазақстан Президенті екі ел арасында орнаған достық және бауырластық қарым-қатынас өте жоғары деңгейде екенін атап өтті.

«Сіздің басшылығыңызбен Түркия соңғы 12 жылда зор табыстарға жетті. Ол экономикалық көрсеткіштері жағынан әлемде 16-орында, бұл – бүкіл халықтың еңбегі және Сіздің күш-жігеріңіздің нәтижесі. Сізбен бірге үлкен делегация келді, олар бүгін екіжақты бизнес форумға қатысады. Сіздің сапарыңыз біздің қарым-қатынастарымызды жаңа деңгейге көтеруге септігін тигізетініне сенімдімін», – деді Қазақстан Президенті.

Р.Ердоған Қазақстан Президентіне былтыр Түркияға сапармен келіп, инаугурация рәсіміне қатысқаны үшін ризашылығын білдірді.

« Әлемдегі күрделі экономикалық ахуал жағдайында Қазақстан қарқынды дамып, елеулі табыстарға жетуде. Бұл бізді қуантады. Сондай-ақ мұнда таяуда президенттік сайлау өтеді. Мен Сізге зор табыс тілеймін», – деді Түркия Президенті. 

Фото Азамат Алиев

Барлық жаңалықтар