• Басты
  • Жаңалықтар
  • Астана әкімдігі мен ЕҚДБ арасында ққоғамдық көліктерді жеткізу мен көлік тұрақтарын қаржыландыру бойынша келісімге қол қойылды

Астана әкімдігі мен ЕҚДБ арасында ққоғамдық көліктерді жеткізу мен көлік тұрақтарын қаржыландыру бойынша келісімге қол қойылды

10 Сәуір, 2015 20:37
Астана әкімдігінде қоғамдық көлікті жеткізіп беру мен көлік тұрақтарын қаржыландыру бойынша, қала әкімдігінің құзырындағы «Астана LRT» жауапкершілігі шектеулі серікстестігі мен Еуропалық қайта құру және даму банкі арасында арнайы келісімге қол қойылды, деп хабарлады әкімдік өкілдері.

«Келісімге сәйкес, елордаға электронды түрде билет беретін, жолаушылар санын есептеп отыратын,  мүмкіндігі шектеулі жандарды алып жүру жүйелері орнатылған және жолаушыларды ақпаратпен қамтамасыз ету құрылғысы бар қоғамдық көліктер жеткізілуі керек. Сондай-ақ осы келісім талаптары бойынша елордаға 2015-2016 жылдар аралығында 200 автобус жеткізілуі тиіс. Сонымен қатар, қаржыландыру Астанадағы көше бойындағы көлік тұрақтары жүйесіне бағытталатын болады,-делінген хабарламада.     

ЕҚДБ тарапынан қаржыландыру елордадағы көлік тұрағына қатысты кең ауқымды мәселелерді шешуге мүмкіндік береді.  

«Қазіргі таңда қала әкімдігі шаһардың бүкіл көлік жүйесін жетілдіру үшін жүйелі жұмыстар атқаруда. Халықаралық қаржыландыру ұйымдарымен бірлескен түрде қолға алынған осындай шаралар жоспарланған міндеттерді талапқа сай жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Яғни біз қазір ЕҚДБ арқылы жолаушылар көлігі саласы мен қаланың жол қозғалысын саласын реформалауға мүмкіндік алып отырмыз. Жақын арада бұл игілікке қала тұрғындары мен оның қонақтары тиісті бағасын береді»,-деді Астана қаласы әкімінің орынбасары Нұралы Алиев.   

Қол қойылған келісім мемлекеттік кепілдіксіз және төменгі пайыздық көрсеткішпен 10 жылға дейін несиелеу шарасын қарастырады және көлік саласын жаңғырту бағытында 2017 жылға дейін 1 мың 300 автобус әкелуді қарастырылған. Бұл жылжымалы құрамды 50 пайызға жаңартуға мүмкіндік береді.

«Елордада алдағы уақытта ЭКСПО-2017 көрмесі өтетіні белгілі. Сол себепті қаланың көлік жүйесін дамыту өте маңызды. Оның үстіне Мемлекет басшысының «Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес, елорданың рөлі көлік орталығы мен ірі темір жол және автомобиль желісі ретінде тек арта беретін болады»,-деді Н.Алиев.

  

Барлық жаңалықтар