2021 жыл - «Балалардың кітап оқуын қолдау» жылы: атқарылатын жұмыстар

11 Ақпан, 2021 15:14

Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері, жазушылар, ҚР Жазушылар Одағының басқарма төрағасы мен Ұлттық кітапхана басшылары балалар арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру мен кітап оқуға қызығушылықты арттыру тақырыбын талқылады. Спикерлер айтқан ең маңызды мәселелер Strategy2050.kz тілшісінің материалында.


Балалар арасында кітап оқуды арттыру – Президенттің тапсырмасы

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі «2021 жылды Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы» деп жариялады. Мұны брифинг барысында ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов айтты. Оның айтуынша, мемлекеттік саясаттың негізгі ұстанымдарының бірі – білімді әрі бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу. Биыл Қазақстан Республикасы үшін айтулы жыл. Ел тәуелсіздігіне 30 жыл толады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы 22 қазанда өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің IV отырысында балалар мен жасөспірімдер арасындағы кітап оқу мәселесінің маңыздылығын атап өткен болатын.

 Президенттің бұл бастамасы Қазақстандағы кәтапханалардың мәртебесін арттырып, тұрғындардың күш-жігерін балалардың кітап оқуға құлшынысын арттыруға шақырды. Осы мақсатта Мәдениет және спорт министрлігі «2021 жылды – Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы» деп жариялап отыр, - деді Нұрғиса Мұратұлы.
Вице-министрдің айтуынша, мемлекеттің болашағы білімді, оқыған, рухани бай ұрпақтың еншісінде.
«Кітап оқу үрдісін жаңғырту, оның ішінде балалар мен жасөспірімдер арасында кітап оқуды дамыту қазіргі таңда ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің алдында тұрған басты міндет. Министрлік осы мәселе аясында арнайы тұжырымдама дайындады. Тұжырымдама барлық өңірді қамтиды», - деді ол.

Кітапханалардағы коворкинг орталықтар, цифрлық жүйе, электрондық каталог

Спикер тұжырымдамадағы басты бағыттарға назар аударды. Оның айтуынша негізгі міндет дәстүрлі кітапханаларды заманауи бағытта дамыту мен кітапханалар жанынан коворкинг орталықтар ашу. Мысалы, Алматы қаласында, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан облыстары аумағында жаңа коворкинг орталықтарын ашу жоспарланған. Бұл жастарды, балаларды, жасөспірімдерді кітапханаға тарту мақсатында жасалуда. Қазіргі таңда коворкинг орталықтардың саны 2018 жылмен салыстырғанда 2,5 есеге артқан. Елімізде 401 коворкинг орталықтары жұмыс істеуде.

Қазақстандық кітапханаларды, оның ішінде әдебиет саласын цифрлық жүйеге көшіру қолға алынды. Осыған орай, өткен жылы Мәдениет және спорт министрлігі мәдениет туралы заңға бірқатар өзгертулер енгізді. Қазіргі кезде цифрлық жүйеге ауысу бойынша жұмыстар жүргізілуде.

«Елімізде кітапханалардың жиынтық электрондық каталогы жасалады және биллинг жүйесі арқылы оқырмандарға кітапхана қорындағы кітаптардың қолжетімділігі қамтамасыз етіледі. Қазір Нұр-Сұлтан қаласындағы академиялық кітапханада 60 мыңға жуық материал бар. 200 000 оқырман осы электронды жүйе арқылы кітап қорына оңай қол жеткізіп жүр», - деді вице-министр.
Сонымен қатар дәстүрлі кітапхана қызметімен қатар, Ұлттық электрондық кітапхана жұмысы жетілдірілуде. Бірыңғай электрондық оқырман билетін қолданысқа енгізудің нормативтік тәртібі айқындалуда. Нұр-Сұлтан қаласында балалар мен жасөспірімдерге арналған кітапхананы ашу мен олардың санын арттыру бойынша жоспарлар пысықталып жатыр.

Қазақстандағы кітапханалардың саны мен кітап оқуды қолдау акциялары

Елімізде 11 мыңға жуық кітапхана бар, оның 4 мыңға жуығы Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты. Үшеуі республикалық: Нұр-Сұлтан қаласындағы академиялық кітапхана, Алматы қаласындағы Ұлттық кітапхана және зағип жандарға арналған республикалық кітапхана. 300-ге жуық кітапхана балалар мен жасөспірімдерге арналған», - деді кітапханалар санына есеп берген вице-министр.

