Б.Сапарбаев Қызылорда облысының өнеркәсіптік кәсіпорындарын аралады

15 Сәуір, 2015 17:28
Бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жұмыс сапарымен Қызылорда облысына барды, деп хабарлады primeminister.kz.

Сапар барысында вице-премьер өнеркәсіп мекемелерінің, әлеуметтік нысандар жұмысымен танысып, еңбек ұжымдарымен кездесті және өңірдің әлеуметтік дамуы мәселелері бойынша бірқатар кеңестер өткізді.

Арал ауданы Жақсықылыш кентінде Б.Сапарбаев тағамдық және техникалық тұз өндірісін жаңғырту бойынша жоба жүзеге асырылып келе жатқан «Аралтұз» кәсіпорнының қызметімен танысты. Қазіргі таңда кәсіпорында 800-ден астам адам еңбек етеді. Жаңа қуаттылықтарды іске қосқан соң тұз өндіру бір жарым есеге артып, 200 мыңнан астам тоннаны құрайды. 

Оған қоса, Премьер-Министрдің орынбасарлары мобильдік топтардың жұмысы жайлы мәлімдеді, олардың негізгі міндеті шалғайдағы елді мекендердің тұрғындарына «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасын түсіндіру және әлеуметтік жәрдемақыны рәсімдеуге көмек көрсету болып табылады. 

Вице-премьер сондай-ақ 100 орындық балаларды оқыту-сауықтыру орталығы орналасқан «Қамбаш» демалыс орнына барды. МЖС жағдайындағы инвестициялардың арқасында сауықтыру қызметтерінің кең ауқымын көрсетуге мүмкіндік беретін орталық заманауи жабдықтармен жабдықталған, олардың ішінде балшықпен емдейтін орын, гирудотерапия, SPA салон, спорттық кешендер және басқалары бар. Осы жерде Арал ауданының әлеуметтік саласындағы мекемелер басшыларымен өткен кеңесте проблемалы мәселелер талқыланды.

Қазалы қаласында Премьер-Министрдің орынбасары кәмпит өнімдерін шығарумен айналысатын «Қазалы» кәсіпорнында болып, Жұмыспен қамтудың жол картасын-2020 жүзеге асыру барысымен танысты. 

Жұмыс бағдарламасының тағы бір тармағы Қазалы көлік-техникалық колледжіне бару болды, онда кәсіпорындар, өңірлік кәсіпкерлер палатасы және облыстың білім беру басқармасы арасында жасалған меморандумдардың арқасында дуальді оқыту форматы енгізілген. 

Сапар барысында Б.Сапарбаев жөндеуден өткен «Қоркыт ата» мемориалдық кешенін аралап, Қызылорда қаласында орналасқан мамандандырылған ХҚКО-тарының қызметімен танысты. «Шұғыла-2» жеке меншік балабақшасын аралау барысында вице-премьер облыстың әлеуметтік саласының басшыларымен кездесу өткізді. Өзекті мәселелер талқыланып, өңірдің одан әрі әлеуметтік дамуының басымдықтары анықталды. 

Жұмыс сапары «Қазгермұнай» БК» кәсіпорнындағы кеңеспен аяқталды, онда облыс әкімдігі мен жер қойнауын пайдаланушы компаниялар арасында жасалған жұмыс берушілердің әлеуметтік кепілдерін сақтау, жұмыс орындарын сақтау бойынша меморандумдардың орындалу барысы қаралды.

Вице-премьер атап өткендей «Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің мақсатты шараларын қабылдауда».

«Сәуірдің ортасына берілген мәлімет бойынша Қызылорда облысында жалпы жұмысшылар саны 76 мыңнан астам адам болатын орта және шағын кәсіпорындармен 1,3 мыңнан астам меморандум жасалған. Алайда, 16 кәсіпорында 203 жұмысшы қысқарып, 11 кәсіпорында 291 адам жалақыны сақтаусыз демалысқа жіберілген», - деді Б.Сапарбаев.

Осыған байланысты ол жасалған меморандумдардың міндеттерін орындауға, әсіресе жұмыспен қамту, жұмыс орындарын сақтау, жалақыны уақытылы төлеу тұрғысынан облыс әкімдігі тарапынан қатал бақылау жүргізу қажеттігін баса айтты.

Сонымен бірге, вице-премьер әлеуметтік қауырттылықтың алдын алу және әлеуметтік-еңбек жанжалдарын шешу мақсатында ай сайын еңбек жанжалдарының республикалық картасы жасалатынын, оның міндеті еңбек қатынастарының жағдайын мониторингілеу, сондай-ақ жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің өңірлік кешендік жоспарлары бекітілгенін баса айтты. 

Кеңес қорытындысы бойынша Б.Сапарбаев Қызылорда облысын әлеуметтік дамытуға қатысты мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырмалар берді. Азаматтардың әл-ауқаты өсімін арттыру үшін барлық ресурстар мен мүмкіндіктерді пайдалануға қатысты Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асырудың маңыздылығына ол баса назар аударды.

 

 

 

 

Барлық жаңалықтар