• Басты
  • 2021-2025 жылдары СҚО-ны қандай өзгерістер күтіп тұр

2021-2025 жылдары СҚО-ны қандай өзгерістер күтіп тұр

30 Наурыз, 2021 10:27

Бүгін үкімет отырысында Солтүстік Қазақстан облысының 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік – экономикалық дамуының Кешенді жоспары қарауға ұсынылды. Жиын барысында ҚР Ұлттық Экономика министрі Әсет Ерғалиев Кешенді жоспарды іске асыру өңір экономикасының өсу қарқынын өсіруге және халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын арттыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін айтса, ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов өңірдегі сауда желісін дамыту, сонымен қоса сауда-логистикалық хабты құру мәселерімен таныстырды. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

Министрдiң сөзiнше, министрлiк мемлекеттiк органдармен және ұйымдармен бiрлесiп, өңiрдiң әлеуметтiк-экономикалық дамуына және тұрақты жұмыс орындарын құруға тiкелей әлеуетi бар жобаларды мұқият iрiктеу бойынша жұмыс жүргiзген.

«Кешендi жоспар инвестициялық жобаларды iске асыруды, тұрғын үй және өзге де инфрақұрылымды, әлеуметтiк саланы дамытуды, сондай-ақ қоғамдық құқықтық тәртiптi және азаматтық қорғауды қамтамасыз етудi көздейтiн 4 бағыттан және 87 iс-шарадан тұрады», - дедi министр.

Оның дерегiнше, жоспарды iске асырудың жалпы сомасы - 1,8 трлн теңге, оның iшiнде РБ – 517,9 млрд теңге, ЖБ– 43,9 млрд. теңге, жеке инвестициялар – 1,3 трлн теңге. Жоспар аясында 1,4 трлн теңгеге 64 инвестициялық жобаны iске асыру жоспарланған. Олар Аграрлық-өнеркәсiптiк кешен (АӨК), өнеркәсiп, көлiк және логистика, туризм және спорт, сондай-ақ өңiрдiң кәсiпкерлiгiнiң белсендiлiгiн дамытуға бағытталған.

Ауыл шаруашылығы

АӨК-те 52 сүт-тауар фермасы, құрама жем зауыты, 3 бордақылау алаңы, 2 құс фабрикасы, жылыжай кешенi және тағы сол сияқты нысандар салынған.

Ал, өнеркәсiпте АЭА аумағында CLAAS ауыл шаруашылығы техникасы өндiрiсiн оқшаулау, JOHN DEERE сервис орталығы, «Ақсоран» және «Баян» вольфрам-молибден кендерiнiң кен орындарын игеру, сондай-ақ тау-кен металлургия комбинатының және жаңа өндiрiстiк алаңдардың READY-BUILT FACTORY бойынша көзделiп отыр.

«Қойма және сауда алаңдарымен қамтамасыз ету үшiн «Қызылжар» сауда-логистикалық хабы құрылады», - дедi Әсет Ерғалиев.

Сонымен қоса, министр қызметтiк белсендiлiктi дамыту үшiн елдiң әкiмшiлiк орталықтарымен байланысын қамтамасыз ету бағытында авиарейстер саны айына 16-дан 68-ге дейiн артатынын атап өттi.

Спорт және туризм

Министрлiктiң мәлiметiнше, өңiрде туристiк әлеуеттi күшейту және спортты дамыту мақсатында Имантау-Шалқар курорттық аймағында көпфункционалды туристiк кешенiн салу қамтамасыз етiледi. Бұл жылына 100 мыңнан 280 мың туристке дейiн көбейтудi қамтамасыз етiлетiн болады.

Бұдан басқа, 100 адамға арналған қонақ үйi бар спорт орталығының, сондай-ақ Петропавл қаласында 3 мың орынға көпфункционалды спорт сарайы салынбақ.