Биыл «Қазақстанның оқырман ұрпағы – 2021» жалпыұлттық акциясы қолға алынған. Жоба «кітап оқуды қолдау» жылы аясында жүзеге асырылған. Мақсаты – шығармашылық интеллигенция, қоғам қайраткерлерін, спорт және мәдениет саласының танымал өкілдерінің қатысуымен кітап оқу жұмыстарын кеңінен тарату.

 «Осы акция аясында кітап көрмесі, челлендж, флешмоб өткізіліп жатыр. Жаңадын шыққан кітап пен авторлардды кең насихаттау, шетел әдебиетін аударып, оқырман арасында кеңінен тарату үшін жұмыстар атқарылып жатыр», - деді ол.
Балаларға түсінікті тілде видеороликтер мен анимациялық фильмдер түсіріліп тарату жұмыстары басталды.

Вице-министр «Ұлағатты ұрпақ» жобасы туралы айтты. Музыкалық өнер, театр өнері, киноматография, бейнелеу өнері және Киелі Қазақстан атты 5 бағыт бойынша қазақ және орыс тілдерінде оқушыларға барлық білім беру бейнедәрістері арнайы сайтында жарияланды. Әр бейнедәрістің соңында оқушылар үш сұраққа жауап бере отырып, өздерін тексере алады.

«Бүгінгі таңда бұл сайтқа 2 млн 500 мыңнан аса көрермен осы сайтта бағдарламаны тамашалады. 11 000 көрермен барлық тестке қатысып, белсенділік танытты. Бұл жұмыс одан әрі жалғасады. Балалар әдебиеті шығармашылығын дамыту мақсатында былтыр министрлікке қарасты кітап палатасында «балалар шығармашылығы» конкурсы өтті. Үздік шығарма иелері марапатталды. Қазір «Тәуелсіздік толғауы» атты конкурс ұйымдастырылып жатыр. Балаларға арналған шығарма жазушы авторларға арналған республикалық байқау өтеді», - деді ол.
Балаларға бағыт керек

Балалар жазушысы, Қазақстанның мәдениет қайраткері Баянғали Әлімжановтың айтуынша, балаларды көркемсөз арқылы ойлауға, ойнап жүріп ойлауға үйретуіміз керек.

«Балаларға кітап оқу мәдениетін қалыптастыруды кішкентайынан бастаған дұрыс. Оларға жөн сілтеп, бағыт берсек, өздері алып кетеді. Қазақ балалар әдебиеті бай әдебиет, адамгершілігі мол. Осының ішінен қайсын оқыту керек? Балалардың қолы жете ме? Жоқ. Өйткені, ауылдағы балалар кітапқа зәру», - деді ол.
Балалар жазушысы тұрғындардың басым бөлігінің кітап сатып алуға жағдайы келмейді деп есептейді. Әлімжанов осы ретте ұсыныс айтты. Баланың алдынан қазақ өлеңі, қазақ сөзі айтылып тұрса, ол оған тартылады. Бұл – ана тілін насихаттаудың бірден бір жолы.
«Мен балалардың тақырыптық антологиясын шығаруды ұсынамын. «Отан», «Туған жер», «Тіл» тақырыптары бойынша шығарылған антологияны сайттарға орналастырса, мұғалім де, балабақша тәрбиешілері де пайдаланатын болады. Бұл таптырмас қажетті құрал болар еді. Осы арқылы кез келген өлеңді, шығарманы балаға түсінікті жеткізу мүмкіндігі туады», - деді жазушы.
Баянғали Әлімжановтың пікірінше, кітапты ғаламторға, музыкаға, мультфильмге қарсы қоймай, керісінше олармен одақтас етуіміз қажет.

Балаларды қызықтыратын «Гарри Поттер» сияқты қазақ тіліндегі туынды керек

Брифингте сөз алған спикерлердің бірі – ҚР Ұлттық академиялық кітапхана басшысы Үмітхан Мұңалбаева Дәуренбекқызы. Ол өз сөзінде балалардың қызығушылығын тудыратын Гарри Поттер сияқты қазақ тіліндегі шығармалар жазылу керек.

