• Басты
  • 2021 жылы коммуналдық қызметтердің тарифі қалай өзгереді

2021 жылы коммуналдық қызметтердің тарифі қалай өзгереді

25 Қараша, 2020 14:21

Бүгін ел астанасындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Асан Дарбаев мекеме жүргізіп жатқан коммуналдық саладағы тарифтік саясат жөнінде баяндап, ТЖ кезіндегі тарифтердің төмендеуі, ТМС қызметін бақылау шаралары, сонымен қоса 2021 жылда тарифтерге қатысты болатын өзгерістер туралы айтып берді. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

2020 жылдың басында халық үшін тарифтердің өсуін тежеу

Комитет төрағасы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына орай, 2019 жылы 2020 жылғы қаңтар айына халық үшін коммуналдық қызметтерге күтілген тарифтердің өсуін тежеу бойынша жұмыс жүргізілгенін атап өтті. Оның сөзінше, коммуналдық қызметтерге тарифтердің өсуін тежеу мақсатында аталған комитет 400-ден астам ТМС қызметіне талдау жүргізіп, бірқатар шара қабыдаған.

Мәселен, 2018 жылғы ТМС-ның тарифтік сметалары мен инвестициялық бағдарламаларының орындалуына талдау жүргізу нәтижелері бойынша ТМС міндеттемелерінің орындалмауы анықталған. Осыған байланысты елдің барлық өңірлеріндегі ТМС-на жалпы сомасы 16,4 млрд теңгеге уақытша өтемдік тарифтері бекітілген. Сонымен қоса, басым бағыттары жоқ ТМС-ның жекелеген шығыстары жалпы сомасы 10,4 млрд теңгеге оңтайландырылған.

«Табиғи монополиялар мен қоғамдық маңызы бар нарықтың 69 субъектісі бойынша тарифтердің өсу жүктемесі халықтан тұтынушылардың басқа топтарына қайта бөлінді», - деді комитет төрағасы.

Осылайша, жоғарыда аталған шаралардың нәтижесінде, 2020 жылғы 1 қаңтарынан бастап 2019 жылғы қаңтармен салыстырғанда коммуналдық қызметтерге тарифтердің өсуі республика бойынша орта есеппен 0,5%-ды құраған. Атап айтқанда, жылумен жабдықтау -1,6%, сумен жабдықтау -0,2%, су бұру -0,9%, электрмен жабдықтау 5,0%-ды құраған.

Асан Дарбаевтың сөзінше, электрмен жабдықтаудың бағасы станциялардағы шекті тарифтердің орта есеппен 15%-ға өсуі себебінен көтерілген. Нәтижесінде, халық тобы тұтынушыларының қаражатын жалпы үнемдеу шамамен 27 млрд теңгені құраған.

ТЖ кезеңінде халық үшін тарифтердің төмендеуі

Комитет төрағасының айтуынша, ҚР Президентінің 2020 жылғы 23 наурыздағы тапсырмасын орындау барысында ағымдағы жылғы 1 сәуірден бастап төтенше жағдай және карантин кезеңінде Қазақстан Республикасы бойынша халық үшін тарифтер орта есеппен 7,4%-ға төмендеген.

Оның ішінде:

- сумен жабдықтау 8,0%-ға

- су бұру 9,3%-ға

- жылумен жабдықтау 7,6%-ға

- электрмен жабдықтау 5,0%-ға

Нәтижесінде, оның дерегінше, бір айда халық тобы тұтынушыларының қаражатын жалпы үнемдеу шамамен 1 млрд теңгені құраған. Бұдан басқа, ТМС-не тұтынушылардың қызмет көрсетушілер алдындағы берешегіне байланысты тұтынушыларды коммуналдық қызмет көрсетуден ажыратуға жол бермеу ұсынылған.

ТМС қызметін бақылау

Оның мәліметінше, биылғы 10 айда Комитет табиғи монополиялар саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін 1,11 млрд теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл сала отырып, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша 412 қаулы шығарды, оның ішінде мемлекет кірісіне 429,81 млн теңге өндіріліп алынды.

«Есепті кезеңде азаматтық істердің жалпы саны – 267 құрады, оның ішінде Комитеттің пайдасына – 173 іс, Комитеттің пайдасына емес - 35 іс, 18 - іс тоқтатылды», - деді ол.

2021 жылы тарифтер қалай өзгереді

Комитет төрағасының дпрегінше, бүгінде 254 ТМС 446 реттелетін қызмет бойынша тарифтердің шекті деңгейінде жұмыс істейді, оның ішінде 2021 жылы 189 қызмет бойынша жаңа шекті тарифке шығу күтілуде. Қазіргі уақытта комитеттің қарауында 2021-2025 жылдарға арналған тарифтердің жаңа шекті деңгейлерін бекітуге ТМС-ның 142 өтінімі бар.

2021 жылы тарифтерді өзгерту бірқатар қағидатты сақтай отырып жүргізілмек.

I. Тариф белгілеудің ашықтығын қамтамасыз ету: тарифтер мен тарифтік сметаларды бекіту, инвестициялық бағдарламалар мен тарифтік сметалардың орындалуы туралы ТМС есептерін тұтынушылар алдында жария тыңдаулар және қоғамдық қабылдаулар өткізу, өңірлік сараптама комиссияларының жұмысын жандандыру және «Монополист» базасын дамыту

II. Тарифтік сметаның шығындарын азайту: нормативтік техникалық ысыраптарға, шикізатты тұтыну нормаларына, ТМС қызметкерлерінің санына, материалдарға, отынға, ТМС энергиясына және т.б. жеке бекіту арқылы оларға егжей-тегжейлі талдау жүргізу, ТМС сатып алуды бақылауды күшейту

III. Инвестициялық бағдарламалардың тиімділігін арттыру: ТМС қызметінің ресурс үнемдеуі мен энергия тиімділігін арттыру, тариф белгілеудің ынталандырушы әдісін дамыту, инновацияларды енгізу, инвестициялық бағдарламалардың орындалуын бақылауды күшейту

IV. Халық үшін тарифтер мен бағалардың өсуін тежеу: ұйымдардың делдалдық қызметтерін қысқарту, тарифтерді саралау әдістерін одан әрі дамыту

Осылайша, комитет төрағасының сөзіне сенсек, 2021 жылы халық үшін ТКШ қызметтеріне тарифтердің өзгермейді.

Барлық жаңалықтар