• Басты
  • 2020 жылғы республикалық бюджеттiң атқарылуы: Пандемия қалай әсер етті

2020 жылғы республикалық бюджеттiң атқарылуы: Пандемия қалай әсер етті

21 Маусым, 2021 12:57

Бүгiн Қазақстан Республикасы Парламентi палаталарының бiрлескен отырысында Үкiмет пен Есеп комитетiнiң 2020 жылғы республикалық бюджеттiң атқарылуы туралы есебi қаралды. Толығырақ Strategy2050.kz тiлшiсiнiң материалында.

ҚР Премьер-министрi Асқар Мамин Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентi – Елбасы Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаевтың стратегиялық бағытына және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев белгiлеген мiндеттерге сәйкес Үкiмет елдiң әлеуметтiк-экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша Парламентпен бiрлескен тиiмдi жұмыс жүргiзiлiп жатқанын атап өттi. Оның айтуынша, 2020 жыл - халықаралық сарапшылардың бағалауы бойынша соңғы 100 жылдағы ең дағдарыстық кезең болды. Коронавирус пандемиясы әлемдiк экономиканың даму жағдайын және оның құрылымын түбегейлi өзгерттi.
«Жаңа әлеуметтiк-экономикалық үрдiстер қалыптасты. Үкiмет Қазақстан Республикасының Парламентiмен белсендi өзара iс-қимыл жасай отырып, осындай күрделi кезеңде, азаматтар мен бизнестi қолдауға бағытталған аса маңызды шешiмдердi дер кезiнде қабылдады. Бұған Қазақстан Республикасының Парламентi орасан үлес қосты», - дедi ол.

Оның дерегiнше, ауқымды және уақтылы қолдау шараларын, сондай-ақ контрциклдi макроэкономикалық саясатты iске асыру 2020 жылы Қазақстан экономикасының төмендеуiн 2,6 пайызға дейiн, ал негiзгi капиталға инвестициялардың азаюын 3,4 пайызға шектеуге мүмкiндiк берген. Өткен жылғы күрделi жағдайға қарамастан, жылдық инфляцияның 7,5 пайыз, жұмыссыздық 4,9 пайыз деңгейiнде болуы қамтамасыз етiлген.

Экспорт пен импорт

«Бұл көрсеткiштер жалпы әлемдiк көрсеткiштерге қарағанда айтарлықтай жақсы. Халықаралық резервтер 4 пайызға өсiп, 94,3 млрд. долларды құрады, ал алтын-валюта резервтерi 23,1 пайызға өсiп, 35,6 млрд. долларды құрады. Ұлттық қордың шетелдiк валютадағы активтерi 58,7 млрд. долларды құрап отыр», - дедi Асқар Мамин.

Премьер министрдiң мәлiметiнше, әлемдiк тауар нарықтарында сұраныс пен баға төмендеу салдарынан сыртқы сауда айналымы 85 млрд. доллар деңгейiнде қалыптасқан, оның iшiнде экспорт – 47 млрд. долл. және импорт – 38 млрд. доллор. Ал, сСыртқы саудада 8,9 млрд. доллар деңгейiнде оң сальдо сақталған.

Бюджет кiрiсi мен шығыстары

Маминнiң мәлiметiнше, 2020 жылы мемлекеттiк бюджет кiрiсi трансферттердi есептемегенде жоспарға қарағанда 102,7 пайызға орындалған. Республикалық бюджет кiрiстерi 100,3 пайызға, ал жергiлiктi бюджет кiрiстерi 108 пайызға орындалған. Мемлекеттiк бюджет шығыстары жоспарға қарағанда 98,2 пайызға орындалған. Бұл ретте республикалық бюджет шығыстары 98,3 пайызға, ал жергiлiктi бюджет шығыстары – 99,1 пайызға орындалған.

Экономика салалары

«Биыл Қазақстан экономикасы белсендi түрде қалпына келуде. Бес айдың қорытындысы бойынша жалпы iшкi өнiмнiң өсiмi 1,6 пайызды құрады. Экономиканың барлық салаларында оң өсiм байқалуда», - дедi ол.

Оның айтуынша, республика бойынша өңдеушi өнеркәсiбi экономиканың негiзгi драйверлерiнiң бiрi болған. Соның iшiнде, машина жасау, химия өнеркәсiбi, фармацевтика және жеңiл өнеркәсiп жоғарғы өсiмдi көрсеткен.

«Құрылыс саласы мен тұрғын үйдi пайдалануға беру бойынша өсу қарқыны жоғары. Ауыл шаруашылығында тұрақты өсу қарқыны байқалады. Қызмет көрсету саласында екi ай қатарынан оң өсу серпiнi белгiлендi. Бұған септiгiн тигiзген негiзi факторлар сауда, байланыс, жылжымайтын мүлiкпен операциялар, қаржы және сақтандыру қызметi салалары болды», - дедi премьер-министр.

