• Басты
  • 2021 жылы жол-көлік оқиғаларының көбеюіне не себеп болды

2021 жылы жол-көлік оқиғаларының көбеюіне не себеп болды

19 Сәуір, 2021 14:16

Бүгін ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз алаыңында өткен брифингте ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Серік Түсіпов жол қауіпсіздігі мен жол-көлік оқиғаларының көбею себептері жайлы айтты, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.



Апта ішінде орын алған қылмыстар саны

Брифинг басында ІІМ ресми өкілі Нұрділдә Ораз әдеттегідей апта ішінде орын алған криминогенді жағдай туралы баяндады.

Апта ішінде 3226 қылмыс орын алды. Оның 2148-і тәулік ішінде анықталды. Полиция қызметкерлері ізін суытпай 6 кісі өлтіру қылмысын, 6 денсаулыққа қасақана зиян келтіру қылмысын әшкереледі. СОнымен қатар 1 қарақшылық, 34 тонау және 528 бөтен мүлікті ұрлау қылмысын ашты.

Қазақстан мен Ресей Ішкі істер министрлері кездесті

Осы аптада Қазақстан мен Ресейдің Ішкі істер министрлері – Ерлан Тұрғымбаев пен Владимир Колокольцев Мәскеуде кездесіпті. Басшылар екіжақты және көпжақты халықаралық шарттар арқылы орнайтын ынтымақтастық бағыттарын талқылады. Олар қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету және қылмыскерлерді іздестіру кезіндегі ортақ жұмыстың маңыздылығына тоқталды. Онымен қоса интернет қылмыс, IT–технологиялар саласындағы ортақ әрекет ету, пандемия кезінде дүние жүзі бойынша көп орын алған алаяқтықтарға қарсы іс-қимыл мәселелері қаралды. Тұрғымбаев мәскеулік әріптесімен есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл, психобелсенді заттар мен синтетикалық есірткілердің жаңа түрлері туралы жедел ақпарат алмасу саласындағы істердің жай-күйін талқылады. Мұнымен қоса, көші-қон бақылауы, мемлекеттік шекаралардағы қылмысты әшкерелеу туралы мәселелерді жан-жақты қарады.

Жаңа Заң: Автокөлік құралдарын ұрлауға қарсы күрес

ТМД қатысушы мемлекеттердің автокөлік құралдарын жымқыруға қарсы күрестегі және оларды қайтаруды қамтамасыз етудегі ынтымақтастығы туралы келісімге» өзгерістер енген. Нұрділдә Ораз бұл өзгерістерге тоқталды. 1 сәуірде Президент «ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің автокөлік құралдарын ұрлауға қарсы күрестегі және оларды қайтаруды қамтамасыз етудегі ынтымақтастығы туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Заңға қол қойды.

«Сұрау салулардың орындалу нысаны мен мерзімдерін белгілеу бөлігінде өзгеріс енгізілді. Енді шарттың әрбір елі нақты уақыт режимінде Ақпараттық базалардан мәліметтер алмасуды жүргізуге және құзыретті органдардың сұрау салуы бойынша автокөлік ұрлауға қарсы күресте қызығушылық тудыратын ақпаратты жедел ұсынуға құқылы», - деді ол.

Сонымен қатар автокөлік құралын қайтару туралы сұрау салуды орындаудан бас тарту негіздемелері тізбесі қысқартылатын болды.

«Бұған дейін бұл негіздер төртеу болса, енді екеуі қалды, атап айтқанда, сұрау салынатын тараптың сот шешімі бойынша автокөлік құралы басқа адамға немесе оның өкіліне берілсе немесе автокөлік құралын қайтаруға кедергі келтіретін өзге де заңды негіздер болса ғана қаралады», - деді ҚР ІІМ ресми өкілі.

Нұрділдә Ораз ІІМ келіп түскен алғыс хаттар туралы айтып, полицейлердің кәсіби қызметтегі ерліктеріне алғыс жазылдған кейбір хаттарды оқып берді.

