Н.Назарбаев: Қазақстан көптеген жағдайларға мойымай, ілгерілеуде

10 Сәуір, 2015 12:43
Бүгiн Астанада өтiп жатқан «Елбасымен бірге – жаңа жетістіктерге!» жастар форумы барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан көптеген жағдайларға мойымай, ілгерілеп жатқанын айтты.

«Бүгiнгi күнi Қазақстан көптеген параметрлер бойынша әлемдегi дамыған 30 мемлекеттiң тізіміне кiредi. Бұған бiз қысқа уақытта қол жеткiздiк, 20 жыл тарих үшiн қас қағым сәт. Экономиканың даму қарқыны, бiрқатар өнеркәсiптiк өндiрiс, ауыл шаруашылығы, бiлiм, денсаулық сақтау және басқа да факторлар бойынша осы елдердiң қатарындамыз деп айтуға болады», - дейдi Елбасы.

Мемлекет басшысы атап өткендей, ендi бiз қазақстандықтардың өмiр сүру сапасының деңгейi бойынша әлемнiң жетекшi экономикаларына ұмтылуымыз қажет. Бұл үшiн жан басына шаққандағы жалпы iшкi өнiмнiң көлемi дамыған елдердегi деңгейден екi есе артық болуы тиiс.

«Бүгiнгi күнi әрбiр тұрғынға шаққанда 13 мың доллар өнiм өндiремiз, бұл орта дамыған елдiң деңгейi. Мысалы, Сингапурда бұл көрсеткiш жан басына шаққанда 80 мың доллар, Еуропаның өзге елдерiнде 60 мың доллар. Бұл ең басты көрсеткiш емес, әрине, бiрақ бiз бұл меженi бағындыруымыз керек», - деп қадап айтты Н.Назарбаев.

Айта кетейiк, жастар форумына еліміздің барлық өңірінен 2000-нан астам адам жиналды. Олардың қатарында «Жас Отан» жастар қанатының белсенділері, мәслихаттардағы жас депутаттар, кәсіпкерлер, ғалымдар, белгілі спортшылар және ірі жастар ұйымдарының көшбасшылары бар.
 

Барлық жаңалықтар