Сонымен қатар, ол өндiрiстiк емес салаларда жоғары инвестициялық белсендiлiк байқалатынын бұл экономиканы әртарап-тан-ды-ру арқылы орнықты әрi сапалы дамуы үшiн негiз болатынын атап өттi. Негiзгi капиталға инвестициялардың өсiмi тау-кен өндiру өнеркәсiбiн ескермегенде 25,5 пайыз құраған.

«Құрылыс, өңдеу өнеркәсiбi, оның iшiнде тамақ өнiмдерi өнеркәсiбi, ақпарат және байланыс, ауыл шаруашылығы, сауда, жылжымайтын мүлiкпен операциялар және көлiк салаларына инвестициялар елеулi өстi», - дедi премьер-министр.

Азық-түлiк қауiпсiздiгi

Сонымен қоса, ол азық-түлiк қауiпсiздiгi деңгейiн арттыру жұмысы белсендi жүрiп жатқанын, 29 негiзгi азық-түлiк тауарының 11 100 пайыздан аса қамтамасыз етiлгенiн, ал 12 тауар бойынша – 80 пайыздан артық екенiн атап өттi.

«6 тауар бойынша импортқа тәуелдiлiк бар. Оны азайту үшiн Азық-түлiк тауарлары өндiрiсiн ұлғайту бойынша кешендi жоспар iске асырылып жатыр.   Биыл 35 сүт-тауарлы ферманы, 2200 гектар бау-бақша, 2 ет комбинатын, 5 құс фабрикасын, 4 балық өндiрiсi объектiсiн iске қосу жоспарланған. Сонымен қатар 2022-2023 жылдары тағы 70 сүт-тауарлы фермасын, 4400 гектар бау-бақша, 4 ет комбинатын, 6 құс фабрикасын, 4 балық өндiрiсi объектiсiн және 1 қант зауытын iске қосу жоспарланған», - дедi министр.

Осының барлығы, оның пiкiрiнге, 2024 жылға қарай негiзгi азық-түлiк тауарлары бойынша iшкi нарықты толық өзiн-өзi қамтамасыз етуге мүмкiндiк бередi. 

«Биылғы мамырда азық-түлiк тауарларының бағасы әлемде жылдық мәнде шамамен 40 пайызға өстi, ал Қазақстанда қабылданған шаралардың арқасында азық-түлiк инфляциясы 9,3 пайыз құрады. Осы бағыттағы жұмыс одан әрi жалғасатын болады», - дедi Мамин.

Бұдан бөлек, премьер-министр 2021 жылдың қорытындысы бойынша Үкiметтiң алдында экономика өсiмiн 3,5-4,0 пайыз деңгейiнде қамтамасыз ету және 1,2 млн. адамды жұмыспен қамту шараларын iске асыру мiндетi тұрғанын еске салды. Бұл халықтың нақты табысын 5% арттыруға мүмкiндiк бермек.

«Үкiмет сонымен қатар 8 трлн. теңгеге 415  инвестициялық жобаны iске асыруды көздеп отыр. 17 млн. шаршы метр тұрғын үйдi пайдалануға беру, 200 мектеп салу және 30 медпункт ашу, 6 мың км автожол жөндеу және салу, халықты ауыз сумен қалада – 98 пайыз және ауылда – 91,8 пайыз қамтамасыз ету жоспарланған», - дедi ол.

Сонымен бiрге, агроөнеркәсiптiк кешеннiң әлеуетiн пайдалану үшiн 1 050 км каналды жөндеу жоспарланған, бұл суарылатын жерлердi 78 мың гектарға ұлғайтуға мүмкiндiк бермек.

ҚР Парламентi Палаталарының бiрлескен отырысында ҚР Қаржы министрi Ерұлан Жамаубаев үкiмет есебi Парламенттiң Мәжiлiсi мен Сенатында егжей-тегжейлi қаралғанын атап өттi. Оның мәлiметiнше, республикалық бюджеттiң негiзгi параметрлерi толық атқарылған. Бюджет түсiмдерi 12 трлн. 49 млрд. теңгенi немесе жоспарға 100,3% -ды құраған, яғни жоспар орындалған. Ал, шығыстар 98,3%-ға игерiлiп, 14 трлн. 234 млрд. теңенi құраған.

«Бюджет тапшылығы 2 трлн. 185 млрд. теңгенi немесе жалпы iшкi өнiмнiң 3,1%-ын құрады. Жалпы мемлекет өзiнiң әлеуметтiк мiндеттемелерiн толығымен орындады» , - дедi министр.

Сонымен бiрге, ол экономикалық өсудi қалпына келтiру жөнiндегi Кешендi жоспар дер кезiнде әзiрленiп, қабылданғанын, бұл жұмыс орындары мен iскерлiк белсендiлiктi сақтауға мүмкiндiк беретiнiн атап өттi.