«Біздің елде балалар әдебиетіне қызығушылар, жазушылар бар. Бізге жетпей тұрғаны – балалардың ойынан шығатын, қызықтыратын тақрыптарды табу. Қазіргі балалар Рраффити фолдты, Гарри Поттерді жақсы көреді.Сондай тың идеялы шығарма жазылса, балалар оқиды.», - деді ол.
Академиялық кітапхана директорының ойынша, Президенттің аумалы-төкпелі заманды балалардың назарын кітап оқуға бұру туралы бастамасын жүзеге асыру үшін Қазақстанның барлық өңірінде балалар кітапханаларын көбейту керек. Осы ретте Үмітхан Мұңалбаева шет мемлекеттерді мысал ретінде келтіріп өтті: Жапонияда Дүниежүзілік балалар кітапханасы, Финляндияда және Сингапурда балалар институты бар.
«Қазақстанда да осындай институттар құрылуы тиіс деп есептеймін. Онда кітап сапасын, кітап оқуды насихаттау, өлеңдер, әңгімелер, картина, фильм, барлығын талқылауға болады. Мұндай талқылаудар кітапханалар мен шығармалардағы өзекті мәселелерді анықтауға және оларды шешуге мүмкіндік береді», – деді ол.
Балаларды жылдам оқуға үйрету – дұрыс емес

Кітапхана басшысы биылғы «балалардың кітап оқу мәдениетін қалыптасыру» жылын жоғары деңгейде өткізу үшін тек кітапханашылар емес, қоғамның әрбір азаматы атсалысуы тиіс деп есептейді.

«Әрбір ата-ана, мектеп, мектеп кітапханашылары, үлкен-кішінің бәрі. Ертеңгі болашағымызды ойласақ, балалар әдебиеті мен бүгінгі жасөспірімдердің оқу қабілетін арттыруымыз керек», - деді Ү.Мұңалбаева.
Үмітхан Мұңалбаева журналистермен әңгімелесу барысында балаларды жылдам оқытуға үйрету туралы пікірін білдірді. Оның айтуынша, балалар қалай оқуын өзі біледі.
«Балаларда таңдау еркі болу керек. Ол тез оқығысы келе ме, жоқ па - бұл оның таңдауы. Түсініп оқуды қалайтын балалар асықпай, кейде қайталай оқиды. Тез оқу, көз жүгіртіп оқу ересектерге ғана тән. Мен жылдам оқудың бірнеше әдісін білемін, балалар үшін бұл қолайсыз, өйткені жылдам оқығанда да түсініп оқу керек. Жылдам оқу мазмұнды толық түсінуге мүмкіндік бермейді. Балаларға бұл аса қиын», - деді ол.
Кітап оқу коэффициенті оқуды зерттеудегі негізгі көрсеткіш болып табылады және оқырмандар санының жалпы бір жылдағы санына ара қатынасымен есептеледі. Балалар мен жасөспірімдер жасының 36%-ы көпшілік кітапханалардың оқырмандары болып табылады. Көркем әдебиетті, техникалық және басқа да көптеген жанрларды оқиды.

Жас ақын, жазушыларды қолдау керек

Қазақстан жазушылары атынан сөз алған ҚР Жазушылар одағының басқарма төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулетов жазушылар 2021 жылдың «балалар мен жасөспірімдер әдебиеті жылы» аталуын қолдайтынын білдірді.

Есдәулетовтің айтуынша, кітап-адамның ішкі мәдениетін, рухын, ұлтын қалыптастырады. Алайда балалар әдебиетіне келгенді түйіні шешілмеген мәселе көп. Ол – балаларға арналған кітаптардың аздығы. Соңғы үш жылда отандық баспаларда балаларға арналған 364 кітап шығарылған. Әр жылы 1000-1500 дана кітап шығарылады. Бұл өте аз. Осы ретте ақын қазақ тілінде жазатын ақын-жазушыларға қолдау көрсетуді сұрады.

«Қазір балалардың басым бөлігі компьютерлік ойындарды жақсы көреді. Алайда, біз кітапхананың ішінде арнайы балалар кітапханасын ашып, ата-аналармен бірлесіп жұмыс істейміз. Балалар кітапханасында 7908 оқырман тіркелген. Соңғы мәліметтер бойынша, ең көп оқылатын балалар кітаптары - классиктердің шығармалары. Егер біз қазіргі балаларға қажетті жұмысты ұсына алмасақ, олар бұл бос орынды басқа нәрсемен толтырады. Ал болашақта бұл балалар біздің елімізді басқаратын болады», - деді Ұлықбек Есдәулетов.

Барлық жаңалықтар