Кәсіпкерлікті дамыту

Бұдан басқа, кәсiпкерлiктi дамыту мақсатында «Бизнестiң жол картасы – 2025» бағдарламасы шеңберiнде кәсiпкерлердiң кредиттерi бойынша сыйақы мөлшерлемесiн субсидиялау және кепiлдiк беру, жаңа бизнес-идеяларды iске асыру үшiн мемлекеттiк гранттар беру, сондай-ақ бизнес субъектiлерiне қажеттi инфрақұрылымды жеткiзу көзделген.

Халықтың өмiр сүру сапасын арттыру

Сонымен қатар, халықтың өмiр сүру сапасын арттыру және жағдайларын жақсарту мақсатында тұрғын үй, инженерлiк-коммуникациялық және цифрлық инфрақұрылымды дамыту жөнiндегi жобалар iске асырылатын болады.

«Ауыл - Ел бесiгi» жобасы аясында 307 тiрек және спутниктiк ауылдарда жаңа өңiрлiк стандарттарға сәйкес жолдар, ауруханалар, дәрiгерлiк амбулаториялар, мектептер, балабақшалар, мәдениет үйлерi және тағы басқалары салынып, жөнделетiн болады», - дедi Әсет Ерғалиев.

Қалалар мен ауылдарда ұзындығы 412 км сумен жабдықтау және су бұру жүйелерiн реконструкциялау жүзеге асырылатын болады, бұл 100% ауыз сумен қамтамасыз етiледi.

Сондай-ақ, 2,3 млн шаршы метр немесе 21,7 мың пәтер салу және пайдалануға беру жоспарланған. Өңiрдiң барлық қалалары, тiрек және спутниктiк ауылдары кеңжолақты Интернетке қолжетiмдiлiкпен қамтамасыз етiледi.

Жыл сайын шамамен 2 100 км жолды жөндеу және реконструкциялау жүргiзiлетiн болады, бұл 2025 жылға қарай жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесiн 98% - ға дейiн жеткiзуге мүмкiндiк бермек.

Денсаулық сақтау және бiлiм беру салалары

«Денсаулық сақтау және бiлiм беру жүйелерi қызметтерiнiң қолжетiмдiлiгi мен сапасын арттыру үшiн қазiргi заманғы инфрақұрылым құру көзделген», - дедi министр.

Облыстық көп бейiндi аурухана, сондай-ақ аудан орталықтарында, тiрек және спутниктiк ауылды елдiмекендерде 47 медициналық нысан салынады.

Сонымен бiрге, 3 ауысымды және апаттық жағдайдағы мектептердi жою мақсатында 16 мектеп салынады. Сондай-ақ, ерекше бiлiм берiлуiне қажеттiлiгi бар балаларға арналған 400 орындық оңалту мектеп – интернатының құрылысы жоспарлануда. Сонымен бiрге Назарбаев Университетiнiң және Академиялық көшбасшы орталығы тәжiрибесi бойынша ЖОО құрылатын болады.

Сондай-ақ, курсанттардың тұрғын үй-тұрмыстық жағдайларын жақсарту және офицерлердi даярлау сапасын арттыру мақсатында Ұлттық ұлан Әскери институтының ғимараттары мен құрылыстарын салу жоспарланған.

«Дипломмен ауылға!» жобасы аясында ауылдық елдi мекендерге жыл сайын 300-ге жуық әлеуметтiк сала мамандары тартылатын болады. Сонымен қоса, өңiр тарихын танымал ету үшiн археологиялық ескерткiштер мен тарихи-мәдени маңызы бар объектiлердi кешендi зерттеу жоспарлануда», - дедi министр.

Кешенді жоспар не береді

Әсет Ерғалиевтiң айтуынша, кешендi жоспарды iске асыру 2025 жылға қарай 26 мың жаңа жұмыс орындарын құруды, шамамен 1,3 трлн теңге жеке инвестициялар тартуды қамтамасыз етедi, өңдеу өнеркәсiбi 25%-ға және ауыл шаруашылығы өнiмiнiң көлемi 54%-ға өседi. Халықтың нақты табысы мен еңбек өнiмдiлiгi 30%-ға артады.