Кiрiстер бойынша

Сонымен бiрге, Есеп комитетi салықтық әкiмшiлендiру мәселелерiне ерекше назар аударғанын, қосымша салық түсiмдерiнiң 7 есеге төмендеуi туралы ескертiлгенiн де еске салды. Шын мәнiнде, оның айтуынша, 2020 жылға арналған нақтыланған республикалық бюджетте қосымша салық түсiмдерiнiң жоспарлы көлемi 1,5 трлн. теңгенi емес, 476 млрд. теңгенi құраған.

«Бұл ретте, Есеп комитетi салықтық және кедендiк тексерулер мен камералдық бақылау нәтижелерi бойынша ғана қосымша түсiмдер ескередi. Алайда фискалдық органдар қолданатын шаралар әлдеқайда кең және оның iшiнде әкiмшiлендiрудегi цифрлық қолдануды да қамтиды. Салықтық және кедендiк шаралар есебiнен iс жүзiнде қосымша түсiмдер 710 млрд. теңге. Бұл өткен жылы қолданылған тексерулерге мораторийге және бизнеске ұсынылған салықтық жеңiлдiктерге қарамастан болып отыр», - дедi Ерұлан Жамаубаев.

Осылайша, оның айтуынша, iс жүзiнде дағдарыс жағдайында қосымша түсiмдер көлемiнiң азаюына жол берiлмей, керiсiнше, бекiтiлген жоспарлы кiрiс көлемi 1,5 есе асыра орындалған.

Қосылған құн салығы

Министрдiң мәлiметiнше, 2021 жылғы 1 қаңтарда қосылған құн салығы бойынша артық төлем 1,6 трлн. теңгенi құраған. Осы соманың басым бөлiгi салық төлеушiлер сатып алған тауарлар мен көрсетiлген қызметтер бойынша қалыптасқан, яғни бюджетке iс жүзiнде артық салық төленбеген. Дегенмен бұл қаражат, оның айтуынша, қосылған құн салығын төлеу бойынша туындаған салық мiндеттемелерiнiң есебiне пайдаланылуы мүмкiн.

Ұлттық қор

Министрдiң сөзiнше, өткен жылы Ұлттық қорға жiберiлуi тиiс барлық салықтар мен төлемдер толық көлемде аударылған. Қарашығанақ жобасына қатысты арбитраждық даулардың қорытындылары бойынша, қаржылық өтемақыны аудару бюджеттiк сыныптамаға және заңнамаға сәйкес «Республикалық бюджетке салықтық емес басқа да түсiмдер» кодына түскен, яғни бәрi мақсатқа және заңға сай.

«Бұл ретте, Ұлттық қордың активтерi 2020 жылы 744 млрд. теңгеге өсiп, 28,2 трлн теңгенi құрады. Қорды басқарудан түскен инвестициялық кiрiс 4,1 трлн. теңге құрады, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 2,5 есеге көп. Келешекте кепiлдендiрiлген трансферт бойынша контрциклдық қағиданы қолдану үшiн Бюджет кодексiне тиiстi түзетулер қабылданды», - дедi ол.

Оның айтуынша, кепiлдендiрiлген трансферт мұнайдың консервативтiк бағасы кезiнде мұнай секторынан Ұлттық қорға түсетiн түсiмдер мөлшерiнен аспайтын көлемде айқындалатын болады. Яғни орта мерзiмдi кезеңде трансферт сомасы бiртiндеп қысқаратын болады. Бұл, министрдiң пiкiрiнше, мұнайға қатысты емес тапшылықтың төмендеуiне және Ұлттық қордың өсуiне ықпал етпек.

Шығыстар 

Министр Есеп комитетi барлық мемлекеттiк аудит органдары анықтаған тиiмсiз пайдаланылған қаражат көлемiнiң өскенi туралы айтқанын еске салып өттi. Шын мәнiнде, бұзушылықтардың өсуi өңiрлердегi тексеру комиссияларының жүргiзген тиiмдiлiк аудитi аясының айтарлықтай кеңеюiне байланысты.

«Нәтижесiнде, жергiлiктi атқарушы органдардың 296 млрд. теңге сомасына қаражатты тиiмсiз жұмсауы анықталды. Қалған мемлекеттiк аудит органдары бойынша керiсiнше қаражаттың тиiмсiз пайдаланылуының төмендегенi байқалады. Атап айтсақ, Есеп комитетi белгiлеген бұзушылық фактiлерi 32%-ға, ал iшкi мемлекеттiк аудит органдары бойынша 3 есеге төмендедi», - дедi министр.

Бұл аудиттi цифрландырудың, камералдық бақылауға көшудiң және қаражатты тиiмсiз пайдалану фактiлерiн болдырмау және жол бермеу жөнiндегi алдын алу шараларының нәтижесi екенiн тiлге тиек еттi.

