Алматыда теңдесі жоқ агрокешеннің құрылыс жобасы мақұлданды

11 Сәуір, 2015 11:03
Алматы әкімі Ахметжан Есімов Наурызбай ауданының аумағын толығымен жоспарлау жобасын мақұлдады. Қала басшысына салынатын әкімшілік-іскерлік, тұрғын үй, сауда-өндірістік және қоғамдық маңызы бар нысандардың макеттері көрсетілді, деп хабарлады қала әкімдігі.

Ауданның 153 гектар жеріне биік тұрғын үйлер, білім және денсаулық сақтау нысандары, соның ішінде әрқайсысы 1200 орынды 4 мектеп, 320 орынды 9 бала бақша салынады. Бұлардан өзге, елімізде теңдесі жоқ агрокешен де осы аудан аумағына орналасады. Жеке инвесторлардың тұрғын үйлер салуды қаржыландыруы да атап өтерлік.

Әкім аудан аумағын жоспарлау жобасы болашақта оның өркен жаюының іргетасы болуымен қатар Алматының Орта Азиядағы ірі мегаполис ретінде одан әрі дамуына ықпал ететінін атап өтті. Сонымен қатар, әкім бірінші кезектегі шараларды жүзеге асырып, әлеуметтік-мәдени маңызы бар нысандарды салу негізгі міндет екендігін айтты.

«Таяудағы міндет - аудан тұрғындарының өздерін нағыз қалалықтар ретінде сезінулеріне қол жеткізу. Ол үшін бізге сапалы инфрақұрылымды дамыту қажет. Алдағы басты мақсат - Наурызбай ауданын Алматыдағы нағыз заманауи және жайлы ауданның біріне айналдыру, оған толық мүмкіндік бар, біз оны алғашқы қазығын қағудан бастап салудамыз», - деді Ахметжан Есімов.

Ауданда бұрыннан бар жолдар қайта жасалып, жаңа жол- көше желісі салынады. Көпшілік пайдаланатын жерлерге ашық автотұрақтар,«смарт-паркингтер» орналасады. Аудан аумағын көгалдандыруға ерекше маңыз беріледі. Алдын-ала есептеулер бойынша жобаны жүзеге асыру мерзімі 3 жылды құрайды.

Назарларыңызға, Наурызбай ауданы Алматы қаласы Мәслихатының кезектен тыс өткен ХХІХ сессиясының шешімімен 2014 жылы құрылған болатын. Мегаполистің сегізінші ауданы болып саналатын бұл аумақта 180 мыңнан астам адам тұрады.

 

Барлық жаңалықтар