• Басты
  • «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы: нәтижелер, мемлекеттік гранттар, микрокредиттер

«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы: нәтижелер, мемлекеттік гранттар, микрокредиттер

10 Наурыз, 2021 13:45

Биыл нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының төртінші жылы басталды. Бағдарламаның нәтижелері, елдегі кәсіпкерліктің дамуы, жұмыспен қамтамасыз ету туралы Strategy2050.kz тілшісінің шолу материалынан біліңіз.


Бағдарламаның мақсаты мен Президент тапсырмасы

«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының мақсаты - халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және азаматтарды кәсіпкерлікке тарту. Бұл бағдарлама 2017 жылы іске қосылған болатын.

Бағдарламаның іске асуы мемлекет басшысының тапсырмалары негізінде жүзеге асырылды. Олар:

ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Назарбаевтың 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы;

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың 2019 жылғы 2 қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауы;

Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 15 ақпандағы № 636 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары.

Бағдарламаның құжатын ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі әзірледі. Бағдарлама айқын міндеттерді көздеді. Олар:

  • Еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлау;

  • Жұмыс берушілердің өтінімдері және еңбек нарығында сұранысқа ие біліктіліктер мен дағдылар бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқыту;

  • «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» ("Серпін") жобасы шеңберінде кадрлар даярлау;

  • Еңбек шарты бойынша жұмыс істейтін, оның ішінде қысқартылатын жұмыскерлерді кәсіптік оқыту;

  • «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту;

  • Ауылдық елді мекендерде, шағын қалаларда, қалалар мен моноқалаларда микрокредит беруді кеңейту;

  • Ауылдық елді мекендерде және шағын қалаларда, қалалар мен моноқалаларда берілетін кредиттерді/микрокредиттерді кепілдендіру;

  • Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беру;

  • Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын көрсету және жұмыссыздар мен Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын жұмыспен қамтылған адамдардың жекелеген санаттары үшін әлеуметтік кәсіптік бағдарлау жүргізу;

  • Еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру;

  •  Жұмысқа орналастыру бойынша бірыңғай цифрлық алаңды дамыту;

  • «Жастар – ел тірегі» ұлттық жобасының кешенді іс-шараларын іске асыру.

2021 жылдың соңына дейін бағдарлама жалғасып, осы жылдың соңында қорытындыланады.

2020 жылғы көрсеткіш

Жалпы, өткен жылы Қазақстанда 1,4 миллионнан астам адам жұмыспен қамту шараларымен қамтылды, оның ішінде 783 мың адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Сөйтіп, 2020 жылдың соңында Қазақстанның жұмыссыздық деңгейі 4,9%-ды құрады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкеновтің айтуынша, 2020 жылдың қорытындысы бойынша 649 мың адам «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының қатысушысы болды. Ал, 2019 жылы бұл бағдарлама шеңберінде 363,7 мың адам жұмысқа орналасса, оның 255,6 мыңы тұрақты жұмыс тапқан.

«Еңбек» мемлекеттік баңдарламасына қатысушылардың көбі – жұмыссыз жастар. Өткен жылы 211 мың жұмыссыз жас осы бағдарламаға қатысты. Олар барлық қатысушының үштен бірінен көбін құрайды (32%). Қатысушылардың 43 пайызы әйелдер. Барлығы 437 мың аам, оның ішінде 319 мың адам немесе 73% тұрақты жұмыспен қамтылды. 210 мың адам субсидияланған жұмыспен қамтылды», - деді.

Жоғарыда айтқандай, бағдарлама қатысушыларға білім алуға мүмкіндік береді. 70 мың адам қысқа мерзімді курстарғ техникалық кәсіби білім алып, сонымен қатар «Бастау Бизнес» жобасы арқылы кәсіпкерлік туралы білім алып, пайдаға асырған.

«Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне 33 мыңнан астам адам оқытылды. Жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыру үшін 12 700 жеңілдетілген микрокредит және 44 900 қайтарымсыз мемлекеттік грант берілді. Соның ішінде 1,4 мың микрокредит көпбалалы және табысы аз отбасыларға берілді. Микрокредит алушылар қосымша 13,7 мың жұмыс орнын құрды. 5,8 мың адам солтүстік өңірлерге қоныс аударды, оның ішінде жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен еңбекке жарамды жастағы 2,5 мың адам (жұмыспен қамтылды, бизнесті дамытуға мүмкіндік алды және тағы басқа) қамтылды», – деді министр Серік Шәпкенов.

