Алматы әкімі Бундестаг депутаттарымен кездесті

13 Сәуір, 2015 19:42
Алматы әкімі Ахметжан Есімов Германия Федеративтік Республикасы депутаттарының Бундестагтың вице-президенті Йоханнес Зингхаммер бастаған делегациясын қабылдады, деп хабарлады қала әкімдігі.

Алматы әкімі Қазақстан мен Германия арасындағы сауда - экономикалық, мәдениет, ғылым мен білім, денсаулық сақтау және басқа да салаларды қамтыған саяси диалог пен көпсалалы байланыстың жоғары деңгейде дамып келе жатқандығын атап өтті.

«Германия Евроодақ елдерінде Қазақстанның басты серіктесі және тауар көлемі бойынша Қазақстанның бесінші серіктесі болып табылады. Алматы мен Германия арасындағы тауар айналымы 1 млрд. 210 млн. АҚШ долларын құрайды, бұл біздің елімізбен тауар айналымының 55 пайызы», - деді Ахметжан Есімов.

Алматыда 2015 жылдың 1 наурызы жағдайында кең ассортиментті көтерме саудаға маманданған тоқыма, шарап өнімдерін шығаратын әрі көліктік- экспедициялық және құрылыс салумен айналысатын 96 біріккен кәсіпорын және 137 неміс капиталымен жұмыс істейтін өндіріс орындары тіркелген. Әкім Алматыдағы Қазақ- Неміс университетін де білім беру саласындағы екі жақты өзара байланыстың жарқын үлгісі ретінде атап өтті.

Өз кезегінде, Бундестагтың вице- президенті Йоханнес Зингхаммер қала басшысына жылы қабылдағаны үшін алғыс білдіріп, мегаполистің туристік басымдылығын атап өтті. Әңгіме барысында қонақтар 2022 жылғы Қысқы олимпиаданы өткізу құқын жеңіп алу жолында Алматының кандидатурасын қолдайтындықтарын айтты.

 

Барлық жаңалықтар