• Басты
  • Жаңалықтар
  • Сенат Қазақстан мен Қытай Үкіметтері арасындағы Төтенше жағдайлардың алдын алу туралы келісімді ратификациялады

Сенат Қазақстан мен Қытай Үкіметтері арасындағы Төтенше жағдайлардың алдын алу туралы келісімді ратификациялады

9 Сәуір, 2015 19:36
Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының отырысы болды, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.

Палата Қазақстан мен Қытай Үкіметтері арасындағы Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялады. Келісім төтенше жағдайларды жою кезінде өзара көмек көрсету үшін құзыретті органдар ынтымақтастығының құқықтық негіздерін белгілеу үшін 2014 жылғы 28 мамырда жасалған болатын.

Сенаторлар Қазақстан мен Тәжікстан Үкіметтері арасындағы Азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді де ратификациялады. Келісімді ратификациялау Қазақстан мен Тәжікстан аумақтарындағы табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардан табиғи зілзаланың тәуекелін төмендетуге және теріс салдарын азайтуға, сондай-ақ екі мемлекеттегі  құтқару құралымдарының қызметін одан әрі дамытуға және жетілдіруге ықпал етеді.

«2006 жылғы  4 қырқүйектегі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттері туралы келісімге хаттамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы  ратификациялау туралы» заң жобасын талқылау барысында қызу пікірсайыс туындады. Сенаторлар С.Еңсегенов, Е.Сағындықов, Л.Киинов және Қ.Айтаханов өз ескертпелері мен ұсыныстарын айтты. Егжей-тегжейлі талқылағаннан кейін Палата құжатты қабылдады. Хаттаманы ратификациялау Мақтарал теміржол өткізу пунктін қазақ-өзбек өткізу пункттерінің тізбесінде заңнамалық тұрғыда бекітуге мүмкіндік береді, ол өзбекстандық транзиттік теміржол бөлігін іске қосу арқылы Шардара су қоймасы ауданынан қазақстандық жүктерді алып шығуды қамтамасыз етеді.

Сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке қатысуын шектеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екі оқылымда қарағаннан кейін қабылдады. Құжатта мемлекеттік функциялар мен компанияларды жекеше секторға беруге негізделген жекешелендіру құралын, сонымен қатар мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке қатысу дәрежесін айқындауды білдіретін қағидаттарды бекіту ұсынылады. Бұл Қазақстандағы кәсіпкерліктің дамуына жаңа серпін беруге мүмкіндік жасайды және іскерлік пен инвестициялық климаттың жақсаруына жұмыс істейді. Бұл мәселе бойынша сөз алған сенаторлар Е.Астаев, Е.Нығматулин, М.Бақтиярұлы, Л.Полторабатько, Т.Абайділдин бірқатар өзекті мәселелерді көрсете отырып, қабылданған заңның маңыздылығын атап өтті. Сенатор С.Ақылбай заң жобаларымен жұмыстардың сапалы жоспарлануы қажеттігін, Сенаттың заң шығару жұмысының сапасына теріс әсер ететін қарбалас жағдайды туындатуды болдырмауға Үкіметтің назарын аударды.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда қарай келіп, сенаторлар құжатты түзетулерімен Мәжіліске жіберді. Көлік құралдарының ақылы автотұрақтарда аялдауы немесе тоқтап тұруы қағидаларын бұзуды, ақылы автотұрақтарда төлем төлеуден, қала бағыттарындағы қоғамдық көліктерде жол жүру ақысын төлеуден жалтаруды болдырмау мақсатында бұл тыйымды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікті қарастыру, одан басқа, қалалық қоғамдық көлікте тарифтерді жүрілген аялдама пункттерінің арақашықтығына қарай айқындау мақсатында «Автомобиль көлігі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында сараланған тарифті қарастыру ұсынылады.

Сенат заңнамаға ойын бизнесі мәселелері бойынша түзетулерді қабылдады. Құжат Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексіне, «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексіне), Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделеді, сондай-ақ «Жарнама туралы» және «Ойын бизнесі туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

Отырыс барысында алименттерді өндіріп алудың тиімді тетіктері жөніндегі атқару өндірісін одан әрі жетілдіру бойынша сенатор С.Ақылбайдың депутаттық сауалы жария етілді.

 

 

Барлық жаңалықтар