«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру барысында Қазақстанда кәсіпкерлікті дамытуға 12,7 мың микрокредит берілді. Оның тең жартысы, нақтырақ, 11,2 мың микрокредит ауыл тұрғындарына берілген. Микрокредит алған кәсіпкерлер қосымша 13,7 мың жұмыс орнын ашып, өзге жұмыссыз тұрғындардың жұмыспен қамтылуына жағдай жасады.

Сондай-ақ, «Еңбек» бағдарламасына қатысушыларға жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға 200 АЕК-ке дейінгі мөлшерде 44,9 мың мемлекеттік қайтарымсыз грант берілді. Сонымен қатар, өткен жылы 33,2 мың адам «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздері бойынша білім алды.

Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігіне халықты жұмыспен қамту құзіреті берілгендіктен, жыл сайын жаңа бағдарламалар мен жол картасы әзірленіп, жүзеге асырылады. Мәселен, өткен жылы пандемия салдарынан жұмыссыздықтың ушығу қаупін азайту мақсатында, дағдарысқа қарсы жаңа бағдарлама – «Жұмыспен қамтудың жол картасы» қабылданды. Бұл бағдарлама аясында 6,7 мың инфрақұрылымдық жоба іске қосылып, жаңа жұмыс орындары пайда болды. Нәтижесінде 239 мың адам жұмысқа орналасты.

Министрдің айтуынша, «Жол каратасының» жүзеге асуы кезінде кедергілер аз болмаған. Әсіресе өңірлерде жоспар толық орындалмапты.

«Біріншіден, жұмыспен қамтудың Алматы, Батыс Қазақстан, Түркістан облыстары мен Алматы қаласында жоспарланған индикаторына қол жеткізілген жоқ. Екіншіден, Алматы облысында жобалық-сметалық құжаттама ұзақ уақытқа созылғандықтан, 6 мектептің құрылысы басталмаған. Биыл мұндай проблемалар болмайды деп сенемін», – деді Серік Шәпкенов.

Бұдан басқа, өткен жылы іке асқан өзге де басқа мемлекеттік бағдарламалар 559 мың жұмыс орны құрған. Оның 386 мыңы тұрақты жұмыс орындары.

2021 жылға қойылған мақсаттар

«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы осы жылы да жұмыс істеуді жалғастырмақ. Министрлік бағдарлама шеңберінде, нақты мақсаттарды көздеп отыр.

- басымдық берілген құралдар арқылы халықтың нысаналы топтарын жұмыспен қамтуды қолдау;

- жұмыс орнында және онлайн оқыту арқылы экономика талаптарына сәйкес жұмыс күшінің біліктілігін дамыту;

- өңірлер экономикасындағы зәкірлік кооперацияны және өндірістік тізбектерді дамытуға микрокредит беру арқылы жеке секторда жұмыс орындарын құруды қолдау.

Мәселен, 700 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамту жоспарда. Жастардың білім алуы мен жұмыспен қамтылуы басты назарда. Сондай-ақ, жетім балалар мен мүгедектер үшін жұмыс орындары құрылады. «Бастау Бизнес» жобасы аясында 30 мың адам оқытылады, оның 6 мыңы жастар. Электрондық еңбек биржасы арқылы 5000 жұмыссыз жұмыс берушілердің сұранысы бойынша сұранысқа ие дағдыларға оқытылады. «Бірінші жұмыс орны» жобасымен 1,5 мың адамды қамтылу көзделіп отыр. Мұнымен қоса, 10 мың мемлекеттік грант берілмек.

Жетім балалардың кем дегенде 85%-ы жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмысқа орналасады.Ал еңбекке қабілетті жастағы мүгедектігі бар адамдардың жұмыспен қамтылу үлесі 24%-ға дейін ұлғайтылады.

