• Басты
  • Жаңалықтар
  • Мәжіліс Қазақстан мен Француз арасындағы қашықтықтан зондтаудың ғарыш жүйесін құрастыру туралы заң жобасын мақұлдады

Мәжіліс Қазақстан мен Француз арасындағы қашықтықтан зондтаудың ғарыш жүйесін құрастыру туралы заң жобасын мақұлдады

8 Сәуір, 2015 12:54
Бүгін Мәжілісте Палата Спикері Қабиболла Жақыповтың төрағалығымен жалпы отырыс өтті.Халық қалаулылары 2009 жылғы 6 қазандағы Қазақстан мен Француз үкіметтері арасындағы Жерді қашықтықтан зондтаудың ғарыш жүйесін және ғарыш аппараттарының құрастыру-сынау кешенін құру мен пайдалану шарттары туралы келісімге түзетулерді қарастыратын хаттаманы ратификациялауға қатысты заң жобасын мақұлдады, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.

Хаттаманың мақсаты-Келісім шеңберінде жасалған шарттар бойынша тауарлар беруді, сондай-ақ жұмыстар орындау мен қызметтер көрсетуді осы Келісім күшіне енген күннен бастап 2020 жылғы 31 желтоқсанға дейін оған өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы қосылған құн салығынан босату.

Бүгінгі күні Келісім базасында екі ірі ғарыш жобасы: Қазақстан Республикасының жерді қашықтықтан зондтаудың ғарыш жүйесін құру және Астана қаласында ғарыш аппараттарының құрастыру-сынау кешенін құру жобалары іске асырылып жатыр.

«Сондай-ақ, осы күні депутаттар тағы екі ратификациялық құжатқа байланысты қорытынды әзірлеу мерзімін тағайындады. Олар: 2004 жылғы 22 желтоқсандағы Қазақстан мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» ғарыш айлағында «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін құру туралы келісімге түзетулерді көздейтін хаттаманы, екіншісі, «Каспий теңізінде төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау», - делінген хабарламада.

Сондай-ақ, халық қалаулылары Мәжіліс депутаттары С.Қанаев, Н.Логутов, В.Рогалев, Ю.Тимощенко және А.Тойбаев әзірлеген құрылыстағы баға белгілеу, сәулет-құрылыс бақылауын, сондай-ақ объектілерді пайдалануға қабылдауды жүзеге асыру мәселелері бойынша заң жобасын жұмысқа қабылдады.

Жалпы отырыста мәжілісмендер, сақтандыру және исламдық қаржыландыру мәселелері бойынша заң жобасына Парламент Сенаты енгізген өзгерістерді мақұлдады.  Сенат өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасын іске асыру шеңберінде жеке тұлғаларға жалға берілген тұрғын үйге қатысты  мүлікке салынатын салық мөлшерлемесін азайту бөлігінде, сақтандыру сыйлықақысының мөлшерін айқындау бөлігінде, сондай-ақ, редакциялық-нақтылаушы сипаттағы түзетулер енгізді. Ол түзетулер  заң жобасының тұжырымдамалық  ережелерін өзгертпейді.    

 

Барлық жаңалықтар