IRENA Бас директоры А. Амин VIII Астана экономикалық форумына қатысады

7 Сәуір, 2015 09:24
Жаңармалы энергия көздері жөніндегі Халықаралық агенттігінің Бас директоры А. Амин VIII Астана экономикалық форумына қатысады, деп хабарлады ҚР СІМ.

Жаңармалы энергия көздері жөніндегі Халықаралық агенттігінің (IRENA) Бас директоры Аднан Амин Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Елшісі, IRENA-дағы Тұрақты өкілі Қайрат Лама Шарифпен кездесу барысында «Қазақстанның «жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасын іске асыруы, «G-Global» коммуникативті жобасы, АТОМ жобасы және «Болашақ энергиясы» тақырыбы аясында «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық мамандырылыған көрмесін өткізу идеясы арқасында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев XXI ғасырдағы жарқын тұлғалардың бірі болып саналады» деп мәлімдеді.

Аднан Амин ү. ж. 21-22 мамырда өтетін VIII Астана экономикалық форумына шақыруды ризашылықпен қабыл алды. Ол форумның «Қазақстан Республикасындағы тұрақты даму және «жасыл экономика»: қазіргі ахуалы мен болашақ мүмкіндіктер» және «ЭКСПО-2017» - тұрақты дамуға арналған энергия» пленарлық сессияларында IRENA мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық мүмкіндіктері туралы көзқарасын бөлісуге ниетін білдірді.

«IRENA – 2009 жылы 26 қаңтарда ГФР Федералдық үкіметінің бастамасы бойынша және Испания мен Данияның белсенді қолдауы нәтижесінде құрылған халықаралық ұйым. Жаңа ұйымның құрылуына МАГАТЭ Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттігінің үлгісі алынды. 2010 жылы 25 қазанда IRENA мен қабылдаушы тарап (БАӘ) арасында Халықаралық агенттіктің штаб-пәтерін Әбу Дабиде орналастыру туралы келісімге қол қойылды», - делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта 135 мемлекет (134 мемлекет және Еуропалық Одақ) IRENA-ға мүше болып табылады, 36 ел ұйымға кіру үрдісінде. Ұйымда 27 мемлекеттің тұрақты өкілдері тіркелген.

2013 жылы 22 наурызда халықаралық ұйымның Жарғысын ратификациялау арқылы Қазақстан IRENA-ның толық құқықты мүшесі болып саналады. 2015 жылы Қазақстанның тұрақты өкілі IRENA жоғарғы органы – Ассамблеяның төрт вице-президентінің бірі болып табылады.

 

Барлық жаңалықтар