• Басты
  • Латвия ЭКСПО-2017 көрмесінде баламалы қуат көздері саласындағы жаңа ізденістерімен бөлісуге дайын
16 Сәуір, 2015 12:09

Латвия ЭКСПО-2017 көрмесінде баламалы қуат көздері саласындағы жаңа ізденістерімен бөлісуге дайын

ЭКСПО-2017 Комиссары – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Рәпіл Жошыбаев бастаған қазақстандық делегация Латвия Республикасына жұмыс сапарымен барды, деп хабарлады ҚР СІМ.
Латвия ЭКСПО-2017 көрмесінде  баламалы қуат көздері саласындағы жаңа ізденістерімен бөлісуге  дайын

Сапар барысында Латвия Президенті Андрис Берзиньшпен, Көлік министрі – қазақстан-латвиялық үкіметаралық комиссияның тең төрағасы Анрис Матисс, Қоршаған ортаны қорғау министрі Каспар Герхардс, Экономика министрлігінің Парламенттік хатшысы Эдгар Путра мен СІМ Мемлекеттік хатшысы Андрей Пилдеговичпен кездесулер өтті. Латвия тарапының шақыруымен Р.Жошыбаев Риганың 2015 жылғы бірінші жартыжылдықтаЕуропа Одағы кеңесіне төрағалық етуіне орай ұйымдастырылған «GreenBridgeForum2015» атты халықаралық конференция жұмысына қатысты.

Латвия Президенті А.Берзиньшпен кездесу барысында тараптар екіжақты қарым-қатынастың қарқынды дамып келе жатқандығын атап өтіп, халықаралық серіктестіктің өзекті мәселелерін талқылады.

Р.Жошыбаев Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаев атынан ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуға шақырудың түпнұсқасын табыстады. Өз кезегінде, А. Берзиньш елдің ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуға асқан қызығушылығын білдіріп, көрме тақырыбының барша адамзат үшін өзектілігін атап өтті  және Латвияның баламалы қуат көздері саласындағы жаңа ізденістерімен таныстыруға дайын екендігін жеткізді. 

Латвияның көлік министрімен кездесу барысында көліктік-транзиттік өзара қарым-қатынас мәселелері, сондай-ақ соңғы Қазақстан-латвиялық үкіметаралық комиссия отырысы аясында қол жеткізілген келісімдердің орындалуы талқыланды.

Сауда-экономикалық серіктестік, туризмді дамыту, виза тәртібі мен екі елдің астаналары арасында тікелей әуе қатынасы мәселелері Латвияның экономика министрлігінде талқыланды. Парламенттік хатшы Э.Путра Латвияның қалпына келтірілетін энергетика саласындағы айтарлықтай әлеуетін атап өтті, соның арқасында қазіргі таңда елдің шамамен  36%  қуаты өндіріледі. Кездесуде ЭКСПО-2017 көрмесі таныстырылып, оған қатысу шарттары ұсынылды. Кездесу қорытындысы бойынша  «ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ және латвиялық туристік агенттер мен операторлар қауымдастығы арасында серіктестік туралы меморандумға қол қойылды (ALTA).

«Green Bridge Forum 2015» халықаралық конференциясы барысында Р.Жошыбаев еліміздегі «жасыл энергетиканы» дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар  мен  Қазақстанның қалпына келтірілетін және баламалы энергетика саласындағы бастамалары жөнінде айтып өтті. Еуропалық сарапшылар Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев ұсынысымен жүзеге асырылып жатқан ХХІ ғасырдағы тұрақты  жаһандық энергоэкологиялық даму стратегиясы мен «Жасыл көпір» серіктестік бағдарламасы туралы ақпаратты қызығушылықпен қабылдады. Қазіргі кезде Еуропа мен Азияның 13 елі «Жасыл көпір» бағдарламасының қатысушысы болып табылады. Форум қорытындысы бойынша, бағдарламаға Финляндия су форумы қосылды.

Сонымен қатар, форум аясында Латвияда оқитын қазақстандық студенттер ЭКСПО-2017 көрмесін қолдауға арналған флэшмоб ұйымдастырды.

 

Барлық жаңалықтар