«Нысаналы көрсеткiштерге қол жеткiзу нәтижесiнде ЖӨӨ-нiң нақты өсуi 2025 жылы 5,2%-ға дейiн өседi», - дедi министр.

Жалпы, оның сөзiнше, Кешендi жоспарды iске асыру өңiр экономикасының өсу қарқынын өсiруге және халықтың өмiр сүру сапасы мен әл-ауқатын арттыруды қамтамасыз етуге мүмкiндiк бермек. Сондай-ақ, экономикалық белсендiлiктi тартудың жаңасын қалыптастыру тиiмдi жұмыс орындарын құруды және өңiрдiң кешендi дамуын қамтамасыз ете отырып, жеке инвестициялардың келуiне серпiн бермек.

Сауда-логистикалық хаб құрылады

Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың мәліметінше, Солтүстік Қазақстан облысын дамыту жөніндегі Кешенді жоспардың 53-тармағында сауда-логистикалық хаб құру көзделген.

«Сауда және интеграция министрлігі Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігімен бірлесіп аталған мәселені пысықтады», - деді министр.

Оның айтуынша, аталған жобаны іске асыру екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде - Ұлттық тауар өткізу жүйесі шеңберінде көтерме-тарату орталықтары құрылады. Екінші кезеңде - ол сауда-логистикалық хаб ретінде қайта құрылмақ. Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта Ұлттық тауар өткізу жүйесін құрудың бірінші кезеңі Ұлттық экономика министрлігінің экономикалық сараптамасы аяқталу сатысында. Құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың сәуір айына жоспарланған.

«Ұлттық тауар өткізу жүйесін құрудың екінші кезеңі 7 көтерме-тарату орталықтарын, оның ішінде Петропавл қаласындағы Сақтау – көтерме-тарату орталығын құруды көздейді. Бірінші кезеңде жинақталған тәжірибені ескере отырып, құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың қыркүйек айына жоспарланған», - деді Бақыт Сұлтанов.

Сонымен қоса, министр Қазақстанның солтүстік өңірлерінің экспорттық әлеуеті Ресейдің Сібір, Солтүстік және Қиыр Шығыс өңірлеріне шамамен 1,0 млрд долларды құрайтынын атап өтті. Осыған байланысты Петропавл қаласындағы көтерме-тарату орталығын толыққанды өнеркәсіптік, сауда және логистикалық хабқа одан әрі дамыту көзделіп отыр.

Хабтың мамандануын Қазақстанның солтүстік өңірлеріндегі ауыл шаруашылығы өнімдерін, сондай-ақ минералдар, көмір, цемент және басқа да тауарларды жүзеге асыруға бағыттауды ұсынылады. Сондай-ақ, Хаб ресейлік кәсіпорындармен өнеркәсіптік кооперация жүзеге асырылатын алаң ретінде қарастырылуда және басқа көршілес елдермен бірігіп қалыптастырылып жатқан сауда хабтарымен өзара байланыс пен синергия қамтамасыз етіледі деп жоспарлануда.

«Солтүстік Қазақстан облысы 592,3 мың тонна картоп және 37 мың тонна сәбіз өндіреді. Кәсіпорындардың үлесі шамамен 100 мың тоннаны құрайды, ал қалған бөлігі жеке үй шаруашылықтар арқылы өндіріледі», - деді министр.

Петропавл қаласында сақтау – көтерме-тарату орталығын құру ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді 50 км радиуста сақтау алаңдарымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді және Мағжан Жұмабаев атындағы ауданды, Қызылжар, Мамлют, Аққайың аудандарын қамтиды.

Сонымен қатар, министр Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігімен Петропавл қаласына жер телімін бөлу мәселесі пысықталғанын атап өтті.  Оның дерегінше, 21,3 га алаңда қоймалар мен теміржол бекеті бар. Сауда-логистикалық хабты құру өңірдің дамуына, бәсекеге қабілетті өндірістерге, өнімнің жаңа түрлерін игеруге, өңірдің ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтауға және инвестициялар тартуға қосымша серпін бермек. 

Барлық жаңалықтар