• Басты
  • Жаңалықтар
  • ГФР-дің Қазақстандағы Елшісі Мемлекеттік басқару академиясында дәріс оқыды (Фото)

ГФР-дің Қазақстандағы Елшісі Мемлекеттік басқару академиясында дәріс оқыды (Фото)

8 Сәуір, 2015 19:38
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында ректор Болатбек Абдрасилов пен Германия Федеративтік Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Гидо Херцтің кездесуі болып өтті, деп хабарлады Мемлекеттік басқару академиясының баспасөз қызметі.

Академия ректоры Болатбек Абдрасилов кездесу барысында Академия қызметінің  негізгі бағыттары мен келешегі туралы әңгімелеп, мемлекеттік қызметшілерді даярлау және ғылыми-зерттеу саласындағы екі жақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселесін айрықша атап өтті.

Сонымен қатар ол Германияның DBB Академиясымен, Германиядағы Джордж Маршалл атындағы Қауіпсіздік мәселелерін зерделеу жөніндегі Еуропалық орталықпен, Потсдам университетімен, Шпайер Университетімен және т.б. мекемелермен Академия тығыз әрі тиімді ынтымақтастық орнатқандығын баса айтты.

Әңгімелесу кезінде ректор персоналды басқару, әкімшілік-аумақтық бірліктерді басқарудың тиімді технологиялары (А корпусы үшін), сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, қоғам мен бұқаралық ақпарат құралдарының өзара іс-қимылы тақырыптарында Қазақстанның мемлекеттік басқару саласындағы топ менеджерлері үшін Германия елінің жетекші мамандары сарапшылары өткізген семинарлардың құндылығына тоқталып өтті.  

Гидо Херц мырза, өз кезегінде, мемлекеттік қызмет кадрларын даярлау және мемлекеттік қызмет, құқық қорғау және дипломатияның өзекті мәселелері бойынша қазіргі заманғы ғылыми зерттеулер жүргізу саласындағы Академияның соңғы жылдары қол жеткізген жетістіктерін жоғары бағалады. Ол Академияның беделі Қазақстанда ғана емес, сондай-ақ Еуропа елдері мен Германияда да артып отырғандығын атап айтты.

Елші Гидо Херц сапар аясында Академияның Басқару институты мен Дипломатия институтының магистранттарына «Қазақстанның Германиямен өзара қарым-қатынасы» тақырыбында дәріс оқып, қатысушыларға Қазақстан мен Германияның мемлекеттік қызмет және мемлекеттік басқару саласындағы ынтымақтастығы туралы жан-жақты әңгімелеп берді.

Тараптар Академия мен  Германия институттары арасында ғылыми зерттеу нәтижелерімен, оқытудың озық бағдарламаларымен алмасу және оқытушылардың бірлескен жарияланымдарын жариялау, халықаралық конференциялар мен семинарлар өткізу саласындағы ынтымақтастықты қарқындату туралы уағдаластыққа қол жеткізді.  

Барлық жаңалықтар