• Басты
  • ҚР ҚК құрлық әскерлерінде үздік рота командирлері анықталды (Фото)
10 Сәуір, 2015 20:43

ҚР ҚК құрлық әскерлерінде үздік рота командирлері анықталды (Фото)

Астана маңындағы 36 десанттық-шабуылдау бригадасының базадасында ҚР ҚК Құрлық әскерлері рота командирлерінің сайысы өтті, деп хабарлады Қорғаныс министрлігі.
ҚР ҚК құрлық әскерлерінде үздік рота командирлері анықталды (Фото)

Өз кәсіби біліктілігі мен командирлік қасиеттерін сынауға барлық өңірлік қолбасшылықтардан, әскер тектерінен 60-тан аса офицер келді. Үш күн бойы офицерлер мемлекеттік-құқықтық, атыс, дене, тактикалық даярлықтан, сондай-ақ әскери топографиядан, қару-жарақ және әскери техникаларды білуі бойынша сынақтар тапсырды. Бұдан басқа олар арнайы даярлық бойынша сынақтар тапсырды.

 Байланышылар радиобайланыс арқылы әскерлерді басқаруды ұйымдастырды, артиллерияшылар барлау жүргізіп, шартты нысаналарды жойды, әуе шабуылына қарсы қорғаныс батарея командирлері әуе қарсыласын айқындады, инженерлер рота тірек пункттерін жабдықтауды ұйымдастырды, РХБҚ әскерлерінің офицерлері бөлімшелерді жаппай қырып-жою қаруынан қорғау жұмыстарын жүргізді, тылдық және техникалық қамтамасыз ету роталарының командирлері қару-жараққа қызмет көрсетудегі және ұрыс жүргізуге арналған қажетті заттармен уақтылы қамтамасыз етудегі білімдерін ортаға салды, ал мотоатқыштар, десантшылар мен танкішілер жауынгерлік іс-қимылдарды ұйымдастырудағы дағдыларын көрсетті.

 Үздіктер барлық сайыстардың нәтижелері бойынша анықталды. Оларды Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы генерал-лейтенант Мұрат Майкеев наградтады. «Рота командирі сержанттар мен сарбаздардың барлық күнделікті тіршілік әрекетін тікелей ұйымдастырушы офицер болып табылады. Құрамалар мен бөлімдердегі әскери тәртіп пен жауынгерлік әзірліктің жай-күйі, жауынгерлік оқу-жаттығулардың сапасы командирлер аталған буынының кәсіби даярлық деңгейіне тікелей байланысты.

Осы себепті біз алдағы уақытта да рота командирлерінің біліктілігіне қойылатын талаптарды арттырып, оларды кәсіби жетілдіруді қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдайтын боламыз», - деп генерал-лейтенант Мұрат Майкеев атап өтті.

ҚР ҚК рота командирлері лейтенант Николай Зубенко («Шығыс» өңірлік қолбасшылығы 40398 ә/б мотоатқыштар ротасының командирі), аға лейтенант Ернар Қуанышқали («Шығыс» ӨңҚ 10810 ә/б танк ротасының командирі) капитан Александр Лачков (68665 ә/б арнайы мақсаттағы десантттық-шабуылдау батальоны штабтық ротасының командирі) капитан Асхат Қайынбаев (РӘжәнеА 63310 ә/б дивизионының метеорологиялық батарея командирі), аға лейтенант Мейірхат Бисатов («Шығыс» ӨңҚ 48386 ә/б рота командирі), лейтенант Нұрсұлтан Асанов («Шығыс» ӨңҚ 10810 ә/б байланыс ротасының командирі), капитан Мәулет Тұяқбаев («Батыс» ӨңҚ 25744 ә/б инженерлік-саперлік ротасының командирі), капитан Шәкен Оңғарбаев («Батыс» ӨңҚ 25744 ә/б радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау ротасының командирі), аға лейтенант Евгений Пай («Оңтүстік» ӨңҚ материалдық-техникалық қамтамасыз ету батальоны жөндеу ротасының командирі), капитан Ғани Аязбаев (АэҰӘ 32363 ә/б материалдық қамтамасыз ету ротасының командирі) үздік деп танылды.

 

Барлық жаңалықтар