• Басты
  • Жаңалықтар
  • ҚР ОСК: ТМД-ның байқаушылар миссиясы Көкшетауда өткен кезектен тыс сайлауды ұйымдастыру семинарына қатысты

ҚР ОСК: ТМД-ның байқаушылар миссиясы Көкшетауда өткен кезектен тыс сайлауды ұйымдастыру семинарына қатысты

9 Сәуір, 2015 15:07
Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына Тәуелсіз мемлекеттер достастығы ұйымынан келген миссияның байқаушылары сайлау науқанына мониторинг жүргізуді жалғастыруда, деп хабарлайды Орталық сайлау комиссиясы.

ТМД-лық ұзақмерзімді байқаушылар Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мәжілісіне қатысып, онда сайлауға дайындық мәселелері талқыланды. 

«ТМД-дан келген миссия байқаушыларының мүшесі Көкшетауда өткен ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауына дайындық мәселесіне арналған аймақтық семинарға қатысты. Семинар барысында сайлау науқанын қаржылық, материалдық-техникалық және ақпараттық қамтамасыз ету мәселелері қаралды»,-делінген Орталық сайлау комиссиясының хабарламасында.  

Байқаушылар сонымен қатар, Ақмола облыстық сайлау комиссиясының жұмысымен танысып, бірқатар учаскелік комиссияларды аралады.  

Байқаушылар онда сайлау комиссияларының жетекшілері мен мүшелерінің ашық екендігін, сайлау науқанына дайындық барысындағы барлық мәліметтерді көрсеткендіктерін атап өтті.

Айта кетейік, ТМД-лық байқаушылар миссиясын қалыптастыру жұмыстары жалғасуда. Сыртқы істер министрлігіне ТМД мемлекеттерінен келген 314 байқаушыны тіркеу жөнінде құжаттар жіберілді. Олардың арасында Әзірбайжан, Армения, Беларусь, Ресей Федерациясы, Тәжікстан, Қырғызстан, Түркменстан, Өзбекстан мемлекеттері мен ТМД-ға мүше елдердің Парламенттік Ассамблеясының және ТМД-ның атқарушы комитетінің өкілдері бар.

 

   

Барлық жаңалықтар