• Басты
  • Жаңалықтар
  • ҚР Президенттігіне кандидат Н.Назарбаевтың РҚШ мүшелері Шымкенттің зиялылар қауымымен кездесті

ҚР Президенттігіне кандидат Н.Назарбаевтың РҚШ мүшелері Шымкенттің зиялылар қауымымен кездесті

9 Сәуір, 2015 18:19
Оңтүстік Қазақстанда ҚР Президенттігіне кандидат Н.Назарбаевтың РҚШ мүшелері ғылым және өнер зиялыларымен, Шымкент кәсіпорындарының жұмысшыларымен кездесті, деп хабарлайды штабтың баспасөз қызметі.

Шымкент кардиологиялық орталығының бас дәрігері Спандияр Бекжігітов кездесу барысында Қазақстанда Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүргізіліп жатқан қайта құрылымдар барлық саланы, оның ішінде медицина саласына да оң әсер бергендігін атап өтті. 

«Бізде үздік ауруханалар мен емханалар салынуда. Мәселен, біздің тұрғындар елордаға ота жасату үшін бармайды. Нұрсұлтан Назарбаевтың біздің салаға бөліп отырған  қамқорлығының арқасында шымкенттік кардиологиялық орталық еуропалық үздік қондырғылармен жабдықталды, біздің дәрігерлер шетелде біліктіліктерін арттырып, күрделі ота жасауға машықтанды», - деді С.Бекжігітов.

Оңтүстік Қазақстандағы орыс драма театрының көркемдік жетекшісі Игорь Вербицкий атап өткендей, Мемлекет басшысы халықтың рухани дамуы мен мәдениетке ерекше көңіл бөледі, тәуелсіздік жылдары жүздеген мәдени нысандар енгізілді. Оңтүстік Қазақстанда «Түркістан» салтанат сарайы, «Көрме орталығы» көрме алаңы, «Отырар» облыстық кітапханасы, салт-дәстүр орталығы, тарихи музей және Жұмат Шанин атындағы драма театры мен этномәдени парк ашылды.

«Әрбір өнер адамы үшін ең қымбат – рухани бостандық. Біз Н. Назарбаев басқарып отырған елде осы бостандықты қадірлейміз. Елбасы – асқақ рухты адам. Біз оны қатты бағалаймыз. Біздің Көшбасшы тек өз халқына ғана емес, сондай-ақ, елдің әрбір азаматына қамқорлық танытып отыр», - деді И.Вербицкий.

Тәуліктің екінші жартысында РҚШ-тың өкілдері Шымкент қаласының индустриалды аймағында орналасқан кәсіпорынның жұмысшыларымен кездесті. Аталмыш аймақта Мемлекет басшысының қолдауымен құны 74 миллиард теңге болатын 60 жоба жүзеге асырылуда. 

Кездесу барысында жергілікті кәсіпкерлер Президенттің бизнесті дамыту үшін барлық мүмкіндіктерді жасап отырғандығын атап өтті. Нәтижесінде Оңтүстік Қазақстанда кәсіпкерлік саласы 1 миллион үш жүз мың адамды жұмыспен қамтып отыр. 

«Дана» фирмасы» ЖШС-нің директоры Мамадияр Қадырбеков өзінің индустриалды аймақ территориясында қысқа мерзім ішінде шыны зауытын ашқандығын атап өтті. 

«Мен жеке өзімнің тәжірибемнен Президенттің қолдауын сезінгенімді сенімді түрде айтқым келеді. Өйткені маған бұл жерде барлық коммуникациялары бар жер беріліп, жұмысқа қажетті жағдайлар жасалды. Егер Нұрсұлтан Назарбаев өнеркәсіп өкілдерін қолдамағанда осының барлығы болмайтын еді»,-деді М.Қадырбеков. 

Өз кезегінде «Туран Скин» компаниясының жұмысшысы Татьяна Летуновская Мемлекет басшысына еңбек адамына деген қамқорлығы үшін алғысын білдірді. «Мен теледидар арқылы шет мемлекеттерде зауыттардың жабылып, ондағы азаматтардың жұмыссыз қалғандығын көргенде қайран қалам. Сондықтан да осындай жағдайлардан бізді арашалап, бізге жұмыс орындарын тауып беріп отырған Елбасына үлкен алғыс білдіремін»-деді Т.Летуновская

  

Барлық жаңалықтар