   Жол-көлік оқиғаларын тудырған себептер

Брифингтің негізгі бөлімі студиядаға келген спикердің сұқбатымен жалғасты. ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Серік Түсіпов жол қауіпсіздігіне қатысты ақпараттармен бөлісті.

Оның айтуынша, автокөлік оқиғалары салдарынан болатын өлім-жітім оқиғаларының үш түрі қазіргі уақытта кең тараған. Олар: жаяу жүргіншілерді қағып кету, көліктердің аударылуы және қарама-қарсы жолаққа шығып соқтығысуы.

«Жол көлік оқиғаларының осы түрлеріндегі өлім-жітім ЖКО-да қаза болғандардың 56%-ын құрайды. Әрбір бесінші жол-көлік оқиғасы елді мекенде жылдамдықтың артуына байланысты орын алады», - деді Түсіпов.

Соның әсерінен 515 немесе 20% ЖКО болып, 44 адам қаза тауып, 681 адам жараланған. Әрбір алтыншы оқиға маневр жасаумен байланысты, оның салдарынан 456 ЖКО болып, 33 адам қаза тауып, 673 жараланған. Әрбір сегізінші оқиға жылдамдықты арттыруға қатысты болады. Жыл басынан бері жол апатынан қайтыс болғандардың саны 12 %-ға көбейіп отыр.

Спикер соңғы үш жылдағы статистикадан келтірді. Соңғы жылдары жолда жүретін көліктердің ішінде қауіпті көліктер көбейген. 2018 жылы қауіпсіздік талаптарына сай емес көліктердің саны мыңнан асп жығылған. Мұндай көліктерді техникалық тұрғыда пайдалануға мүлдем тыйым салынған. Соның өзінде қауіпті көлік иелері жолда жүрген. Осы тәртіп бұзушылық үшін 80,5 мың адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 2019 жылы олардың саны 100 мыңға жетті. Ал 2020 жылы техникалық ақаулығы бар көлікті жүргізген 120 мың адам ұсталды. Спикер айтқандай, көліктердің тежегіші мен рөлі істен шыға бастағанда ол қауіпті көлікке бірден айналады.

«Сонымен қатар үш жылда рұқсатсыз қайта жабдықталған 25 мың көлік ұсталды. Техникалық кемшіліктері бар көліктер және қайта жабдықталған көлік құралдарын анықтау шаралары қолға алынады», - деді ол.  

Жаяу жүргіншілер неге ережеге бағынбайды?

Серік Түсіповтің айтуынша, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі мәселесі өте өзекті. Жаяу жүргіншілер арасында тәртіпке бағынбайтындар көп. 2020 жылы 200 мыңнан астам жаяу жүргінші тәртіп бұзып, жол оқиғасын тудырған.

2021 жылдың төрт айында 66,7 мың жаяу жүргінші ереже бұзған.

«Жаяу жүргіншілердің қауіпсіздік ережелерін сақтауы жаяу жүргіншілер инфрақұрылымы дамыған сәтте ғана болатынын әлемдік тәжірибе дәлелдеген», - деп қосты ол.

Биыл Жол инспекциясы бөлімшелері шамамен 168 мың шақырымды қамтитын 8 мыңға жуық автожолға тексеру жүргізді. Оның ішінде елді мекендердің көше-жол желісіне 4 877 тексеру жүргізілді, оның барысында жол жүрісі қауіпсіздігіне теріс әсер ететін автожолдарды 8 445 кемшілік анықталды.

Сонымен қатар осы жылы жол-көлік оқиғасына қатысты 1 миллион 300 мың заң бұзушылық тіркелді. Оның 437 мыңы жылдамдықты асырып жібергеннен боғланы анықталды. 289 мыңы көлік жүргізуші жол белгілерін екермегені салдарынан апатты жағдай тудырған. Жол ережесін бұзғаны үшін 6 мың адам көлік жүргізу құқығынан айырылды. 5 мың жүргізуші алкогольдік ішімдік ішіп алып ұсталды.



Барлық жаңалықтар