Сенат комитетінде бірқатар халықаралық құжаттар қаралды (ФОТО)

7 Сәуір, 2015 16:09
Парламент Сенатының Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысында «Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасында төтенше жағдайлардың алдын алу мен оны жою саласындағы бірлескен қимылдар туралы келісімді ратификациялау туралы» заңының жобасы қаралды.

Парламент Сенаты өкілдерінің хабарлауынша, келісімге 2014 жылдың 28-ші мамырында төтенше жағдайлар орын алған жағдайда екі елдің құзырлы органы өкілдеріне көмек беруді қамтамасыз ету мақсатындағы бірлескен қимылдарының құқықтық негіздерін қалау мақсатында қол қойылды.   

Құжат 15 баптан тұрады және онда заңды жүзеге асыру барысында қолданылатын терминдердің анықтамалары, ынтымақтастықтың ұстанымдары, келісімге қол қоюшы мемлекеттердің уәкілетті органдары енгізілген. Сондай-ақ құжатта заңның күшіне енуі, оған түзетулер мен өзгерістер енгізу, оның күшін жою сияқты мәселелер бойынша да нормалар көрініс тапқан.

Кеңейтілген отырыста сонымен қатар, «Қазақстан Республикасының Үкімет імен Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу мен жою туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды. Құжаттың мақсаты – Қазақстан мен Тәжікстанның азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлардың алдын алу саласы бойынша ынтымақтастығының құқықтық негіздерін қалау болып табылады.    

  

  

 

Барлық жаңалықтар