Шығыстардың тиiмдiлiгiн арттыру

Сонымен қоса, министр бюджет шығыстарының тиiмдiлiгiн арттыру мәселесi Үкiметтiң тұрақты бақылауында екенiн тағы да атап өттi. 2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын қалыптастыру кезiнде мемлекеттiк органдар алғаш рет бюджеттiк субсидиялар мен инвестициялық жобаларға бағытталатын мәлiмделген шығыстардан экономикалық қайтарым бойынша есептердi ұсынбақ.

Бюджетаралық қатынастарды жетiлдiру

Бұдан бөлек, Ерұлан Жамаубаев бюджетаралық қатынастарды жетiлдiру мәселесiне тоқталып өттi. Оның айтуынша, қолданыстағы жалпы сипаттағы өзгермейтiн трансферттердi 3 жылға қолдану әдiстемесi унитарлық мемлекеттерге тән. Бұл өңiрлерге қосымша алынған кiрiстердi өздерiне пайдалануға мүмкiндiк бередi.

«Мысалы, 2017-2019 жылдары жергiлiктi бюджеттер 1 трлн. теңгеге жуық асыра орындалып, ол өңiрлердiң өздерiнде қалған болатын. Өткен жылдан бастап жергiлiктi бюджеттердiң дербестiгiн арттыру үшiн шағын және орта бизнестен түсетiн корпоративтiк табыс салығы олардың шығыстар базасына берiлдi. Бұл жақсы шешiм болды. 2020 жылы шағын және орта бизнестен корпоративтiк табыс салығы бойынша жоспар 25%-ға асыра орындалды», - дедi министр.

Ведомство басшысының сөзiнше, биылғы 5 айда жергiлiктi бюджеттердiң меншiктi кiрiстерi 29%-ға немесе 367 млрд. теңгеге артығымен орындалған. Ағымдағы жылы Жалпы сипаттағы трансферттердi есептеудiң жаңа әдiстемесi әзiрленедi.

«Онда барлық iс жүзiнде қалыптасқан шығыстар, оның iшiнде инфрақұрылымның, жолдардың және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының ағымдағы жай-күйi ескерiлетiн болады. Сондай-ақ, жаңадан iске қосылатын объектiлердi күтiп ұстау бойынша қаражат ескерiлетiн болады. Барлық көрсеткiштер мен коэффициенттер қайта қаралады», - дедi Ерұлан Жамаубаев.

Жекешелендiрудiң кешендi жоспары 

Бұдан бөлек, министр Есеп комитетi Жекешелендiрудiң кешендi жоспары төмен деңгейде iске асырылғаны туралы хабарлағанын да атап өттi.

«Бұл көрсеткiш 62% қана болды делiнген. Шын мәнiнде, жоспардың iс жүзiнде орындалуы 93,4% деңгейiнде қамтамасыз етiлдi. Жоспарда барлығы 864 объектiнi сату көзделген болатын. Ал атқарылуы 807 объектiнi құрады: 506-сы сатылды, 301-i қайта ұйымдастырылды немесе таратылды», - дедi ол.

Сонымен бiрге, бiрқатар кәсiпорындар бойынша неғұрлым мұқият дайындық қажеттiлiгiне және нарықтың қолайсыз конъюктурасына байланысты жекешелендiру мерзiмiн неғұрлым кеiнгi кезеңге ауыстыруға қатысты тиiстi шешiм қабылданғанын атап өттi. 

Жалпы, оның мәлiметiнше, қалған кәсiпорындар 2021 – 2025 жылдарға арналған жекешелендiрудiң кешендi жоспарын енгiзген.

Мемлекеттiк аудит бойынша

Бұдан бөлек, министр Есеп комитетi мемлекеттiк борыштың өсуiне назар аударып, оның жалпы iшкi өнiмге қатынасы 29,4%-ға жеткенiн және жаңа Бюджет саясаты тұжырымдамасында белгiленген 27% болатын шектеуден асқанын хабарлағанын атап өттi. 

«Расында Тұжырымдамада көрсетiлген 27% Үкiметтiң өзi белгiлеген индикативтiк көрсеткiш қана болып табылады. Ал тұжырымдаманың өзi қазiр өзектi емес. Сондықтан макроэкономикалық жағдайды және экономика дамуының басқа да параметрлерiн ескере отырып, жаңа құжат әзiрленуде», - дедi Ерұлан Жамаубаев.

Оның айтуынша, мемлекеттiк қарыздың жалпы iшкi өнiмге арақатынасы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартта және Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейiнгi ұлттық даму жоспарында белгiленген лимиттен аспайды. Барлық борыштық индикаторлар орындалуда және қауiпсiз деңгейде сақталуда.

Барлық жаңалықтар