• Басты
  • Жаңалықтар
  • ҚР Президенттігіне кандидат Әбілғазы Құсайынов ОҚО жұртшылығымен кездесті

ҚР Президенттігіне кандидат Әбілғазы Құсайынов ОҚО жұртшылығымен кездесті

8 Сәуір, 2015 18:33
Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Әбілғазы Құсайынов Оңтүстік Қазақстан облысының жұртшылығымен кездесті, деп хабарлады штабтың баспасөз қызметі.

Кездесу барысында Әбілғазы Құсайынов жиын қатысушыларын экология саласына негізделген өз сайлауалды бағдарламасының басты бағыттарымен таныстырды.

Ә.Құсайынов жиынға қатысушыларға жаһандық экологиялық қызметтің негізгі векторлары туралы баяндап, табиғатты қорғау мәселесінде ғылымның маңызына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, бұл – экологиялық қауіпсіздік, климат пен су ресурстарын, «жасыл» технологияны зерттеу жұмыстарын қоса алғанда, бірталай міндеттер кешенін қамтитын маңызды мақсат.

Кандидаттың айтуынша, әлемде күні бүгінге дейін экологиялық проблемаларға тиісті назар бөлінбей келеді. Халықаралық қауымдастықтар мен мамандандырылған ұйымдардың атқарып жатқан экологиялық жұмыстары конференция, талқылаулар, шешімі жоқ даулармен ғана шектеліп отыр.

Ал әлемде табиғат қойнауын тиімсіз пайдалану, табиғат аясының ластануы, гендік қор мен биологиялық әртүліліктің азаюы топырақтың құнарсызданып, судың ластануына, жалпы, қоршаған ортаның құлдырауына алып келуде.

Сондай-ақ, кандидат әлемдік өнеркәсіптің қарқынымен артып отырған техногендік апаттардың алдын алу мәселесіне жеке тоқталып өтті.

Адам іс-әрекетінің табиғатқа келтірген ең үлкен залалы – жаһандық жылыну. Бұл парниктік әсер тудырып отыр.

«Әлемнің ғалымдары дабыл қағуда. 21 ғасырда, ең аз дегенде, температураның орташа жылыну деңгейі 3 градусқа жетуі мүмкін. Мұның өзі – табиғатқа аса үлкен қауіп төндіретін өзгеріс.

Бірақ, егер қауіпті газдардың атмосфераға таралуы тоқтатылмаса, бүгінгі өзгеріс бұдан да қорқынышты құбылысқа ұласуы мүмкін. Аталмыш болжамға сенсек, жаһандық жылыну деңгейі 6,5 градусқа жетеді! Бұл алыс болашақта емес, ертеңгі күндері-ақ орын алуы мүмкін үлкен қауіп. Дәл осы мәселеге қоғам назарын аудартқым келеді», - деді Ә.Құсайынов.

Тұғырнамасымен таныстырған кандидат қазіргі заманда адамдар жаңартылмайтын табиғи ресурстарды шексіз тұтына отырып, қалпына келтіруге болатын қорлардың қайта толысуына кедергі жасауда деген пікірін жеткізді.

Адамзат табиғат дамуын жағымсыз бағытқа бұрып барады. Бұл биологиялық және әлеуметтік феномен ретінде оның физикалық және рухани дамуына нұсқан келтіруі ықтимал. Қоршаған ортаның ластануы күн сайын өзекті әрі күрделі мәселеге айналып барады.

Бүгіннің өзінде Жер шарын мекендеген 7 млрд адамға қажетті құнарлы жердің тапшылығы 6 гектардан асады. Бұл көрсеткіш жаһандық жылынуға байланысты бұдан бетер нашарлай бермек.

«Біз әлем бойынша экология әр адамның дамуы үшін қажетті толыққанды ғылым ретінде қарастырылуын қалаймыз. Ол – тек табиғат туралы емес, ең алдымен, біздің өміріміз жайлы ғылым», - деді кандидат.