2021 жылы 27 мыңнан астам жұмыс орнын құру арқылы 331 жоба жоспарланып отыр, оның ішінде 10 мыңнан астамы жобалар аяқталғаннан кейін тұрақты болып қалады.

Осы мақсаттардың жүзеге асырыл жолында, 2021 басталғалы алғашқы айында-ақ 52,4 мың адам бағдарламаға қатысты. Оның ішінде 49,3 мың адам жұмысқа орналастырылды. 13,8 мың адам орналасқан жұмыс тұрақты болып саналады.

Серік Шәпкенов Үкімет отырысында берген есебінде, субсидияланатын жұмыс орындарына 35,7 мың адам жұмысқа тұрғанын айтқан болатын.

«Әлеуметтік жұмыс орындарына 3,7 мың адам орналасты. Жастар практикасына 1,4 мың адам, ал қоғамдық жұмыстарға 30,6 мың адам араласты. Еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру шеңберінде жұмыс күші артық өңірлерден құрамында 5,8 мың адам бар 1,8 мың отбасы қоныс аударды.», - деді ол.

Мұнымен қоса, оқыту курстарына 18,7 мың адам жіберіліп, білім алуға мүмкіндік жасалды. ТжКБ ұйымдарында оқытумен 18,4 мың адам қамтылды.

«Жастар – ел тірегі» жобасы

2019 – Жастар жылында «Еңбек» бағдарламасы аясында «Жастар – ел тірегі» жобасы іске қосылғаны белгілі. Бұл жоба ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігімен ҚР Білім және ғылым министрлігінің бірлесіп, сұранысқа ие сервистік және индустриялық кәсіптердің тізімін бекітуіне жол ашты. Сөйтіп, жұмыссыз жастар Ақпараттық технология, телекоммуникация, өңдеуші өнеркәсіп, инженер, сәулетші, құрылысшы, бетоншы, сырлаушы, аспаз, машинист және т.б. мамандықтар бойынша білім алуға мүмкіндік алды. Қазіргі таңда Қазақстанның әр аймағында «Жастар – ел тірегі» жобасы жұмыс істеп тұр. Жоба жастардың қосымша білім алуына қолайлы жағдай туғызды.

 «Бастау Бизнес» пен «Жас кәсіпкер жобалары

«Бастау Бизнес», «Жас кәсіпкер» жобалары жобасы бойынша кәсіпкерлікке оқыту

Мемлекет басшысы Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арнаған алғашқы Жолдауында жастарды кәсіпкерлікке баулға назар аудару керектігін айтты. Ел ішінде кәсіпкерлікті дамыту санаға сіңген патерналистік пиғыл мен масылдықтан арылуға мүмкіндік беретінін айтты.

Президенттің тапсырмасы негізінде нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының жаппай кәсіпкерлікті дамытуды көздейтін екінші бағыты шеңберінде жұмыссыздардың кәсіпкерлік бастамашылығын қолдау мақсатында «Бастау Бизнес» мен «Жас кәсіпкер» жобалары 2019 жылдан бері іске асырылып келеді.

«Бастау Бизнес» жобасы Бағдарламаға қатысушыларды кәсіпкерлік дағдыларына, оның ішінде ауыл шаруашылығы кооперативтерін қалыптастыру қағидаттарына оқытуға, сондай-ақ олардың бизнес жобаларын сүйемелдеуге бағытталған.

 Ал, «Жас кәсіпкер» жобасы оқу жобасы «Бастау» жобасы аясында іске асырылды. 2019 жыл «Жастарды қолдау» жылы болып бекітілген болатын. Бұл бағдарлама қаржылық болғаннан кейін және мемлекет бюджетінен қаржыландыратындықтан, арнайы талаптары бар. Мәселен, грантты алудың басты шарты – «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында оқуды аяқтағанын растайтын құжаттың болу керек. Бұл жобалар "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен "Даму" кәсіпкерлікті қолдау қорларымен бірге жүзеге асырылды.

 Сонымен, нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы 3 жылда оң нәтижесін бергенін статитика мәліметтері көрсетті. Жылдан жылға кәсіп бастаған, жұмыспен қамтылған қазақстандықтардың саны өскен. 2021 жылдың соңына қарай «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының жалпы қорытындыларын ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі жариялайды.

Барлық жаңалықтар