• Басты
  • Жаңалықтар
  • «Менің Қазақстаным» пойызы Жамбыл облысының тұрғындарына көмек көрсетуде

«Менің Қазақстаным» пойызы Жамбыл облысының тұрғындарына көмек көрсетуде

10 Сәуір, 2015 12:13
«Менің Қазақстаным!» пойызы Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданының орталығы Құлан ауылына келді. Құландықтар қонақтарды салтанатпен қарсы алып, ән-жырмен шашу шашты, деп хабарлады облыстың ішкі саясат басқармасы.

«Ұлы Жібек жолының бойында жатқан, тамыры терең, өмірі өлең, қойнауы құтты киелі Құлан өңіріне қош келдіңіздер! - деді митингіде сөз сөйлеген аудан әкімі Жарылқасын Айтақов. - Қазақстан халқы Ассамблеясы - тұрақтылық пен қоғамдық келісімнің сенімді, берік іргетасы. Ассамблея жылы - ортақ тарих пен тағдыр мәңгілікке біріктірген халқымыздың бірлігін паш ететін жыл».

Оның айтуынша, ауданда бүгінде 20-ға жуық ұлт пен ұлыс өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешіп, егемен еліміздің гүлденуі жолында еңбек етуде. Аудан орталығында қазақ, орыс, өзбек, қарашай-шешен мәдени орталықтары жұмыс істейді.

«Ауданда Қазақстан халқы Ассамблеясы жылына орай синхрон-акция өтіп, ассамблеяның туы желбіреді. «Қазақстан халқы Ассамблеясы - 20 игі іс-шара» эстафетасының символы «Тайқазанды» қарсы алу шарасы аясында көптеген қайырымдылық шаралары және татулық пен тұрақтылықты нығайтуға бағытталған жұмыстар атқарылуда. Біз барлық ұлт өкілдерінің мәдениеті мен өнерін, салт-дәстүрі мен тілін сақтауға бағытталған шараларды бұдан әрі де жалғастыра береміз», - деп атап өтті аудан басшысы.

Айта кетейік, ауданда 68 мыңнан астам халық тұрады. Бұл Жамбыл облысындағы ең ірі аудандардың бірі болып саналады. Аудан басшысының айтуынша, өңірдегі ең негізгі тіршілік көзі ауыл шаруашылығы.

«Ауданда бидай мен арпа егетін жеріміз 78 мың гектарға дейін жетеді. Қазіргі кезде көктемгі егіс жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен қатар бізде қазіргі кезде мал шаруашылығы да дамып келеді. Ауданда ірі жылқы зауыты жолға қойылған», - деп атап өтті Ж. Айтақов.

Кешке жақын жұмыс күнін қорытындылауға арналған баспасөз мəслихатында белгілі болғандай, пойызбен келген Мəжіліс депуттатары мен Қоғамдық келісім мүшелері ауданның 20 азаматын қабылдап, олардың мəселелерін шешуге көмектескен.

Ал дəрігерлер 400-ден астам адамды қабылдап, оларға жоғары деңгейде кəсіби көмек көрсетті. Сондай-ақ, олар төсек тартып жатқан екі науқастың үйлеріне барып, сол жерде оларға медициналық қызмет жасады.

Барлық жаңалықтар