ҮАААЖ концессиялық жобасына 124 миллиард теңге салынды

7 Сәуір, 2015 17:13
«Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы» (ҮАААЖ) концессиялық жобасына 124 миллиард теңгеге жуық қаржы салынды, деді ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев ҚР Инвестициялар және даму министрлігіне түскен конкурстық өтініш конверттерін ашу барысында.

«Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы» «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәлізінің шешуші бөлігі. Алматыны айналдыра жоғары технологиялы жолдар салу мәселесі жоспарлануда. Бұл көлік ағынын тежеп, негізгі жолдарда кептелістердің пайда болуына жол бермейді. Жоба 20 жылға есептелген және арнайы келісім концессиясы негізінде ұзындығы 66 километрді құрайтын автожолды салу мен оны пайдалану мәселесін қарастырады. Оның ішінде құрылысқа 4,5 жыл кетсе, пайдалану көлемі 15,5 жылды құрап отыр. Жобаның жалпы құны 124 миллиард теңге»,-деді Б.Сағынтаев.

Оның сөзінше, бұл цементті бетонмен қапталған, 150 километр жылдамдыққа бейімделген алтыжолақты ақылы жол болады.

«Жобаның құрамында 8 жол айырығы, 20-дан астам көпір мен жол өтпелері (путепровод) бар. Жол пайдалануға берілісімен одан тәулігіне шамамен 80 мың көліктің жүріп өтуіне, ал 2030 жылы тәулігіне 100 мың көлікке дейін өтуге болатын болады»,-деді Премьер-Министрдің бірінші орынбасары.    

Естеріңізге сала кетейік, Инвестиция және даму министрлігі биылғы жылдың қаңтар айында «Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы» жобасының концессионерін  таңдау бойынша  ашық конкурс жарияланған. Бұл автожол саласындағы мемлекет пен жеке әріптестіктің ілкі жобасы болып есептеледі.    

 

Барлық жаңалықтар