• Басты
  • 2020 жылдың 6 айында ел жолдарындағы құрылыс жұмыстарының шамамен 30% орындалды
7 Шілде, 2020 12:46

2020 жылдың 6 айында ел жолдарындағы құрылыс жұмыстарының шамамен 30% орындалды

Биыл республикалық маңызы бар жолдардың жаңартылған 2,6 мың шақырымында қозғалысты ашу жоспарланған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда, 4 есе артық көрсеткіш,-деп хабарлайды Strategy2050.kz тілшісі ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.


2020 жылдың 6 айында ел жолдарындағы құрылыс жұмыстарының шамамен 30% орындалды
Бүгінге дейін жолшылар ауқымды жұмыстарды жүзеге асырып, жылдық жоспардың 30% орындады.

 Атап айтқанда, асфальт-бетон жабындысы жолдардың 257 шақырымында төселді. Бұдан бөлек, жолдардың 316,3 шақырымында жол негіздемесінің жоғарғы қабаты, 362 шақырымында негіздеменің төменгі қабаты төселген. Сонымен қатар, жолдардың 396 шақырымында жолдың төсеме қабаты жатқызылса, 24,984 мың шаршы метр жолда жер қазу жұмыстары орындалды.

Айта кету керек, елімізде автомобиль жолдары саласындағы жұмыстарға техниканың 7,5 мың бірлігі мен 200 мың адам жұмылдырылған.

Бүгінгі таңда ұзындығы 48 шақырымды құрайтын 4 жолақты Қарағанды қаласының Солтүстік және Шығыс айналма жолдарының құрылысы, Маңғыстау облысында ұзындығы 15,6 шақырымды құрайтын МАЭК – Жылы жағажай автомобиль жолының құрылысы аяқталған.

Еске салайық, биылғы маусымда республиканың автомобиль жолдарының 4 мың шақырымында жолдарды салу және қайта жаңарту жұмыстары жүргізіледі. Жыл соңына дейін І-ІІ техникалық санаттағы жолдардың үлесі 40% құрамақ. 
Барлық жаңалықтар