• Басты
  • Алматыда Ғылым қызметкерлері күніне арналған конференция өтті (ФОТО)

Алматыда Ғылым қызметкерлері күніне арналған конференция өтті (ФОТО)

11 Сәуір, 2015 11:38
Алматыда «Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бес институционалды реформаларын іске асыру аясында Қазақстан ғылымын дамыту» атты ғылыми-практикалық конференция өтеді.

Білім және ғылым министрлігі хабарлағандай, конференция жұмысында Қазақстанның академиктері мен ғалымдары, Ұлттық ғылыми кеңес мүшелері, Назарбаев университетінің, жоғары оқу орындарының және ғылыми ұйымдардың басшылары, ұжымдық және инженерлік қолданыстағы зертханалар басшылары, ғылым мен жоғары білім беру саласының басқа да қызметкерлері, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Парламентінің шақырылған депуттары қатысады.

Конференция қарсаңында ғалымдар физика-математикалық бағыттағы ҒЗИ-ды дамытудың басым бағыттары мен проблемаларына, ғылыми-техникалық ақпаратты дамыту, биологиялық ғылымдарды дамытудың басым бағыттары, «Ғылыми қазына» ғылыми-техникалық бағдарламасын іске асыру және «Тарих ғылым толқынында» тарихи зерттеулер бағдарламасын іске асыру қорытындылары және т.б. мәселелерін қарастыратын тақырыптық дөңгелек үстелдер өткізілді.

Конференция шеңберінде үздік ғылыми жетістіктер мен  2011-2014 жылдардың қорытындысы бойынша қазақстандық ғылымдардың ғылыми зерттеулерінің нәтижелерін көрсетіп, жариялауға бағытталған отандық ғылымның жетістіктер көрмесі ұйымдастырылатын болады.

Сонымен, 2014 жылы ғылыми зерттеулерге жұмсалған шығындар 66,4 миллиард теңгені құрап, 2010 жылмен салыстырғанда 2 есеге өсті.  2 мыңнан астам жоба қолдалынған ғылыми жобаларды гранттық қаржыландырудың 4 байқауы өткізілді. Бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру шеңберінде 105 ғылыми-техникалық бағдарлама іске асырылуда. 2011 жылдан бастап қазақстандық ғалымдар   Thomson Reuters, Springer, Elsevier әлемдік ақпараттық ресурстарына тегін рұқсатпен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ, жалпы ғылыми қызметкерлер санының өсуі байқалды – 2009 жылы 15 мыңнан қазіргі уақытта 25,8 мыңға дейін.

Халықаралық рейтингтік журналдарда жарияланым жасаудың айтарлықтай өсуі байқалады – 2014 жылы 2784 жұмыс жарияланған, яғни 2011 жылмен (894) салыстырғанда үш есеге артқан. Жасап шығару мен инновацияға 1400 - ден астам патенттер алынды.

2014 жыл қорытындысы бойынша технологияны коммерциаландыру шеңберінде 118 жоба нәтижелері өндірісте қолданысқа енгізілді.

Конференция соңында жетекші ғалымдар мен ғылыми қызметкерлер «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін», «Қазақстан Республикасының Білім беру саласының ардақты қызметкері» белгілерімен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің құрмет грамотасымен марапатталатын салтанатты рәсім өткізілетін болады.

Барлық жаңалықтар