Қазақстанда қала құрылысы тұжырымдамасын өзгерту ұсынылды

9 Сәуір, 2015 11:41
Қазақстанда қала құрылысы тұжырымдамасын өзгерту ұсынылды. Бұл туралы Мемлекеттік елтаңбаның авторы, «Этноархитектура» ғылыми-зерттеу институтының директоры Жандарбек Мәлібекұлы Қазақстан халқы Ассамблеясының (ҚХА) 20 жылдығына арналған «Қазақстан халқы Ассамблеясы мен оның Қазақстан қоғамын біріктірудегі рөлі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция барысында мәлім етті.

Елтаңба авторының мәлімдеуінше, бұл ұсынысқа қазақстандық қоғамның өмір сүру салтын жаңғырту мен дамыту бағытында Қазақстан халқы Ассамблеясы мен «ЮНЕСКО» кафедраларының және «Этноархитектура» ғылыми-зерттеу институтының өкілдері бастамашы болып отыр.    

«Біз соңғы 60 жылда 50-ші жылдары негізі қаланған тұрғын үйлерде өмір сүрудеміз. Қалыптасқан жағдай бүгінгі күн талаптарына жауап бермейді, сол себепті біз оған өзгеріс енгізуіміз керек, ескі көзқараста өмір сүріп, ескі көзқараста жұмыс істеп, ойлай беруге болмайды. Қазақстан халқы қазір 6-6,5 шаршы метр болатын ас үй, 8 шаршы метр болатын жатын бөлме, 12 шаршы метр болатын қонақ күтетін бөлмелерде өмір сүруде. Ал бұл бөлшектенген үйлер қоғамды да өзгертіп жіберді. Кеңес Одағы тұсында барлығын тұрғын үймен қамтамасыз ету керек болатын, ал біз қазір тәуелсіз елміз, біздің мемлекетіміз де менталитетіміз де бұрынғыдан өзгеше. Сол себепті біз қала құрылысының тұжырымдамасын өзгертуді ұсынамыз»,-деді ғалыми-зерттеу институтының директоры.

Елтаңба авторы бұл ұсыныстың қалың көпшілік тарапынан қолдау тауып, жақын арада жүзеге асатындығына сенімді.  

«Біздің барлығымыз бір шаңырақтың астында өмір сүріп жатырмыз, бізге таң атқаннан кеш батқанша достықта өмір сүруіміз керек деп қайталай бергеннен көрі осы достыққа қажетті орта қалыптастыру қажет, мен ұсынып отырған мәселе көпшілік тарапынан қолдау табады деген ойдамын»,-деді Ж.Мәлібекұлы.

Өз кезегінде Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінің ҚХА кафедрасының меңгерушісі Анатолий Башмаков қала құрылысы тұжырымдамасын өзгерту жөніндегі ұсыныс қолдау тауып, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірініші орынбасары Б.Байбектің атына арнайы хат дайындалып жатқандығын атап өтті.      

«Бізде қаржылай мүмкіндіктер жоқ, алайда бізде жан-жақты нақты дәйектелген хат бар, сондай-ақ жоба да дайын, бұл кешенді біз «Тамыр» деп атадық. Меніңше, осы сөзде терең филосифиялық мәнді ой-түсінік жатыр. Біз хатты партияның орталық аппаратына қолдау үшін жіберіп отырмыз, мүмкін біз ЭКСПО-2017 көрмесінде өзіміздің жобаларымыздан этномәдени саясатқа негізделген бір үйді көрсететін де шығармыз. Онда түрлі ұлттар мен мәдениеттердің және этностардың өкілдері тұратын болады және олар біздің қазақстандық төзімділік үлгісін дамыта беретін болады»,-деді А.Башмаков.

ҚХА төрағасы орынбасарының айтуынша, бұл әзірге бұрын-соңды болып көрмеген теңдесі жоқ жоба болып отыр.   

Индира Кауметова

Барлық жаңалықтар