• Басты
  • Жаңалықтар
  • Ақмола облысының әкімі Шортанды-Бурабай демалыс аймағының даму барысымен танысты (ФОТО)

Ақмола облысының әкімі Шортанды-Бурабай демалыс аймағының даму барысымен танысты (ФОТО)

10 Сәуір, 2015 08:34
Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин Бурабай ауданына жұмыс сапары барысында 2014-2016 жылдарды қамтитын Шортанды-Бурабай курорт аймағын дамыту жоспарының екінші кезеңінің орындалу барысымен танысты, деп хабарлайды облыс әкімдігі.

Жоспарға коммуналдық шаруашылық және көлік пен көлік инфрақұрылымы саласы бойынша бірқатар іс-шараларға 47 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Жасыл орман (Зеленый бор) пен Бурабай аймағындағы тұрмыстық ағын сулардың мәселесін құрылысы 2013 жылы басталған кәріздік тазалау құрылғылары шешетін болады. Бұл нысанның қуаты тәулігіне 10 мың текше метр суды, ал құны 2,6 миллиард теңгені құрайды.  

Бұл жерде облыс басшысы тазалау құрылғыларына түсетін салмақтың мөлшерін дұрыс болжау үшін он бес күннің ішінде су мен кәріз жүйесіне қосылғысы келетін екі ауылдың да жеке секторының тұрғындарымен тілдесіп, жағдайды білуді тапсырды. Жоспарға сәйкес, Жасыл орман аймағындағы ескі қазандық жөнделіп, Ал Бурабай ауылында жылыту маусымы басталғанда қуаты 20Гкал/сағат болатын мазутпен жағылатын жаңа қазандық іске қосылмақ.

Сонымен қатар, жылу көзіне аймақтағы ең ірі «Оқжетпес» шипажайын қосу жоспарлануда. Аймақ басшысы сонымен қатар туристік және спорттық инфрақұрылым жобаларының жүзеге асырылуымен танысты. Нақтырақ айтқанда, ол шаңғы спортының республикалық базасы мен Шортандыдағы «Бурабай» гольф-клубында болды.

Әкімдік өкілдерінің мәлімдеулерінше, шаңғы базасы бірнеше қысқы спорт түрлерінен жарыс өткізуге лайықталған әрі әлемдік талаптарға сай болады.     

Сондай-ақ облыс басшысы аймақтағы өзге де бірқатар құрылыс нысандарында болып, Бурабай ауданының әкіміне қаржыны уақытында игеріп, құрылыс жұмыстарының сапасына жіті назар аударуды тапсырды.

 

 

Барлық жаңалықтар