• Басты
  • Жаңалықтар
  • 2014-2015 жылғы оқу жылы елордалық оқушылар олимпиадалар мен ғылыми сайыстарда 150 медаль олжалады

2014-2015 жылғы оқу жылы елордалық оқушылар олимпиадалар мен ғылыми сайыстарда 150 медаль олжалады

9 Сәуір, 2015 19:04
Астанада қалалық Білім басқармасының басшысы Эльмира Сұханбердиеваның Астананың дарынды балаларымен кездесуі өтті, деп хабарлады қала әкімдігі.

Республикалық, халықаралық олимпиадалардың және ғылыми жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері өз жетістіктері туралы айтып, алдағы жоспарларымен бөлісті.

Сондай-ақ отандық білім беру саласын дамыту тұрғысында ойларын ортаға салды.

Шара өскелең ұрпаққа дұрыс тәрбие беріп, патриоттық сезімін арттыруға, дарынды балалардың білімге деген құштарлығын қолдауға бағытталған. 

10-11 сыныптардың 42 оқушысы қатысқан кездесу сұрақ-жауап түрінде өрбіді. Кездесуге қатысушылар интеллектуалды сайыстарға дайындалу, оқушылардың шығармашылық әлеуеттілігін арттыру секілді сауалдар төңірегінде ой бөлісті.

Оқушылар алдында сөз алған Эльмира Сұханбердиева білім беру саласындағы мемлекеттің басты міндеттерінің бірі елдің интеллектуалдық әлеуетін қалыптастыру және арттыру екендігін айтты. Осыған байланысты дарынды балаларды анықтау және олармен жұмыс жүргізу басым бағыттардың бірі болып табылады.

«Астана қаласында дарынды балаларды анықтау, қолдау және дамыту бағытында мақсатты, жүйелі жұмыс жүргізілуде. Біздің жұмысымыздың ерекшелігі соңғы нәтижеге бағытталғандығы. Астана мектептерінің оқушылары барлық деңгейдегі олимпиадаларда, ғылыми және интеллектуалды сайыстарда жеткен жетістіктер соның дәлелі», - деді қалалық Білім беру басқармасының басшысы.

2014-2015 жылғы оқу жылы елордалық оқушылар халықаралық олимпиадалар мен ғылыми сайыстарда жалпы білім беретін пәндер бойынша 150 медаль олжалады. Олардың 26 - алтын, 34 - күміс және  90 - қола. Өткен жылдың қазан айында 57 оқушыдан құралған елордалық команда Алматыда өткен республикалық ғылыми жобалар конкурсына қатысты. Нәтижесінде 2 алын, 4 күміс, 15 қола медаль, сондай-ақ 4 мақтау қағазын иеленді.

Гуманитарлық және техникалық пәндер бойынша Атырау мен Оралда өткен республикалық олимпиадаларға, жалпы саны 78 елордалық оқушы қатысып, жоғары нәтиже көрсетті. 11 оқушы бірінші орын иеленсе, 15 – екінші, 18 – үшінші, 10 оқушы мақтау қағаздарына ие болды.

Аталған жетістіктердің барлығы елорда оқушыларына қатарынан сегізінші рет «Үздік команда-2015» атағын алуға мүмкіндік берді.

 

Барлық жаңалықтар