Осы кездесуге қатысқан кандидаттың аймақтық штабының жетекшісі Болат Рысқұлбеков экологиялық мәселенің өзектілігіне тоқталды.

«Кандидатымыздың сайлауалды бағдарламасы экология мәселесіне негізделген. Бұл әлемдегі ең өзекті тақырыптардың бірі. Әлемдегі биобалансты, табиғат тазалығы мен өнеркәсіп қауіпсіздігін сақтау мәселесі бұған дейін де өзекті болған. Бірақ, соңғы уақытта оның ауқымы жаһандық деңгейге жетті», - деді Б.Рысқұлбеков.

Біз қоғам назарын халықаралық экологиялық мәселелерге аудартып, ол тек сөз жүзінде ғана емес, барлық мемлекеттердің келісілген ұстанымымен нақты қолдау көрсетуді қажет ететін шешімін күттірмейтін түйткіл екенін көрсеткіміз келеді», - деді Р.Жоламан.

Кездесуді қорытындылай келе, Әбілғазы Құсайынов экологиялық күн тәртібінің маңызына тоқталып, жиынға қатысушыларды жаһандық экологиялық мәселелерге шынайы көңіл бөлуге шақырды.

«Әр өткізген кездесуімде қайталайтыным, табиғат – адамның ең басты байлығы. Оны аялап, өз қолымызбен оған зиянын тигізуі мүмкін өзгерістерден, ластанудан, жағымсыз технологиялық ықпалдардан қорғауымыз керек», - деді Ә.Құсайынов.

Айта кетейік, Президенттікке үміткер Әбілғазы Құсайыновтың аймақтық штабы сайлаушылармен белсенді жұмыс жүргізуде.

Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидаттың Оңтүстік Қазақстан және Ақтөбе облыстарындағы сенімді тұлғалары оның сайлауалды тұғырнамасы туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, үгіт материалдарын таратумен айналысады.

Оңтүстік Қазақстан облысында 19 сенімді тұлға бар. Оның бәрі алдағы сайлау жұмыстарына қызу дайындалып жатыр. Үгіт-насихат материалдарын таратып, плакаттар мен үнпарақтарды іліп, ауылды жерлерде билбордтар орнатуда. Тағы бір мәселе – кандидаттың сайлауалды тұғырнамасын насихаттау. Белсенділер үгіт-насихат науқанының заңға сәйкестігін қатаң бақылауда ұстайды.

ҚР Президенттігіне үміткер Әбілғазы Құсайыновтың сенімді тұлғасы Айгүл Бекбосынның айтуынша, штабта үгіт-насихат жұмыстары қызу жүріп жатыр.

Шымкент қаласында 2 билборд орнатылды. Жергілікті атқару органдары белгілеп берген аудандар мен қалаларда үгіт-насихат материалдары, плакаттар ілініп жатыр.

Кандидаттың Ақтөбе облысындағы сайлауалды штабында 16 сенімді тұлға жұмыс істейді. Оның үшеуі Ақтөбе қаласында, қалғандары аудандар бойынша белсенді үгіт жұмыстарын жүргізуде.

Қалада арнайы бөлінген жерлерге кандидаттың сайлауалды тұғырнамасы жазылған 2,5 мың бағдарлама ілінді. Тұрғындар арасында 150 үнпарақ таратылды. Сондай-ақ облыстың бірқатар аудандарына үгіт материалдарын жеткізу жұмыстары жүргізілуде.

ҚР Президенттігіне үміткер Ә.Құсайыновтың аймақтық штабының өкілі Н.Дуля атап өткендей, қызметкерлер барлық тиісті жұмыстарды орындап жатыр. Яғни, Ақтөбеде қажетті ақпараттың бәрі қолжетімді.

Жалпы алғанда, ҚР Президенттігіне үміткер Ә.Құсайыновтың сайлауалды штабтарында жұмыс жоспарға сай жүріп жатыр. 

Барлық жаңалықтар