• Басты
  • Жаңалықтар
  • Сенат Иран Ислам кеңесінің Меджлисімен тығыз байланыстар орнықтыруға мүдделі

Сенат Иран Ислам кеңесінің Меджлисімен тығыз байланыстар орнықтыруға мүдделі

13 Сәуір, 2015 18:39
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Иранның Сыртқы істер министрі Мохаммад Джавад Зарифты қабылдады, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.

Қ.Тоқаев Қазақстан мен Иран өзара тиімді саяси және экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға зор мүмкіндіктерге ие екенін атап өтті. Ол Иран Ислам кеңесінің Меджлисімен тығыз байланыстар орнықтыруға Сенаттың мүдделі екенін айта келіп, иран парламентшілерін Астанаға келуге шақырды.

Иран саясаткері екі ел парламенттері мен іскер топтарының арасындағы белсенді байланыстарды дамытуға Астананың ұмтылысына қолдау білдірді. «Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың Иранға жоспарланып отырған сапары біздің дос елдеріміздің арасындағы екіжақты ынтымақтастыққа жаңа серпін береді», - деді М.Зариф. Иран министрінің пікірінше, Иран және Қазақстан Президенттерінің ерік-жігері мен ниеті екі ел арасындағы табысты ынтымақтастықтың кепілі болып отыр.

Сенат Төрағасы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің V Съезіне дайындық туралы хабардар етіп, діни форумға Ислам мазхабшылары дүниежүзілік жақындасу ассамблеясының Бас хатшысы Аятолла Мохсен Аракидің қатысуына Қазақстан зор маңыз беретінін айтты.

М.Зариф Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезін шақыру туралы Мемлекет басшысының бастамасын, сондай-ақ Иранның ядролық бағдарламасын реттеу жөніндегі келіссөз үдерістеріне Қазақстанның іс жүзіндегі үлесін жоғары бағалады. «Ядролық қарудың таралмауы үдерісін нық ұстанған және ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан ел ретінде Қазақстан осы саладағы маңызды мемлекет болып табылады. Біздің бәріміз ядролық қарусыз әлемді көргіміз келеді», - деді Иранның сыртқы істер министрі.

Қ.Тоқаев Лозаннадағы Иран мен «алтылықтың» халықаралық мәмілегерлері қол жеткізген уағдаластықтарды Қазақстан қолдайтынын айта келіп, бұл келісімдер түпкілікті шешім шығатын сындарлы үнқатысуды одан әрі ілгерілетуге негіз болатыны туралы пікірін білдірді.

 

Барлық жаңалықтар