• Басты
  • Жаңалықтар
  • Кандидат Ә.Құсайынов Қызылорда қаласының жұртшылығы мен Астанадағы РҚК өкілдерімен кездесті

Кандидат Ә.Құсайынов Қызылорда қаласының жұртшылығы мен Астанадағы РҚК өкілдерімен кездесті

6 Сәуір, 2015 16:03
Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Әбілғазы Құсайынов Қызылорда қаласының жұртшылығымен кездесу өткізді, деп хабарлады сайлауалды штабтың баспасөз қызметі.

Кездесу барысында Әбілғазы Құсайынов жиын қатысушыларын экология саласына негізделген өз сайлауалды бағдарламасының басты бағыттарымен таныстырды.

Ә.Құсайынов жиынға қатысушыларға жаһандық экологиялық қызметтің негізгі векторлары туралы баяндап, табиғатты қорғау мәселесінде ғылымның маңызына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, бұл - экологиялық қауіпсіздік, климат пен су ресурстарын, «жасыл» технологияны зерттеу жұмыстарын қоса алғанда, бірталай міндеттер кешенін қамтитын маңызды мақсат.

Кандидаттың айтуынша, әлемде күні бүгінге дейін экологиялық проблемаларға тиісті назар бөлінбей келеді.

 «Біз әлем бойынша экология әр адамның дамуы үшін қажетті толыққанды ғылым ретінде қарастырылуын қалаймыз. Ол - тек табиғат туралы емес, ең алдымен, біздің өміріміз жайлы ғылым», - деді кандидат.

Осы кездесуге қатысқан кандидаттың аймақтық штабының жетекшісі Жандос Тұсмағанбетов экологиялық мәселенің өзектілігіне тоқталды.

«Кандидатымыздың сайлауалды бағдарламасы экология мәселесіне негізделген. Бұл - әлемдегі ең өзекті тақырыптардың бірі. Әлемдегі биобалансты, табиғат тазалығы мен өнеркәсіп қауіпсіздігін сақтау мәселесі бұған дейін де өзекті болған. Бірақ, соңғы уақытта оның ауқымы жаһандық деңгейге жетті.

Біз қоғам назарын халықаралық экологиялық мәселелерге аудартып, ол тек сөз жүзінде ғана емес, барлық мемлекеттердің келісілген ұстанымымен нақты қолдау көрсетуді қажет ететін шешімін күттірмейтін түйткіл екенін көрсеткіміз келеді», - деді Ж.Тұсмағанбетов.

Кездесуді қорытындылай келе, Әбілғазы Құсайынов экологиялық күн тәртібінің маңызына тоқталып, жиынға қатысушыларды жаһандық экологиялық мәселелерге шынайы көңіл бөлуге шақырды.

«Әр өткізген кездесуімде қайталайтыным, табиғат - адамның ең басты байлығы. Оны аялап, өз қолымызбен оған зиянын тигізуі мүмкін өзгерістерден, ластанудан, жағымсыз технологиялық ықпалдардан қорғауымыз керек», - деді Ә.Құсайынов.

Сондай-ақ, кандидат Әбілғазы Құсайынов Астана қаласындағы өзінің кеңсесінде кезектен тыс сайлауды бақылау жөніндегі Республикалық қоғамдық комиссияның өкілдерімен кездесті.

Ә. Құсайынов комиссия мүшелеріне штаб жұмысын хабардар етті, насихат материалдарымен таныстырып, аймақтардағы шаралар мен алдағы жұмыс жоспарлары туралы айтып берді.

«Алғашқы күндерден бастап барлық аймақтық штабтарда жұмыс дұрыс ұйымдастырылған. Аймақтағы штабтар жәйлі бөлмелерде орналастырылған, барлық қажетті техникалық және байланыс құралдары орнатылған. Жалпы алғанда, штабтардың жұмыс жасауына толық мүмкіндіктер жасалған».

Сондай-ақ сенімді тұлғалармен жұмыс ұйымдастырылған. Аймақтарға насихат өнімдері жіберіліп, уақытылы орналастырылған. Сенімді тұлғалар аудандар мен қалаларда жұмыс жасауда.

Республикалық штаб аймақтық штабтармен біріге отырып аймақтық сапарлар кестесін жасады.

Бүгінге дейін біз жоспарланған шаралардың төрттен бірін орындадық. Аймақтарда болған кезімде сайлауалды штабтар жұмысының жоспарлы түрде жүріп жатқандығына көз жеткіздім.

Өз кезегінде Орталық және аумақтық комиссиялар біздің штабтың қызметкерлеріне уақытылы және сапалы көмек көрсетуде.

Менің ойымша, Қазақстанда сайлау насихатын өткізуге барлық мүмкіндік жасалған. Сайлау науқанын жүргізу барысында аумақтық сайлау комиссиялары тарапынан берілген кеңестері мен бейімді заң талаптары, БАҚ-ның мәселелерді толықтай қамтуы, Орталық сайлау комиссиясы тарапынан дайындалған әдістемелік нұсқаулықтар – мұның барлығы сайлау науқанын қалыпты және келеңсіз өткізуге толық мүмкіндік береді.

Республикалық қоғамдық комиссиясының төрағасы Нұрлан Ерімбетовтың сөзінше Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Әбілғазы Құсайыновтың сайлауалды штабының қызметі қалыпты жұмыс тәртібінде өтуде.

«Штабтармен келісіле отырып жасалған кандидаттардың сайлауалды штабтарын аралау кестесіне сай, біз бақылаушылар ретінде алғашқы кездесуімізді ҚР Президенттігіне кандидат Әбілғазы Қалиақпарұлы Құсайыновтың сайлауалды штабынан бастадық.Бұл жерде бізді жеткілікті мөлшерде дайындалған насихат материалдарымен таныстырды. Республикалық және аймақтық сайлауалды штабтың жұмыс жоспары, аймақтық шараларды өткізу кестесі ұсынылды.Біздер фотоесептер, аймақтық штабтардың есептері, аймақтық сапарлар нәтижелерінің фотоматериалдарымен таныстық. Ешқандай ереже бұзушылықтары тіркелмеді.ҚР Президенттігіне кандидат Әбілғазы Құсайынов өзінің сайлау науқанын заң талаптарына сәйкес жүргізуде.Штабтың жұмысымен толықтай қанағаттандық», - деді Н.Ерімбетов.

Барлық жаңалықтар